Шымкенттік шенеунік жауапкершілікке тартылды
Шымкентте қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы төтенше жағдайлардың салдарын жою тәсілімен «Бадам» өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын конкурссыз 4,8 млрд теңгеге тікелей сатып алуды жоспарлаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қаросы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
-Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша тапсырыс берушімен бір көзден сатып алу әдісі рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсіліне өзгертілді. Сондай-ақ, осыған ұқсас тағы екі лот бойынша сатып алу тәсілін негізсіз таңдағаны үшін уәкілетті орган қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бұрынғы басшысы Е.Жолдасовты әкімшілік жауапкершілікке тартты,-деп хабарлады департамент басшысы.
Ержан Жолдасов жоғарыда аталған басқарманың басшылығынан шілденің ортасында босатылған болатын. Ол сол шілдеде “SHYMKENT” ӘКК” басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалған.