Әкім кім? Әртіс кім? Баламасы бар, бәсекесі жоқ сайлау

Oinet.kz 11-10-2023 919

Аудан әкімі сайлауына кандидаттарды тіркеу кеше кешкісін аяқталды.  Алдын ала жасалған кесте бойынша үміткерлерді тіркеу аяқталған бойда бірден сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Яғни дода өзінің нағыз қызған шағына келді деген сөз. Бірақ шын мәнінде солай бола ма? Әлде бәрі алдын ала түзілген сценарий бойынша өте шыға ма?

Сайлауға құжат тапсырып жатқан балама кандидаттар бар. Ал үміткерлер арасында шынайы бәсеке бар ма? Бұл сайлауда бақ шаба ма, әлде бап шаба ма? Елдің аузындағы әрқилы болжамдар қаншалықты қисынға келеді?

Орталық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне қарағанда, аудан, қала әкімдерін сайлауға республика бойынша 249 кандидат ұсынылған. Оның 36,24%-ын саяси партиялар, 63,86%-ы өзін-өзі ұсынған. Яғни, кандидаттардың жартысынан көбі өз-өзін ұсынушылар деген сөз.

Бір орынға ең жоғары бәсекелестік – Жамбыл облысының Жуалы ауданында, Жетісу облысының Кербұлақ ауданында және  Түркістан облысының Бәйдібек ауданында. Бұл аудандарда 9 үміткерден ұсынылған. Бірақ ұсынылғандар көп болғанымен барлығы бірдей додаға қатыспайтыны, үгіт-насихат науқанына дейін талайының «басы жұлынып», әрқайсысы әрқилы себеппен тізімнен сызылатыны түсінікті. Әуелі әңгімеге арқау еткен Бәйдібек ауданы әкімдігінен үміткерлер жайлы жіліктеп айтсақ кандидаттардың арасында аудан әкімдігіне қарасты бір бөлім басшысы, екі ауылдық округтің әкімі бар. Бәрі өзін-өзі ұсынғандар. Додаға «Аманат» партиясы Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде жұмыс істейтін профессор Алмаз Купешевті ұсынды.

«Ауыл» партиясы  ел арасында іскерлігі мақталатын кәсіпкер, осы ауданның түлегі Ерлан Нұрмахановты додаға қосты. Бұл аудандағы додада дәл осы кандидаттың жеңіске жету мүмкіндігінің жоғары екендігін біз бұған дейін де жазғанбыз. Ерлан Нұрмаханов «ERNUR»  корпорациясының президенті. Баспа саласында Қазақстан деңгейінде мықтылығын мойындатқан Ерлан Заипұлы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында ірі жобаларды жүзеге асырып жүрген іскер азамат.

Көршілес Созақ ауданындағы басты кандидат – қазіргі аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков. Тұрысбековті додаға «Аманат» партиясы ұсынған.  Созақтағы аудан әкімдігіне ұсынылған 8 кандидаттың ішінде бір ауыл әкімі, әкімдікте істейтін үш бөлім басшысы бар. Ұсынылған екі кәсіпкердің бірі «Ақ жол» партиясының мүшесі,  кезінде Шымкент қалалық  мәслихатының депутаты болған Жомарт Омаров та осы ауданның түлегі. Созақ ауданының тағы бір тумасы, үміткерлердің ішіндегі жалғыз жұмыссыз  Қайрат Әзімов Ресейдегі Сыртқы істер министрлігінің димпломатиялық академиясын  бітірген. Сыртқы істер министрлігінде біраз қызметтер атқарған. Ресейдегі, араб елдеріндегі елшіліктерде еңбек еткен. Астана қаласы әкімдігінде басқарма басшысының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған. Ол 2021 жылы Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшысы болып тағайындалған.

Әзімовтің көптеген елдерде елші қызметін атқарған Бағдат Әміреевпен туыстық байланысы бар көрінеді. Дегенмен қызметтік өмірбаяны өте жақсы болғанмен бұрынғы жылдарды қоспағанда оңтүстікке басқарма басшысы болғалы бері ел қызығатын жақсы ісі, іскерлігі туралы ештеңе естімеген екенбіз. Бәлкім әкім болсам деген бір кездердегі арман-қиялдан арыла алмай жүрген шығар.

Бұған дейін сайлаудағы қызықтың көкесі Мақтаарал ауданында болады деп едік. Алайда сайлаудың көрігін қыздырады деген аудандық соттың төрағасы Құнанбай  Мұсаевтың  кандидатурасы ұсынылғанымен, заңға сәйкес келмеген көрінеді. Рас болса... Президент  Жарлығымен тағайындалатын судья алдымен сайлауда бақ сынайтын  заңдылықты  дұрыстап анықтап алмай елді елеңдетпеуі керек пе еді. Бұдан басқа  ұсынылған кандидаттар  арасында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл, кәсіпкер Дәулен Айтбай және тағы басқалар бар.

Аудан әкімі Бақыт Асановты додаға «Аманат» партиясы ұсынды. Мақтааралдағы сайлауға ат қосқан тағы бір аманаттық – аудандық мәслихаттың депутаты, «Мақтарал сервис» кәсіпорнының басшысы Берік Шампиевке айрықша тоқталайық.  Тәртіп бойынша додаға әр партия  бір ғана кандидатты ұсына алады. Ол кандидатты партия бекітеді. Бұл шешіммен келіспей, сайлауға түскен аманаттықтың мәселесін партия басшылары майшаммен қарайтыны бесенеден белгілі. Расында екі аманаттықтың  елдің көз алдында бір-біріне қарсы шығуы  қисынсыз тірлік. Ол үшін алдын ала партия қатарынан шығып, сол партия атынан берілген депутаттық мандатын да тапсырып тастап, бақ таластырғаны  жөн емес пе еді?  Шампиев мансапқа қызығам деп мандатынан айырылып жүрмесе болғаны деңіз.

Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай додаға қатыспайтынын «Рейтинг» газетінің тілшісіне  бұған дейін мәлімдеп қойған. Қазіргі уақытта Шардарада аудан әкімі болуға төрт кандидат тіркелді. 

Басты кандидат: аудандық мәслихат төрағасы, қол күресінен талай әлем чемпиондарын дайындаған Арман Қарсыбаев.  Тағы бір кандидат аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев тек додаға  көз тіккен елдің делебесін қоздыратын «ойын ойнаудан» әріге аспайтын сыңайлы.

Тоқетерін айтсақ, тек Түркістан өңірінде емес Қазақстан бойынша қай өңірде болмасын аудан әкімі атанатын додаға түсіп жатқан басты кандидаттардың қасына қосып алған, дәлірегі сайлауда баламалы қарсыластар болды деген пікір қалыптастыру қызметін мінсіз атқару жауапкершілігі жүктелген бірнеше үміткер бар.

Нақтырақ айта түссек, биліктегілердің сызған сценарийіне сәйкес кімдердің әкім, кімдердің баламалы қарсылас ретіндегі «әртістер» екендігі әлдеқашан анықталып қойылған. Кейде олардың да ойындағысы жүзеге аспай,  кей тұста мүлт кететіні сирек те болса кездесіп қалады. 

Жалпы, бұл жолғы аудан әкімдерінің сайлауы тәжірибе ретінде өтіп жатқаны белгілі. Тәжірибенің ойдағыдай жүзеге асуына қарай жоспар бойынша 2025 жылдан бастап барлық аудан әкімдерін тікелей халық сайлауы тиіс. Сондықтан осы жолғы пилоттық жобаны ың-шыңсыз, у-шусыз өткізіп, демократиялық қадамды әрі қарай жалғастыру үшін биліктегілер әр алуан сценариймен қолдан келгеннің бәрін жасайтыны анық.

"Рейтинг" газеті, 11 қазан, 2023 жыл. 

 

 


Жанат Тәжиева қызметінен кетті
Түркістан облысының бас мұғалімі тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу