Серік Тұрбеков үшін Ділдәбековтің ерлігі, елдің өтініші, депутаттардың талап-тілегі түкке тұрғысыз
Ер қадірін бағаламаудан,
Қай ел опа тауыпты?
Иә ерлікті жасамаудан
Бағаламау әлдеқайда қауіпті...
Мақтарал ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, Социалистік Еңбек Ері Шаблан Ділдәбеков туралы сөз қозғаудың алдында ақиық ақын Мұхтар Шахановтың осынау тамаша жыры тағы бір мәрте ойымызға оралды. Мақтарал ауданының әкімі Серік Тұрбеков осы өлеңнің қадірін де, мән-мағынасын да бағаламайтыны өте өкінішті-ақ. Әттең-ай десеңізші. Мұны неге айтып отырмыз? Енді осыған егжей-тегжейлі тоқталайық.
Шаблан Ділдәбеков кезінде анау-мынау мықтыны мойындамайтын Мәскеуге СОКП-ның ХХІV, ХХV сьездеріне қатысу үшін барған делегат, жетінші шақырылған Өзбекстан Жоғары Кеңесінің, сегізінші, оныншы шақырылған Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты, бірнеше рет облыстық, аудандық партия комитеттерінің мүшесі, халық депутаттары облыстық, аудандық кеңестерінің депутаты болып сайланған азамат. Тіршілігі құлдыраған «Большевик» кеңшарын басқарған 30 жылға жуық уақыт ішінде шаруашылықты аяқтан тік тұрғызып, зор табысқа қол жеткізген. Қаншама мәдени ошақтардың салынуына септігін тигізген. Осындай, осындай еселі еңбектерінің арқасында алған марапаттары қаншама. «Большевик» кеңшары сол жылдары «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Одақтық, республикалық ауыспалы Қызыл Тумен марапатталып, КСРО Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің Алтын кітабына жазылған...
Бұл Шаблан Ділдәбековтың ғұмырбаянынан қысқаша ғана үзінді. 2005 жылы Мақтарал ауданындағы Жамбыл ауылдық округі Шаблан Ділдәбеков деген атауды иеленді. Шаблан Ділдәбековтың өзі іргетасын қалаған Мәдениет үйінің бір бөлмесінде марқұмның есімін есте сақтау, еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында мұражай ашылып, бюсті орнатылған. «Большевик» кеңшарының 1987 жылғы 5-қыркүйекте өткен жиынында Ш.Ділдәбековтың отбасына әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қолдау көрсетіп тұру бірауыздан ұйғарылған болатын. Өкінішке қарай, бүгінде оның отбасына қолдау көрсету былай тұрсын марқұмның атындағы мұражайдың өзі жергілікті атқарушы билік тарапынан жанашырлықтың жоқтығынан біршама уақыттан бері мүсәпір күй кешіп келеді.
Мұң кешкен бұл мұражайда Ш.Ділдәбековтың өнегелі өміріне қатысты тарихи деректерден бөлек 18-ғасырға тән құнды жәдігерлер де бар. Басқаларға бағыт-бағдар сілтейтін аудан әкімі Серік Тұрбековтың өзі мұңы көбейген мұражайдың тағдырына немқұрайдылықпен қарап отыр. Күрделі жөндеуді қажет ететін тарихи нысан мүлдем назардан тыс қалған. Ал әкім болса мұражайды аудандық әкімдіктің меншігінде емес деп мұрнын шүйірумен ғана шектелуде.
Аудан әкімі Серік Тұрбековке Ш.Ділдәбековтың ерен еңбегі мен ерлігі қаншалықты етене таныс екенін білмейміз, бірақ, оның көзін көрген қариялардың есінде жақсы сақтаулы. Көзкөрген қариялар Ш.Ділдәбековтың мұң басқан мұражайының қазіргі ахуалына қатты алаңдаулы. Көңіл бөлініп, назарға алынбаса, талай тарихты бойына бүгіп тұрған Мәдениет үйінің ғимараты опырылып құлауы да мүмкін. Мұны мамандар да растайды. Арнайы түзілген актта Мәдениет үйінің алдыңғы жағынан қабырғасы 1-5 сантиметр аралығында жарылғанын көрсеткен. Шатыр астындағы майда тастар да бөлме ішіне түсе бастаған. Бұл туралы ауыл ақсақалдары жан-жаққа арызданып, көмек беруін сұранып жүр.
«Мақтарал ауданының әкімі О.Нұржановтың 2007 жылғы 14 ақпандағы №39 өкімімен Ділдәбеков ауылдық округі әкімшілігінің Мәдениет үйі баланыстан шығарылып, «Мақтарал» Мәдениет үйі мемлекеттік мекемесінің балансына берілген. Бұл өкімде «Ш.Ділдәбеков» мұражайын «Мақтарал» мәдениет үйінің балансына өткізу жайында ешқандай деректер көрсетілмеген, яғни аталған мұражай «Мақтарал» Мәдениет үйінің балансында жоқ» дейді аудан әкімінің орынбасары Б.Қалжанов ауыл ақсақалдарына берген жауабында. Бұл жаңылтпаштан не түсінуге болады? Сонда, мұражайдың нақты қай мекеменің балансында болғаны? Әлде жерде емес, ауада тұр ма? Ол жағына, әрине, әкімқаралар бас қатырғысы келмейді. Жауапты әрі қарай да бірге оқиық.
«...Ш.Ділдәбековтың ордендері мен медальдарынан басқа (Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірқатар марапаттары белгісіз жағдайда жоғалған) заттар түгел» депті. 2011 жылы Мәдениет үйіне пәленбай қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізілді деп те сықпыртады. Сонда аудан әкімінің орынбасары Б.Қалжанов үшін Ш. Ділдәбековтің майдандағы ерлігі мен төккен терінің өтеуі ордендер мен медальдардың, дәлірегі тарихи жәдігерлердің жоғалуы түкке тұрғысыз нәрсе болғаны ма? Өйткені «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында белгісіз жағдайда жоғалған» деп жеңіл-желпі айтыла салыпты. Шындығында белгісіз жағдайда жоғалмаған, ұрланған. Ұры да ұсталып, жазаға тартылған. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Алайда, ұрланған құнды заттар қайтарылмаған күйі жоқ болды. Бұл өзекті өртейтін өкініш.
Б.Қалжановтың айтуынша, мәдениет үйінің директоры А.Есімов бөлмеге апта сайын тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді екен. Ол заман да бұл заман директордың тазалық жұмыстарын жүргізгенін қайдан көрдіңіз? Оның үстіне 2762 шаршы метрді құрайтын үлкен мәдениет сарайын жалғыз еден жуушының апта сайын тазартып отыруы мүкін бе? Мүмкін емес. Ендеше «замәкімнің» бұл уәжі де жалған. Жақында жергілікті «Отырар» телеарнасынан бұл мұражайдың қазіргі ахуалын көрсетті. Мұражай емес, қойма секілді. Тазалық жұмыстары мүлдем жүргізілмейтінін басып қалған қалың шаңнан-ақ байқауға болады. Арнайы шыныланған витриналары сынып жатыр. Сонда бұл қандай мұражай? Кабинетте отырып, жалған жауап жазғанша, ерінбей-ақ мұражайды өз көзімен көргенде бәлкім «замәкім» Б.Қалжанов мүлдем басқаша көзқараста болар ма еді, кім білсін?!
Кезінде мұражайдың «тағдырына» өзгерту енгізген сол кездегі аудан әкімі, қазіргі аудандық мәслихаттың хатшысы Омарбек Нұржанов бұрынғы қателігін түзеткісі келді ме, әйтеуір аудан әкімі С.Тұрбековтың атына арнайы хат жазып, онда алдымен Ш.Ділдәбековтың кім екенін әкімнің есіне бір салып, мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен мәжілісінде қаралғанын жеткізіпті. Депутаттар Ш.Ділдәбеков атындағы мұражай Мәдениет үйінің құрамында болғандықтан мұражайға арнайы қаржы бөлінбегендігін, оған қарайтын қызметкер, штаттық бірлік қарастырылмағандығы, мұражайдың жәдігерлік заттарына түгендеу жұмыстары жүргізілмегендігі, көп жылдардан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігі, жалпы алғанда, Ш.Ділдәбековты еліне танытатын мұражайдың қазіргі жағдайы еш сын көтермейтінін атап өтіп, мұражайдың қараусыз қалуына кінәлілерді жауапкершілікке тарту керектігін ескертіпті.
«Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңда тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды Үкімет пен облыстардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратыны жазылған. Сондай-ақ, мұндай обьектілерге залал келтіргені үшін жауапкершілік шаралары белгіленетіні де тайға таңба басқандай көрсетілген. Ендеше, аудандық мәслихат хатшысы О.Нұржанов айтпақшы, кінәлілерді жауапқа тарту қажет-ақ. Бүгінде хат жазудан шаршаған ақсақалдар Астанаға дейін барамыз деп тас-түйін дайын отыр. Мәселені майдан қыл суырғандай етіп шеше алатын әкім болса ақсақалдарын Астанаға дейін сандалтып, өзі жайлы креслоға жайғасып отырып алмас еді-ау.
P.S. Жергілікті тұрғындардың арызында мұражайда Елбасының портреті аяқасты болып жатқандығы жөнінде де айтылыпты. Оған жауап берген аудан әкімінің орынбасары Б.Қалжанов сайлау алды үгіт-насихат парақшасындағы Елбасы бейнеленген сурет жерде емес, сандыққа арналған жүкаяқтың үстінде орналасқан екен. Сонда Елбасының орны – жүкаяқтың үсті болғаны ма?
Сіз не дейсіз?
Ботакөз Ділдәбекова, Шаблан Ділдәбековтың қызы:
- Мен аудан әкімі С.Тұрбековтың қабылдауында болып, әкемнің атындағы мұражайдың мәселесін айтпақ болғанмын. Бірақ, әкім сөзімді соңына дейін тыңдағысы да келмеді. Мұражайға күрделі жөндеу керек, ондағы жәдігерлер де толығымен есепке алынбаған. Бұл не деген жауапсыздық? Бұл менің емес, халықтың талап-тілегі, өтініші. Аудандық әкімдікке, өзге де тиісті орындарға хат жолдадық, жауабын күтіп отырмыз.
Мұрағаттан 21.06.2012