Елімізде қоғамдық көлік жүргізушілерінің мәртебесін мұғалімдер мен дәрігерлерге теңестіру ұсынылды
Қазақстанда қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығын шешу үшін олардың мәртебесін дәрігерлер мен мұғалімдердікі сияқты көтеру керек. Қазақстанның автокөлік одағының басшысы тек осылай ғана жүргізушілерді жұмысқа тарта аламыз дейді. Айтуынша, қазір елімізде сегіз мыңға жуық қоғамдық көлік жүргізушісі тапшы. Себебі аз жалақыға жұмыс істегісі келмейтін олар басқа салаға, тіпті басқа елге кетіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Автобус жүргізушілері кесте бойынша екі күн жұмыс істеп, екі күн демалуы керек. Ал оны алмастыратын адам болмаса, демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр. Мәселен, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Петропавл сияқты ірі қалаларда қоғамдық көлікке жүргізуші жетіспейді. Сондықтан көбі тәулігіне 16 сағат, кейде демалыссыз жүреді. Соның кесірінен жол көлік апаттары жиілеген. Ал жастар жауапкершілігі мол мұндай жұмыстан қашқақтайды, дейді жүргізушілер.
Елімізде қоғамдық көліктерде әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша 25 мың жүргізуші қажет болса, олардың саны 17 мыңға да жетпейді. Демек автобустарға 8 мыңнан артық кәсіби жүргізуші керек. Индустрия министрілігінің мәліметінше, Қазақстанда 63 мың қоғамдық автобус тіркелген екен. Ал 387 мың азаматтың "Д" санатты жүргізуші куәлігі бар. Бұл көрсеткішке сәйкес жүргізушілердің жетіспеушілігі болмауы тиіс. Бірақ жолақы құнының төмендігінен көбі жалақысы да аз дейді. Сол үшін автопарктерге жүргізуші жалақысын субсидиялауды қарастырмақ.
“Егер шығындары пайдасынан көп болатын болса онда мемлекеттік бюджеттен субсидия төленеді. Соның ішіндегі бір көрсеткіш жүргізушілердің төленетін жалақысына қатысты. Сондықтан жалақы мөлшерін көтеруге қатысты қазір нормативтік актілерге өзгерістер енгізілуде. Бұл шамамен үш-төрт ай мерзімді алады. Одан кейін кейбір өңірлерде 30 пайызға жалақы көтеріледі деген үміттеміз”, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры Меруерт Ибраева.
Ал автокөлік одағының басшысы Сәбит Аманбаевтың айтуынша, қоғамдық көлік мәселесі білім беру мен денсаулық сақтау саласынан кейін өзекті болуы керек. Ал жүргізушілердің жалақысы орташа айлық жалақыдан жоғары болуы қажет. Олай болмағандықтан көбі шет-шетінен такси мен жеткізу қызметінде жүр.
“Бүгін маған 20 адам жетпей жатса, ертең 30 адам болады. Көп адам кетіп жатыр жұмыстан. Қазір көбісі шетелге кетіп жатыр. Шығыс және Батыс Еуропада жүргізушілердің жалақысыайына екі-үш мың еуро. Ақшаларын уақытында төлейді. Ай сайын жарнамамен 30-40 адамды әкетіп жатыр”, – деді ҚР Автокөлік одағының басшысы Сәбит Аманбаев.
Сондай-ақ азаматтарға "Д" санатын алу ережелері жеңілдетілсе екен дейді. Мәселен, 25 жастан асқан азаматтар ғана автобус жүргізушісінің куәлігін алуға емтихан тапсыра алады. Мұны ішкі істер министрлігі қарастырып жатқанымен, іс ілгері жылжып жатқан жоқ дейді. Осы қордаланған мәселелер шешілмейінше жыл санап жүргізушілердің саны азая бермек. Ал алдағы бес жылда автобус айдайтын жүргізушілер қалмауы мүмкін деп болжайды.