Қаппаров... геосаяси ойындардың құрбаны ма?
Нұрлан Қаппаровты ақтық сапарға шығарып салғалы бір аптадан астам уақыт өтсе де, жұртшылық белгілі қазақ мультимиллионерінің өлімін талқылауды азайтар емес. Талқылауға негіз болатындай күдікті жайттар жетіп жатыр. Бастысы – Қаппаров басшылық еткен сала – ел үшін стратегиялық маңызы бар, геосаяси тұрғыда айрықша мәнге ие әрі бірнеше алпауыт елдердің мүддесі тоғысқан уран өнеркәсібінің төңірегіндегі астыртын ойындардың шегіне жеткендігі. Кейбір сарапшылар «Қаппаров Кремльдің геосаяси мақсаттарының құрбанына айналды» деген болжамды алға тартуда.
Әуелі мынаған назар аударайық. Қаппаровтың қазасы – тек Қазақстанды емес, әлем қауымдастығын да бей-жай қалдырмады. Әйгілі «Блумберг» агенттігі осы оқиғаға арнайы мақала жариялап, Қаппаровтың өлімін Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің бұрынғы басшысы Лайл Грэмлидің қазасымен бір қатарға қойды. Агенттіктің сарапшылары «Қазатомпром» - әлемде уран өндірудің көшбасшысы екенін, наурыз айының басында Қаппаров ұлттық компанияны әлемдегі ең ірі ядро отынының жеткізушісіне айналдыруға уәде еткенін де еске салды.
Осы тұрғыда тағы да Қаппаровпен қоштасуға арналған қаралы жиынға зер салайық. Мұнда көпшіліктің назарына екі жайтты байқады. Біріншіден, Елбасының телеграммасынан бұрын премьер-министр Мәсімовтің хаты оқылды. Протокол бойынша, Президенттің көңіл айтуы алдымен оқылуы тиіс-ті. Екіншісі, қаралы жиында сөз сөйлеген «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Владимир Школьниктің көзіне жас алуы. Оның көңілі шынында да босады ма, жоқ әлде бұл «қолтырауынның көз жасы» ма, ол жағын дөп басып айта алмаймыз, әрине. Адамның аласы ішінде ғой. Әйткенмен, кейбір дерек көздеріне сенсек, соңғы кездері Школьник пен Қаппаровтың арасы күрт нашарлай бастаған. Себебі, «Қазатомпромға» келгелі Қаппаров кәсіпорынның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев бастаған стратегияны соңына дейін жеткізуге талпыныс жасады. Ал бұл әлдебір топтардың мүддесіне кереғар сипатқа ие еді. Тарқатып айтайық.
Кремльдің қолы
Көпшілік арасында «Қаппаровты ресейлік барлау қызметі у беріп өлтірді» деген жорамал айтылып жүр. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Кейбір деректерді сараптай отырып, бұл пікірдің жаны бар деген қорытындыға келуге болады. Кейбір интернет ресурстарда қазіргі таңда Ресей бұрынғы ядролық әлеуетін қалпына келтіруге барын салғаны айтыла келе, көрші ел үшін ең үлкен проблеманың бірі – табиғи уранның жеткіліксіздігі екені жан-жақты сипатталған. Оның бір дәлелі, 2008 жылғы Грузиямен арада әскери жанжал туындағанда Австралия Ресейге уран тасымалдауды тоқтататынын мәлімдеп, Мәскеуді қиын жағдайға қалдырып қойған еді. Дәл осы сценарий былтыр да қайталанды. Украинадағы дағдарыстың салдарынан Батыс елдері Ресейге түрлі санкциялар қолданып, оның ішінде уран сатуды да шектеді. Ресей үшін қазақ даласындағы уранның маңызы еселей арта түсті, себебі көрші елде уран тым аз мөлшерде өндіріледі.
Кейбір дерек көздеріне сенсек, бүгінде Ресейдің уран саласындағы сыртқы мүддесін қорғауда негізінен ұйым – «Росатом» компаниясы мен әскери барлау қызметі шұғылданатын көрінеді. Яғни, көзделген мақсатқа жету жолында қаржы шығындарымен шектелмей, қажет болған жағдайда күш қолданудың да мүмкін екені аңғарылып тұр. Әйтеуір, Кремль басқа амалы қалмағанда өзіне жақпағандарды уландырып өлтіру тәсілін қолданатыны бұған дейін талай рет дәлелденіп жатты.
Ұлттық компанияны ұзақ жылдар бойы басқарған Мұхтар Жәкішевтің тұсында «Қазатомпром» әлемдік деңгейдегі маңызды ойыншыға айнала білді. Көпвекторлы саясат жүргізе келе, Жәкішев Ресей, Жапония, Франция, Канада, АҚШ пен Қытай секілді алпауыт елдермен саудаласып жүріп, отандық атом өнеркәсібі үшін мейлінше тиімді келісім-шарттарға қол жеткізуге күш салды. Сарапшылардың айтуынша, Жәкішев «Қазатомпромның» Мәскеуден мейлінше тәуелсіз бағытта дамуын көксеген. Кәсіпорынды сыртқа құр шикізат сататын мекемеден ядролық отын шығаратын толық циклдегі компанияға айналдыруды армандаған. Бұл Кремльге ұнамаса керек. Саясаттанушылар Жәкішевтің темір тордың арғы жағына тоғытылуын «Кремльдің ұзын қолы» деп түсіндіреді.
Бұдан кейін ұлттық компанияда Владимир Школьниктің эрасы басталды. Біз білетін Школьник Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері пайдалы қазбалар, минералды ресурстар мен өндіріс саласындағы түрлі министрліктерді басқарып келді. Ұлттық компания деген аты ғана болмаса, «Қазатомпром» анау-мынау министрлікке сәлем бермейтін өз алдына алпауыт империя ғой. Шетелдік экономист сарапшылар: «Сауд Арабиясын кезінде мұнай қалай көтерсе, Қазақстанды уран дәл солай гүлдендіруі мүмкін» деп баға беруі бекер емес. Себебі, елімізде уран шикізатын өндіру өте арзанға түседі екен. Атом өнеркәсібін дамытып отырған елдер үшін уран ауадай қажет. Сондықтан, осы саладан болашақта мемлекет миллиардтаған доллар пайда көретіні болжалды.
Алайда, Школьник Жәкішев бастаған істі жалғастыруды жөн көрмеді. Компанияның даму бағытында Ресейге қарай бетбұрыс орын алды. Оның себебін тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті жоқ, өйткені Школьниктің ұлы Игорь ресейлік «Росатомға» қарасты «Атомредметзолото» компаниясының бас директоры Вадим Живовтың қызын алған. Біле білсек, «Атомредметзолото» - халықаралық нарықта «Қазатомпромның» басты бәсекелестерінің бірі. Екі компания да уран сатумен шұғылданады. Алайда, Школьниктей құдасы тұрғанда, «Росатом» көп жылдан бері көздеп келген мақсатын іске асыра бастады. Бірте-бірте Кремль Қазақстандағы маңызды уран кеніштеріне бақылау орнатты.
Әйткенмен, Школьник ойлағандарының барлығын іске асырып үлгермеді. Қаппаров ұлттық компания басшылығына келісімен бірден сыртқы саясат саласына ден қойды. «Қазатомпромның» стратегиясы қайта қаралып, соны жүзеге асыру бағытында қадамдар жасалды. Кейбір деректерге жүгінсек, Қаппаров кезінде Жәкішев бастаған жобаларды соңына дейін жеткізуге бел буды. Әсіресе Жапониямен арадағы үзіліп қалған байланыстарды қайта тірілтуге күш салды. Бірсыпыра жетістіктерге жетіп те үлгерді. Атап айтқанда, Жапония компаниялары бірлесіп жұмыс істеуге келісімін берді. Ресейдің «Қазатомпромға» ықпалы күн өткен сайын азая берді...
Биыл 4 наурыз күні Қаппаров Елбасының қабылдауында болып, «Қазатомпром» компаниясының трансформация бағдарламасы негізінде атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады, сондай-ақ оның жаңартылған даму стратегиясын таныстырды. Сол кезде журналистерге Н.Қаппаров мынадай мәлімдеме жасаған болатын:
- Бүгін мен Елбасымызға жаңартылған стратегиясы жөнінде айтып бердім. Қазір Қазақстан уран шығаратын елдердің арасында бірінші орынды алып отыр. Ол әлемдегі уран шығарудың 40 пайызы. Біздің мақсатымыз - толық ядролық отын шығаратын циклды құру. Бұл дегеніміз тек қана уранды шағару емес, ол деген АЭС-терге арналған ядролық отынды шығару. «Қазатомпром» әлемдегі ядролық отын жасайтын компаниялар арасында жақсы орын алуы керек.
Жыл басында Қазақстанда екі АЭС салу жайлы шешім қабылданып, бірі Курчатовта, екіншісі Балхашта орналасатын болып шешілді.Курчатовтағы жобаға әріптес ретінде «Росатом» тартылса, екінші жоба бойынша шетелдік әріптес компанияның есімі әлі белгісіз. Бәлкім, Қаппаровтың Қытайға жасаған сапары барысында осы мәселе біржола шешімін табуы тиіс еді.
Ресми мәлімдеме бойынша, Қаппаров Қытай астанасы Бейжіңде салтанатты түскі ас барысында жүрек талмасынан қаза тапты. Бірақ, ғаламтордағы кейбір дерек көздері мұны теріске шығарады. Соларға сенсек, 26 наурыз күні Қаппаров түскі сағат 13.40-та СФ942 рейсімен Дубайдан Бейжіңге ұшып келді. Оны «Қазатомпромның» Қытайдағы өкілдігінің директоры күтіп алған. Қонақүйге кетіп бара жатқан жолда Цзинбао атты мейрамханаға түскі асқа аялдаған. Қаппаров дастарханға отырмастан бұрын дәретханаға беттеді. 14.20-да техникалық персонал оның ес-түссіз жатқан күйінде табады. 14.27-де медициналық қызметкерлер кардиограмма жасай келе, жүрегінің тоқтап қалғанын анықтады. Артынша дәрігерлер жүректі уқалау әдісін қолданғанымен, одан да нәтиже шықпады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл ресейлік барлау қызметінің ісі. Әзірше бұған қатысты қандай-да ресми мәлімдеме жасалған жоқ, сот-медициналық тексерудің нәтижесі де белгісіз.
Қалай болғанда да, Қаппаровтың қазасы отандық атом өнеркәсібінің дамуын белгілі деңгейде тежейтіні рас. Қазір ұлттық компанияның басшысы міндетін уақытша атқару ісі Айдар Әріпхановқа тапсырылды. Ол кісі жайлы көпшіліктің қандай-да дерегі аз. Компанияға толыққанды жаңа басшысы тағайындалмайынша, батыл әрекеттер мен маңызды шешімдер қабылданбайтыны белгілі. Осы кідірісті пайдаланып, Кремль өзінің ойындағысын соңына дейін жеткізуге әрекеттенуі бек мүмкін.
Жандар Наурызбайұлы,
Мұрағаттан: 09.04.2015