«Мен Ресей президентін қолдаймын»: Депутат Азамат Әбілдаев Ресей тарапында екенін айтты
Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев Азаттық радиосына берген сұхбатында былтыр Украинаға басып кіріп, көрші елді ойрандап, бейбіт тұрғындарды қырып жатқан Ресейді қолдайтынын мойындады, деп хабарлайды Stan.kz.
"Мен Ресей президентін қолдаймын. Бұл арнайы операция деп есептеймін. Осы жазға дейін Зеленскийді өз халқы ұстап, сотқа береді. Соғыстан қашып құтылуға болмайды. Мен Украинадағы арнайы операцияны қолдаймын", – деді Әбілдаев.
Депутат А.Әбілдаевтың Украинадағы соғыс туралы сөздеріне қатысты “Ақ жол” партиясы президиумы хабарлама жасады. Депутат А. Әбілдаевтың мәселесі ертең партияның Ұлттық Кеңесінде қаралмақ.
"А.Әбілдаевтың сөздері “Ақ жол” партиясының позициясына қарама-қайшы ғана емес, сонымен қатар партиялық және де депутаттық этиканы да бұзып тұр.
"Ақ жол” партиясы қашан да Республикамыздың және басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды.
Депутаттардың тәртіптік мәселесін қарастыру партияның Ұлттық кеңесінің құзыретіне кіретіндіктен, депутат А.Әбілдаевтың сөздеріне саяси баға беру және мәселесін қарау үшін ертең партияның Ұлттық Кеңесінің пленумы шақырылуда", – деп түсіндірді "Ақ жол” партиясы төрағасы А.Перуашев.