Әрбір президент Куан Ю-дей болуды армандайды

Oinet.kz 22-04-2019 1141

Screenshot_28.jpg

Өткен аптада Сингапурды 31 жыл басқарған премьер-министр Ли Куан Ю 91 жасында өмірден өтті. Аты аңызға айналған Ли Куан Ю сияқты елді ұзақ әрі тиімді басқарған, осындай ұзақ өмір сүрген басшы өте сирек кездеседі. Ли Куан Ю-дің ұлты қытай болатын. Ал бұл ұлы халықтың «тек диқан ғана жүз жасайды, шенуніктер – жүзге жетпейді» деген афоризм бар. Куан Ю – көптеген реформатор мемлекет басшыларының пірі болатын. Сингапур кеменгерінің еңбектері Грузияда Коммунистік партияның манифесті іспетті ел ішінде насихаттылып келеді. Әлемнің айтулы елдерінің басшылары Ли Куан Ю-дің қазасына қайғырып, мұндай дәреже мен сипаттағы тұлға жүз жылда бір келеді деген мазмұнда пікір білдіріп жатты. Барак Обама Ли Куан Ю-ді «Тарихтың нағыз алыбы» деп бағаласа, Британияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон оны: «Ең үлкен табысқа жеткен адам» деп дәріптеді. 

Ли Куан Ю-дің ұлылығы неде? Куан Ю бір ұрпақтың өміріне тең уақыт ішінде (25-30 жыл)  Сингапурды сіңірі шыққан кедей елден әлемнің ең бай, өмір сүруге қолайлы, бизнес үшін ыңғайлы, жемқорлығы жойылған елге айналдырды. Өз елінің осындай орасан зор табысқа жеткенін Ли Куан Ю британдықтардың қалдырған мұрасы – ағылшын тілі, британдық заң мен әкімшілік жүйесінің артықшылықтарын ұтымды пайдалана білгендігімен түсіндіріпті. Британияны ұзақ жылдар басқарған Тетчер ханым: «Бір кезде Сингапур Британиядан көп нәрсе үйренген еді, енді Британия Сингапурдан дәріс алып жатыр» деген екен. 

Ли Куан Ю мемлекеттік басқаруды түбегейлі реформалап, мемлекеттік лауазымдарға ең лайықты адамдардың келуін қамтамасыз ететін жүйені қалыптастыра білді. Көз жіберіп қараңыз: әлемнің ең бай әрі өмір сүруге қолайлы елдерінің көпшілігі – табиғи ресурстары тапшы елдер. Бұл мемлекеттердің екі ерекшелігі бар. Біріншісі – тиімді басқару қамтамасыз етілген, ал екіншісі – бұл табиғи ресурстары тапшы елдердің экономикасы білімге, жаңа  технологиялар мен инновацияларға, ізденіс пен креативті өмір салтына негізделген. Ли Куан Ю өзінің «Сингапур тарихы» атты кітабында: «Болашақты болжау қиын, бір анық нәрсе – келешекте адамзат білімге қарай бөлінетін болады. Біз көп оқып, біліктілігімізді арттырып, жетістіктері білімге негізделген қауымдастықтың құрамдас бөлігі болуымыз керек» дейді. 

Бүгінде жемқорлық көптеген елдердің дамуына тұсау болып тұрған індетке айналды. Жемқорлықты жеңу мүлдем мүмкін емес деген ойлар да айтылып жатады. Ли Куан Ю-ден: «Сіз жемқорлықты қалай жеңдіңіз?» деп сұрағанда, Ю мырза: «Күресті өз достарыңыздан бастаңыз, олардың үшеуін тұтқындаңыз. Сіз не үшін тұтқындағаныңызды, ал олар да не үшін тұтқындалғанын жақсы біледі» депті. Сингапурде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өте жоғары. Куан Ю шенеуніктерге: «Міне, жалақыларың өте жақсы. Осы сәттен бастап Отанға қызмет етеміз. Жемқорлық дегенді ұмытыңдар. Қолға түсіп жатсаңдар аямаймын» деген екен. 

Ли Куан Ю ұзақ жылдар елін басқарып, халқының  әкесіне айналған тұлға. Соған қарамай Ю мырза өте қарапайым өмір сүрген, көбіне жаяу немесе велосипедте жүрген екен. 

20 ғасыр – екі ұлы қытай кеменгерінің ғасыры болды. Бірі – Қытай реформаторы, 20-30 жылдың ішінде 1,3 миллиард халқы бар кедей елді дамудың даңғыл жолына түсіріп, тек аштықты жеңіп қоймай, Аспан асты елін әлемдік державалардың біріне айналдырған Дэн Сияопин, ал екіншісі – Ли Куан Ю. Куан Ю сияқты тұлға болу – әрбір патшаның арманы. Әзірге бұл аңыз адамның асқақ деңгейі – арманнан болмысқа айналуы қиын шаруа болып тұр. 

Мұрағаттан: 02.04.2015      


Назарбаевқа қойылған ескерткіштер. Қайда? Қашан?
Қаппаров... геосаяси ойындардың құрбаны ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу