Диктаторларға Түркі кеңесі ойыншық па?
21-04-2022
OINET.KZ - Пайғамбар жасқа толуына байланысты президенттік биліктен кететінін мәлім еткен Түркіменстанның президенті Ғұрбанғұлы Бердымұхамедов тақтан кетсе де қызметтен кетпейді. Былтыр президенттің қайта құрылған Парламенттің жоғары палатасы-Халық мәслихатының төрағасы болып сайланғаны бекер емес екен. Аркадағ осы қызметті отставкіден кейін де атқара беретінге ұқсайды.
Осы арқылы ол президент болып сайланатынына ешқандай күмән жоқ Сердар Бердымұхамедовтың әрбір қимылын бақылап отырады. Байқасаңыздар, сарапшылар бұған дейін «Аркадағ Назарбаевтың қателігін қайталағысы келмейді» деген еді. Алайда ол тақтан кетсе де қолында биліктің біраз тетіктерін ұстап қалған Елбасының жолымен келе жатқан сияқты. Оның тек бар айырмашылығы- билікті басқаға емес, өзінің ұлына бергелі жатыр.
Осы жерде айта кетері, Түркіменстанның Ата заң бойынша президент ауырып, міндетін атқара алмай қалса, мерзімінен бұрын қызметінен босатылады. Ондайда тәуелсіз медициналық комиссияның қортындысы бойынша Халық мәслихаты мен Мәжіліс тиісті шешім шығарады. Егер Түрікменстан президенті конституцияға сай емес әрекетке барса, немесе заң бұзса, парламент дауыс беру арқылы оған сенімсіздік білдіре алады. Ондайда президентті қызметтен алу мәселесі бойынша референдум өткізіледі.
Ал енді президент болып сайланатынына ешқандай күмән жоқ Сердар Бердымұхамедовке тоқталсақ. Сарапшылардың пікірінше, ол әкесі сияқты белсенді, шешен емес. Өз бетінше шешім қабылдап үйренбеген. Үнемі әкесінің жетегімен келеді. Түркіменстанның бұрынғы министрі, саяси сүргінге ұшыраған Гельды Кяризовтың айтуынша, Сердар Аркадағтың жалғыз ұлы. Ол 20 жасында үйленген. Төрт перзенттің әкесі. Үш қызы, бір ұлы бар. Ұлы- Керімғұлы Аркадағтың үлкен немересі. Ол атасымен бірге ән айтқанды жақсы көреді. Ел арасында алыпқашты әңгімелерге қарағанда, Аркадағ таққа осы немересін отырғызбақшы болған. Алайда оның әлі ел басқаруға жасы жетпейді.
Саясаткердің пікірінше, Сердар тұйық және қатал адам.