Ердоған үшінші мәрте президент болмақ

Oinet.kz 05-04-2023 362

1823709929_0_510_2048_1662_1920x0_80_0_0_7ff37ff6a9b2246a1747e58f7647d992.jpg

Түркия халқы 14 мамырда өз таңдауын жасайды. Бүгінде президент сайлауына қатысты  үгіт-насихат жұмыстары басталды. Қазір 4 үміткердің есімі белгілі. Олардың арасында ең жасы 55-те.

Үміткерлер тізімінде Кемал Кылычдароглу, Мухаррем Инже, Режеп Тайып Ердоған және Синан Оған бар. Inbusiness.kz сайтының хабарлауынша, Түркияның жоғары сайлау комиссиясы белгілеген ережеге сәйкес сайлаушылар тарапынан үміткер болу үшін кемінде 100 мың қол жинау қажет. Осы межеге жеткен «Memleket» партиясының төрағасы Мухаррем Инже мен «ATA» альянсынан Синан Оған үміткер ретінде тіркелді. Ал Ердоған мен Кылычдароғлуны парламенттік фракциялар ұсынған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша Түркия президенті әрі «AK» партияның төрағасы Режеп Тайып Ердоған Республика альянсының кандидаты ретінде екінші, ал жалпы алғанда үшінші рет президенттікке үміткер болып отыр. 4 партия Ердоғанның кандидатурасын қолдайтындарын мәлімдеді. Ол 2014 жылғы президенттік сайлауда – 51,79%, ал 2018 жылғы сайлауда 52,59% дауыс алған. Түркияның 12-ші президенті осы сайлауда да жеңіске жететініне кәміл сенімді. Жергілікті БАҚ-қа берген сұхбаттарында «14 мамыр дастанын Республика альянсы ретінде бірге жазамыз» деп айтудан жалыққан емес.

6 оппозициялық партиядан құралған Ұлт альянсы атынан президенттікке Кемал Кылычдароғлуның кандидатурасы ұсынылды. Республикалық халық партиясының төрағасы алғаш рет президенттікке үміткер. Ердоғанның басты қарсыласы да осы Кылычдароғлу. Оны қолдайтын партиялар саны – 9.  Сайлау күні жарияланып, кандидаттар нақтыланғаннан кейін сауалнамалар жүргізіле бастады. mynet.com сайтында соңғы сайлау сауалнамасының қорытындысы жарияланды. Aksoy зерттеулері жүргізген сауалнамаға сәйкес, Кылычдароғлу 55,6%, ал Ердоған 44,4% дауыс жинаған. Осылайша, алдын ала жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша Кемал Кылычдароғлу Режеп Тайып Ердоғаннан басым түсті.  75 жастағы кандидат президент сайлауында жеңіске жетсе, басқару парламенттік жүйеге көшетінін мәлімдеген болатын. Ол әр жылдары Түркияның қаржы министрлігінде, кірістер басқармасында, еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрлігінде қызметтер атқарған. Сонымен қатар университетте сабақ берген. Әрі депутат болған. Президент сайлауына үшінші үміткер – 58 жастағы Мухаррем Инже. Ол республикалық халық партиясы атынан 2018 жылы президенттікке кандидат  болған. Уақыт өте келе аталмыш партиядан кетіп, «Memleket» партиясын құрды. Ол 105 мыңнан астам дауыс жинады. Алайда оған әзірге «Memleket» партиясынан басқасы қолдау білдірмеді. 

Төртінші үміткердің аты-жөні – Синан Оған. Интернеттегі мәліметке сәйкес, Әзірбайжан отбасында дүниеге келген. Ыстанбұл және Мәскеу қалаларында білім алған. Түрік тілінен басқа орыс және ағылшын тілдерін біледі. 55 жастағы Синан 2011-2015 жылдар аралығында Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі болған. Қазір 3 партия оны қолдайтындарын мәлімдеді. Айтпақшы, төрт кандидаттың арасында ең жасы да осы Синан Оған.


Террорист ел БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді
Түркістан облысында 7 миллиард теңгенің заңсыз тендері тоқтатылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу