Шымкент әкімдігі иттерді піштіруге 140 миллион теңге бөлді

Oinet.kz 03-02-2023 957

OINET.KZ - Бұдан былай Шымкентте қаңғыбас ит-мысықтарды бұрынғыдай көзін жоймайды. Оның орнына иесіз қалған жануарлар стерилизацияланады, вакцинацияланады, осыдан кейін айналасына қауіп тудырмайтынына көз жеткізілген соң босатылып жіберіледі. «Отырар» телеарнасының хабарлауынша, Шымкент қалалық әкімдігі осы мақсатқа 140 миллион теңге қаржы бөлген. 

Screenshot_1.jpg

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандарының айтуынша, мұндай мақсатқа қаржы биыл алғаш рет қаралып отыр. Енді жаңа заң бойынша қаңғыбас иттер стерилизацияланады, вакцинацияланады, арнайы чип салынып, осыдан соң босатылады. Қамауда тек айналасына қауіп төндіретіндері ғана қалады. Жыл басына бері Шымкентте ешқандай ит-мысықтың көзі жойылмаған. 

Жоғарыдағы 140 миллион теңгеден бөлек, Шымкент әкімдігі иесіз қалған жануларды арнайы жайларда ұстау үшін 120 миллион теңге қаржы бөліп отыр. 

Айта кетері,  2021 жылдың желтоқсанында елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» деп аталатын заң қабылданған. Заңда қаңғыбас жануарлардың санын бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен стерилизациялау арқылы реттеу көзделген. 

Заңда стерилизациялау деген сөзге  «жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру» деген түсініктеме берілген. Бұл қазақтың «піштіру» деген сөзімен сәйкес келеді.

Түркістанның әкіміне қосымша құзыреттер беріледі
Шымкентте журналистке сот үкімі шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу