Сейіт Ертай елдің сенімін арқалады

Oinet.kz 22-03-2019 1201

Screenshot_11.jpg

Алты айдың қорытындысы бойынша аудан-қала әкімдерінің есебін тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов «жіберілген кемшіліктер бойынша тиісті шешімдер қабылданады» деп алдағы уақытта ауыс-түйістің кезекті толқыны болатынын аңғартып еді. Кадрлық жаңарулар ұзақ күттірген жоқ.  Осы аптада алдымен Арыс қаласының әкімі ауысты. Тоғыз жолдың торабында жатқан теміржолшылар қаласын 2009 жылдың шілдесінен бері басқарып келе жатқан Қанат Сыдықов басқа жұмысқа ауысып, ол орынтаққа  Сейіт  Ертай отырды. 

Сейіт Ертай бұған дейін облыс әкімі аппараты қоғамдық қатынастар мониторингі бөлімінің меңгерушісі болып істеген. Мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибесі аз емес. Кезінде жоғары, арнаулы оқу орындарында ректордың көмекшісі, проректор қызметтерін де атқарған. Мақтарал ауданында ауыл әкімі болып істеген. Бір қызығы, жаңа әкімнің баспалдағы экс-әкім Қанат Сыдықовпен ұқсас. Екеуі де қызметтегі өсу баспалдағын Мақтарал ауданындағы ауылдық әкімдіктен бастаған. Одан кейін облыс әкімдігі аппаратында еңбек етіп,  Арыс, Түркістан қалалары әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Міне, енді Қанат Сыдықовтың ізімен Арыс қаласының тізгінін қолға алды. Ескеретін жайт Қанат Сыдықовтың Арыс пен Түркістанда қандай «замаким» болғаны жайлы мүлде бейхабармыз. Есесіне Сейіт Ертайдың екі қалада да әкімнің орынбасары ретіндегі жемісті еңбегін елден жиі естіп жүрміз. Ендеше Арыста «зам» болып әжептеуір шыңдалған ол су жаңа «сам» ретінде сенімді ақтайды деген үміттеміз. 

Жаңа әкімнің Арыстың бұйығы тіршілігіне қаншалықты өзгеріс әкеліп, нендей қолтаңба қалдыратынына алдын ала сәуейгейлік жасап, кесіп-пішуден аулақпыз. Бірақ Сейіт Ертай аудан, қала әкімдерінің командасында жастығымен ерекшеленеді. Жауапкершілік жүктеп, сенім артқан азаматтарды жерге қаратқан кезі жоқ. Жас әкім осы жүрісінен жаңылмасын деп тілейік. 

Ал, «әні-кетеді міне кетеді» деп, жарты жылдан бері толассыз айтылып келе жатқан әңгімелерге тамызық болған экс-әкім Қанат Сыдықов креслосыз қалған жоқ. Өсіп кетті деуге де болады.  Облыс басшысының өкімімен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. Ал жылы орнын әлдеқашан суытқан басқарманың бұрынғы бастығы Дінмұхамед Әбсаттаров ресми түрде орнынан босатылды.

 Арыстың әкімі қызметін үш жылдан астам уақыт атқарған, жасыратыны жоқ, пәлендей тірлігімен көзге түсе қоймаған Қанат Сыдықов күрмеуі қиын сала-- өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қаншалықты өрге сүйрей алатынын уақыттың еншісіне тапсырдық.  

Мұрағат, 09.08.2012 ж

Серік Тұрбеков үшін Ділдәбековтің ерлігі, елдің өтініші, депутаттардың талап-тілегі түкке тұрғысыз
«Незаменимый кадр» атанған Нұржановтардың әкімдік династиясы қайта басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу