Сейтжановтың дәулеті 1 жылда 29 миллион долларға көбейген
Forbes Kazahstan басылымы әдеттегіше Қазақстандағы ең дәулетті 50 бизнесменнің тізімін жариялады. Елдегі бай-бағландардың тізімін баяғыша Қазақмыстың қожайыны Владимир Ким бастады. Оның дәулеті 4,6 миллиард долларды құраған. Екінші және үшінші орындарды Елбасының күйеу баласы мен қызы Тимур және Динара Құлыбаевтар иеленді. Олардың әрқайсысының дәулеті 4,3 миллиард долларды құрайды. Тізімде бұдан әрі Вячеслав Ким (3,6 миллиард доллар), Тимур Турлов (3,1 миллиард доллар), Болат Өтемұратов (2,7 миллиард доллар), Ибрагимовтар отбасы (1 миллиард 320 миллион доллар) тұр. Қазақстандағы доллар миллиардерлердің тізімі осы жетеумен аяқталады.
Тізімде Оңтүстіктің №1 байы Серікжан Сейітжанов былтырғы жылмен салыстырғанда бір сатыға төмендеп, 23 орынға табан тіреді. Оның биылғы байлығы 360 миллион долларды құрайды. Ал былтыр 331 миллион доллар болған екен. Яғни бір жыл ішінде Сейітжановтар әулетінің ақшасы 29 миллион долларға көбейген деген сөз.
Аталған басылымның берген мәліметіне қарағанда, Сейтжановтар әулетінің меншігінде «Саутс Ойл» компаниясының 57 пайыз акциясы бар. Бұдан бөлек олардың иелігінде «МұнайҚұрылысСервис» құрылыс компаниясы, «Smart-Oil» бұрғылау компаниясы, «Стандарт Цемент» зауыты, «Ак-жол ТрансСервис» ЖШС және мыс өндірумен айналысатын «Standard Steel KZ» серіктестігі бар.
Отбасының сондай-ақ, жанармай сатумен айналысатын Standard Petroleum & Co компаниясында, әктас өндіретін «КАС-бетон» және Talas Investment Company химия зауыттарында үлесі бар.
Сейітжановтардың Rixos Khadisha Shymkent және Rixos Turkestan, Khanshaiym Plaza деп аталатын қонақ үйлері мен ойын-сауық орталығы бар. Бұдан бөлек аталған әулет Шымкенттегі медицина академиясына, Инновациялық технология колледжіне иелік етеді.