Басқармадағылар басшысынан бастап парақор ма?

Oinet.kz 12-01-2023 2783

image.png

Дінислам Болатханұлы қауесетті жоққа шығармай үнсіз отыр

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші,  Түркістан облысының білім саласынан бұған дейін  шығып жүрген шулар аз емес еді, бұл жолғысын естіген ел жағасын ұстады.  Жалпы соңғы бір-екі жылда облыстың білім саласының басынан қиқу кетпей қойғаны рас.  Былтыр жыл соңында қылмыстық істер жөніндегі сот кісі өліміне тапсырыс берген Сарыағаш аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметін атқарған Бауыржан Майриховқа 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Мұның алдында пара алды деген айып бойынша Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шадиеваның ірі көлемде айыппұл салуға сотталғанын жазғанбыз.  Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылған Шардара мен Төлеби аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына қатысты тергеу амалдары жүруде. 

Енді міне, құрыққа басқарма басшысы Дінислам Болатханұлының өзі де екі орынбасарымен бірге іліккені туралы ақпарат елді дүрліктіріп жатыр.  «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген осы да. Түркістанның білім саласы жаңа жылды осындай  «сюрпризбен» бастады.

Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының, оның екі орынбасарының және бөлім басшысының пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат өткен аптаның соңында әлеуметтік желіде жарқ етті. Екі ортадағы параның көлемін кейбіреулер 11 миллион теңге деп көрсетті. Ел іші гу-гу. Бірақ жайшылықта лауазымды шенеуніктердің ұсталғанын із суытпай жариялайтын құзырлы органдар үнсіз. Ең қызығы, жұрт жайсыз жаңалықты қызу талқылап, түрлі әңгімелерді өрбітіп жатқан кезде  басқарманың басшысы да, облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі  де жым-жырт отыр. 

Лауазымды шенеуніктің, облыстың білдей бас мұғалімінің қара басын бәле-жаладан арашалап алмауы, мән-жайды түсіндірмеуі тегін бе? Осының өзі де біраз күдікке жетелейді емес пе? 

Дүйсенбіде біз алдымен мән-жайды білу үшін облыстық білім басқармасына хабарластық. Әлеуметтік желідегі әңгімеге қатысты неге ешқандай түсініктің берілмегенін сұрадық. Басқарманың баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбек:

– Түсініктемені біз бермейміз. Басқарма қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Барлығы жұмыс орнында. Қандай да   бір күдіктеріңіз болса, антикордан сұраңыздар,– деді. 

Хатшы Дінислам Болатханұлының да, оның екі орынбасарының да жұмыс орнында отырғанын нақты мәлім етті. Сонда бұл қалай болғаны? Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіндегілер ресми ақпаратты тек орталықтың, дәлірегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасы арқылы жарияланатынын жеткізумен шектелді. Дегенмен антикор осындай жағдайдың болғанын да жоққа шығарған жоқ. Бұған не дейсіз? 

 Ал  Түркістан облыстық соты берген ақпарат  «жел тұрмаса шөп басының қимылдамайтынын» айғақтағандай болды. Ондағылар облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның екі орынбасарына және бір бөлім басшысына қатысты Түркістан қалалық тергеу сотымен санкциялар берілгенін мәлім етті. Бірақ санкциялар қамауға алумен байланысты емес. Ол жедел-іздестіру шараларымен, дәлірегі күдіктілердің үй-жайларын, көліктерін тінтуді санкциялауға қатысты болып шықты. Тергеу сотына мұндай өтінішті облыстық антикор берген. 

Осы мәліметтерден не түюге болады?

Біріншіден, антикордың кіріскеніне қарағанда, бұл істің  сыбайлас жемқорлықпен байланысты екендігін байқауға болады.  Екіншіден, тінту шаралары екі ортадағы ақшаның, бәлкім параның болғандығын аңғартатын сияқты. Ал күдіктілердің қамалмағанын, олардың дүйсенбіде жұмыс орнынан табылғанын немен түсіндіруге болады?  Антикордың жүргізген операциясының сәтсіздікке ұрынғанын ба, әлде ұсталғандардың кінәларын толық мойындап, айыптармен келісіп, тілхатпен бостандыққа шыққандығын ба? Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ.

 Бізде мемлекеттік органдар, мекемелер, жұртшылықты тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады. Бірақ, өкінішке қарай, өздері ресми ақпаратты дер кезінде таратпайды.  Бізге жеткен бейресми ақпараттарға қарағанда, бұл істің басы Түркістан қаласындағы бір колледж директорының тұтқындалуынан басталған көрінеді. Осыдан кейін жіптің ұшы басқарма басшысына, оның екі орынбасары мен бөлім басшысына барып тірелгенге ұқсайды. Екі ортадағы «алыс-берістің» бәрі апатты жағдайдан кейін қақаған қыста жылусыз қалған Екібастұздағы балалардың Түркістан облысына жасаған сапарымен байланысты көрінеді.

 «Ақша жинаған» дей ме? 

Айтпақшы, осыдан бір апта бұрын Дінислам Болатханұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында: «2019 жылы Арыста жағдай орын алғанда Павлодардан ұшақ жіберіп, 400-дей баланы Баянауылда жаз бойы демалдырып едік… Сол кездегі облыс әкімі Б. Бақауов пен әкім орынбасары Асхат Оралов өздері бас болып, елдікті білдірткені бар еді. Мен, оңтүстіктің тумасы ретінде келген әр баланы құшақтап, бауырыма қысумен жүрдім. Енді жылдар өтіп, сол оңтүстік қарызын қайтарғандай, Екібастұздың 50 баласын алдыртып, қысқы каникулда демалыс ұйымдастырылып жатыр. Енді оңтүстік жұртшылығы оларды ыстық ықыласпен қарсы алып, ең жұмсағы мен тәттісін ұсынып, құрақ ұшып қызмет жасап жатыр»,– деп жазған екен. Екібастұздық балалар қазіргі уақытта Төлеби ауданындағы демалыс орындарының бірінде, дәлірегі «Бәйшешекте»  жатқанын білдік.   

Жалпы соңғы уақытта Түркістан облысының білім басқармасы білікті, табанды басшыға жарымай-ақ қойды. Бұрынғы басшы Рахымбек Жолаев көптің күткен үмітін ақтаған жоқ десек, қателеспейтін шығармыз. Дінислам Болатханұлы бұл қызметке сәуірде тағайындалған болатын. Тәжірибесі мол. Бұған дейін Павлодар облысының білім басқармасына басшылық жасаған.  

Айтпақшы, желтоқсанда облыс әкімдігінде білім саласындағы жемқорлыққа қатысты жиын өткен болатын. Осы жиында басқарманың тапсырысы бойынша антикордың сыртқы талдау жұмыстарын жүргізгені, нәтижесінде сыбайластық тәуекелдерін жою үшін 24 ұсыным берілгені айтылған болатын. 

«Талдау барысында анықталған сыбайластық тәуекелдерін жою арқылы облыстың білім саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің азаюына алып келеді деп санаймын. Осы ретте, жемқорлық фактілеріне әкелетін тәуекелдеріне талдау жұмысы тұрақты жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жандандырылатын болады»,– деген еді Дінислам Болатханұлы.  Осыдан кейін енді кімге сенеміз? Сіз кімсіз, Дінислам Болатханұлы?

Жәнібек ТАРХАН, "Рейтинг" газеті. 

Қазақстанда тіркелмеген көліктер енді сақтандыру полисін ала алмайды
Депутат Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығын Қазақстанға қайтаруды сұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу