Депутат пен прокуратураның көзқарасы қарама-қайшы болып тұр

Oinet.kz 22-03-2019 931

Screenshot_4.jpg

Онда қоқыс полигонын мемлекет есебінен қаржыландыру идеясы қайдан шықты? 

Әлі есімізде, 2006 жылы Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Өмірзақ Әмет тұрғындармен өткен кездесуде «Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыт саламыз. Енді көресіздер, ұзамай сіздерден қоқысты сатып алатын болады» деген еді. Содан бері арада аттай алты жыл өтіпті. Қоқысты саудалап жатқан ешкімді көре қойғанымыз жоқ, әзірге. Тұрғындар қайта бәз-баяғыша қоқыс шығарғаны үшін коммуналдық шаруашылық мекемелеріне төлемақы төлейді. Қоқыс өңдейтін зауыт та жуық арада іске қосыла қоймайды-ау. Өйткені, жұртшылықтан күні бұрын сүйінші сұрап, «әні-міне» деген әңгімелердің арты сұйылып сала береді. Бұл жолы да солай болды.  Неге? 

      Қалалық әкімдік облыс орталығында қоқыс өңдейтін зауыт салуға 2009 жылдан бастап бел шеше кіріскен болатын. Былтыр қала әкімі А.Жетпісбаев зауыт 2012 жылдың күзінде іске қосылатынын мәлімдеген еді. Алайда А.Жетпісбаев қызметінен кеткеннен кейін зауыт құрылысына қатысты әңгімелер құбыла бастады. «Жаңа әкім қоқыс өңдейтін зауыттың құрылысын қаржыландыруды тоқтатып тастапты» деген ақпарат интернет пен баспасөз бетін «кезіп» кетті. Мұның жөн сөзі қайсы, жел сөзі қайсы?  Біз осы жөнінде журналистік зерттеу жүргізіп, қос тараптың да пікірін білгенді құп көрген едік.

Шымкент қалалық әкімдігі  аппаратының басшысы Берік Дүйсенов бізге алдымен облыс прокурорының міндетін атқарушы Б.Жәнібековтың қала әкімі Қ.Молдасейітовке жолдаған хатымен таныстырды. Оған қарағанда,  2009 жылдың желтоқсанында қалалық әкімдік пен «Технология-21» ЖШС арасында №168 инвестициялық келісім-шарт түзіліп, осының негізінде Шымкент қаласының әкімі 2010 жылдың ақпан айында арнайы қаулы шығарады. Қаулыға сәйкес Ташкент тас жолының бойынан, Ақтас елді мекеніне жақын жерден қоқыс полигонына деп 34 гектар жер телімі бөлініп, ол жоғарыдағы серіктестікке 49 жылға жалға беріледі. Серіктестік  осы жердің 5 гектарында күл-қоқысты өңдейтін зауыт салуға кіріседі. Келісім бойынша қалалық әкімдік бұл жобаға бюджеттен 438 миллион теңге бөлуге міндеттенеді. 

--Алайда,--дейді прокуратураның хатында, --әкім өз құзырына кірмейтін шешім қабылдаған. Экологиялық кодекстің талаптары бойынша өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру жөніндегі нысандарды салуға жер телімін бөлу, құрылыс жұмыстарын жүргізу облыстық әкімдіктің құзырына кіреді.

Прокуратура жоғарыдағы қаулыға сәйкес серіктестік полигонды банкке кепілге қойып, несие алғанын алға тартып, қалалық әкімдікке полигонды дереу мемлекетке қайтару жөнінде шара көруді ұсынған. 

--Сонда қалай, қалалық әкімдіктің осы уақытқа дейін бөлген қаржысы заңсыз болып шыққаны ма?

--Иә, солай деуге болады. Жалпы бөлінетін қаржының көлемі 438 милион теңге. Оның 20 миллион теңгесі жұмсалып кеткен. Біз бұл қаржыны сот тәртібімен қайтарып алуымыз керек. Бұл жерде басқа да заң талаптары сақталмаған. Жоғарыда айтылған №168 инвестициялық келісім-шарт, яғни, жоба Жер кодексіне сәйкес инвестициялық жобаға жатпайды. Бұдан бөлек  «Инвестициялар туралы»  Заңға сәйкес ол уәкілетті орган—Экономикалық даму және сауда министрлігінде тіркелуі тиіс еді. Бірақ келісім-шарт тіркелмеген. Экологиялық кодекске сәйкес қоқыс полигоны мемлекеттің меншігінде болуы тиіс. Ал ол серіктестіктің меншігінде. Осыған байланысты қоқыс полигонын қаржыландыру тоқтатылған, себебі жеке меншік иелігіндегі қоқыс полигонын қаржыландыру заңға қайшы келеді.

Жамбыл Қалауов, «Технология-21» ЖШС-і құрылтайшыларының бірі, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

«Мәселе шешілмесе сотқа шағымданамыз»

--Ешкім ешкімді зорлаған жоқ. Екіарада келісім болған еді. Жеме-жемге келгенде әкімдік теріс айналып отыр. Бұл әділдік пе? Қазір облыс әкімінің шешімін күтіп отырмыз. Мәселені не өзара келісіммен  шешеміз, не қалалық әкімдіктен 910 миллион теңге шығынымызды сот арқылы өндіріп аламыз. Жоба 1 миллиард 700 миллион теңгені құрайды. Біз оның 910 миллион теңгесін игеріп қойғанбыз. 

--Сонда заңбұзушылықтардың орын алғанын бұған дейін білмегендеріңіз бе?

-- Заңбұзушылық көріп тұрғаным жоқ. Азаматтық кодекс бойынша біз жалға алған полигонды жер телімі ретінде банкке кепілге қоюға құқылымыз. Полигонның құрылысы аяқталған соң  бұл құқық заң аясында тоқтайды. Рас, полигон мемлекеттің меншігінде болуы тиіс. Біз оны қайтарып беруге дайынбыз. Бірақ оны сенімді басқаруға алуымыз керек. Өйтпейінше қоқыс зауытын сала алмаймыз. Себебі өңделіп біткен қоқысты көметін жер қажет.   Қазір Қазақстанда қоқыс зауыты Астана мен Алматыда салынған. Бірақ олар жұмыс істемейді. Алматыдағы 40 миллион долларға салынған қоқыс өңдейтін зауыттың тоқтауына полигонының қашықта орналасқаны себеп болды. Мен осы жобалардың басы-қасында жүрдім. Сондықтан Алматыдағы қателікті Шымкентте қайталағым келмеді. Полигонды бізге басқаруға беруден мемлекет ұтпаса ұтылмайды. Себебі біз қоқысты өңдейміз. Өңделген қатты қоқыстарды өткізетін мекемелермен келісім-шартқа да отырып қойғанбыз. Қоқысты өңдеудің нәтижесінде 20 жылда толатын полигонның «ғұмыры» 70 жылға дейін ұзаруы мүмкін. Яғни, мемлекеттің осы бағатқа жұмсайтын шығыны азаяды деген сөз.  Осы тиімділік ескерілгендіктен қоқыс зауытының жобасы Үдемелі-индустриалдық инновациялық даму бағдарламасына енген. Зауытты осы күзде іске қосуға болар еді.

 Қалалық әкімдікпен жасасқан келісім-шарт бойынша жобаның жүзеге асуына кедергі келтірген тарап барлық шығындарды өтеп береді. Егер жоба қалалық әкімдіктің кінәсінен жүзеге аспай қалса, біз барлық шығындарды сот арқылы өтеп аламыз... Дәл қазір мемлекетке келіп жатқан ешқандай шығын жоқ. Ал, күні ертең қалалық бюджет зор шығынға ұшырауы мүмкін. 1 шілдеге дейін күтеміз, болмаса сотқа шағымданамыз.

P.S Журналистік зерттеу барысынан байқағанымыз, «Жаңа әкім қоқыс өңдеу зауытының құрылысына қарсы» деген пікір жаңсақ. Мұны депутаттың өзі де әңгіме арасында тілге тиек етті.

  --Мен қала әкімі Қайрат Молдасейітовке кіріп, осы жөнінде сөйлестім. Әкім қоқыс зауытының құрылысына қарсы емес, тек барлығының заң шеңберіне болуы қажеттігін айтты,-- дейді Ж.Қалауов. Бар гәп прокуратураның қала әкіміне жолдаған хатынан шығып отыр. Алайда заңдылықты қадағалаушы органның ұсынысымен депутат келіспейді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бұл сұраққа дәл қазір кесімді жауап беру қиын. 

Бір белгілісі, қалалық әкімдік те, «Технология-21» серіктестігі де облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрелігіне жүгініп отыр. Ал, Мырзахметов қоқыс зауытына қатысты мәселені қалай шешеді? Әліптің артын бағып, бұл мәселеге алдағы уақытта тағы оралатын боламыз. 

Мұрағаттан: 21.06.2012

Жетісай театрынан шу шықты
Серік Тұрбеков үшін Ділдәбековтің ерлігі, елдің өтініші, депутаттардың талап-тілегі түкке тұрғысыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу