«Незаменимый кадр» атанған Нұржановтардың әкімдік династиясы қайта басталды
Кезекті тағайындау шалғайдағы Шардарада жалғасты. Естеріңізде болса, Шардараның бұған дейінгі әкімі Марғұлан Марайым осыдан бір ай бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары болып, Астанаға ат ауыстырған. Алты айлық есепті аудан әкімінсіз берген шардаралық шенеуніктер осы аптада жаңа әкімдерін қарсы алды. Кімді дейсіз бе?!...
Шардараның су жаңа әкімі Қамытбек Айтөреевтің есімі бізге беймәлімдеу болып шықты. Бәлкім бізге беймәлім болғанымен шардаралықтарға таныс шығар. Өйткені шаруашылықтарда, кәсіпкерлікте біраз жылдар тер төккен ол уақытысында Шардара ауданы әкімінің орынбасары болған екен. Соңғы қызметі де Шардарада. Осында «Шардара су қоймасын пайдалану» өндірістік бөлімшесінің бастығы лауазымын атқарған... Әкімдердің командасына тосынан қосылған Қамытбек Айтөреев туралы әңгіме болғанда көпшілік оның Мақтаралдың „незаменимый“ әкімі атанған Омарбек Нұржановтың інісі екеніне айрықша тоқталып жүр.
Халқының саны жағынан республикадағы ең ірі аудан Мақтаралды бір емес бірнеше мәрте басқарған Омарбек Нұржанов кейінгі жылдары Өзбекстандағы елшілікте қызмет етті. Биыл Мақтаралға қайта оралған ол зейнет жасына келгеніне қарамастан аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Артынша мәслихат хатшылығының тізгінін қолға алды. Міне, енді ағасы Омарбектің салған соқпағына інісі Қамытбек де түсті. Несі бар, „ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар“ демеуші ме еді атам қазақ. Аудан басқаруда шенеуніктердің алды болған, тәжірибесі де, іскерлігі де мол Омарбек Нұржановтың әкімдік жолын інісі Қамытбек Нұржанұлы да жалғастырып, жиі-жиі шу шыға беретін Шардараны шарықтатып жатса, нұр үстіне нұр емес пе!
Аудан-қала әкімдерінің арасындағы кадрлық ауыс-түйіс мұнымен тоқтамауы мүмкін. Әліптің артын бағалық.
Мұрағаттан, 09.08.2012 ж