Болатбек Әлиев: «Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді»
Бірден айтайық, ақпарат құралдары арқылы жұрт жақсы танитын «жұлдызды» шенеуніктің бірі – облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиев. Облыс әкімі А. Мырзахметов оны анау салаға да, мынау салаға да араластырып, қайда барса да жұмысты жапырып істеймін деп жүріп жұртты шулатып жататын дағдысынан ешбір жаңылған жері жоқ. Әрине, Әлиевтің әрекеті біреулерге ұнап, біреулерге ұнамайтыны түсінікті. Дей тұрғанмен оған қатысты әңгіменің сыни жағы көбірек екені жасырын емес. Таяуда онымен байланысты тағы да бір даудың түңлігі түрілді. Бұл жолғы даудың артында депутаттар тұр ма? «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы келген облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиеваның әңгімесін тыңдағаннан кейін осы сауалға жауап іздеп журналистік зерттеу жүргізуді жөн санадық.
Тірліктің көзін тапқан танымал кәсіпкер, алқалы жиындарда әрдайым еңсесін тік ұстап пікірін еркін айтып жүрген белсенді депутат ретінде елдің сүйіспеншілігіне бөленген Рәшкүл Жәлелқызы облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиевке ауыр айыптар тағылып жазылған хатты әкеліп таныстырды.Хат мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап қаржы полициясына, прокуратураға, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік сияқты құзырлы мекемелерге жолданыпты. Оған қол қойғандардың аты-жөні көрсетілген жердегі 7 адамның 3-еуі бірдей бүгінде облыстық мәслихаттың депутаттары. Атап айтсақ, олар Рәшкүл Оспанәлиева, Абай Көмекбаев пен Нұралы Әбішев. Арызданушылардың арасында облыстық мәслихаттың экс-депутаты, белгілі кәсіпкер Нұржан Құрманбеков те жүр. Бұлардың төртеуімен де тілдескенімізде мұндай хаттан мүлдем хабарсыздықтарын, бұл әдейі ойластырылған арандатушылық әрекет екенін қадап айтты. Хатқа қол қойды делінген қалған 3 адам жайлы жан-жақтан сұрастырып ешбір ақпарат таппадық. Өмірде бар-жоғы белгісіз беймәлім авторлар кенеттен табылып жатса айтар уәждерін тыңдауға, бұлтартпас айғақтары болса газетте жариялауға әзірміз.
Сонымен онсыз да ақпарат құралдарында аты –жөні жиі аталатын «тұзы жеңіл» шенеунік, облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиевті айыптаған тағы бір арыз жазылды. Дұрыс, заң аясында әркім де арыздануға, өз құқығын қорғауға қақылы. Алайда сын сағатта арызданушылардың анықталмауы, хат соңына жалған қол қойылуы неліктен? Жалпы рас болсын, жалған болсын мұндай ауыр айыптар тағылған хаттың жазылуына не түрткі болды? Осынау сауалдарды алға тартып арызда аты-жөні көрсетілген мәслихат депутаттарымен де, мақала бір жақты жазылмас үшін мәселенің мәнісін сұрап облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиевтің өзімен де сөйлескен едік.
«Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді»
- Болатбек Нәжметдинұлы, Сізге ауыр айыптар тағылып жазылған тағы бір арыздан қаншалықты хабардарсыз? Тағы бір деген сөздің төркіні түсінікті болар.
- Әрине, сөздің төркіні түсінікті, мені айыптап арыздардың жазылуы қайталана беретінін меңзеп отырғандарыңыз белгілі. Неге бұлай екендігінің ең негізгі себебі--жұрттың пайдасына шешілетін жұмыстың жүзеге асуына неғұрлым батыл, неғұрлым көбірек күш-жігер жұмсаған сайын үйреншікті дағдымен соғұрлым мені айыптаған арыздар қаптайтыны облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған үш жыл ішінде әбден шекеме тиді. Жұмыс барысында қателіктерге жол беріліп те жатқан шығар. Мұны да жоққа шығармаймын. «Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді» дейтін тамаша айтылған қағида бар ғой. Бәлкім жұрттың қамы үшін жұмыс істемей қарақан басымның тірлігін күйттеп тыныш қана жүрсем, бәрімен тату болсам, ешкімнің көңілін қалдырмай кемшіліктерге де көз жұма қарасам маған қатысты бүйтіп үстін-үстін арыз жазылар ма еді?
Нақты бір мысал айтайын. Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді түгендеу бойынша облыс көлемінде 2009 жылы 8-9 мың гектар, 2010 жылы 32 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 2011 жылдың маусым айында осы саланың жұмысын үйлестіру маған тапсырылып, жыл соңында мемлекет меншігіне қайтарылған жердің көлемі 360 мың гектарға артқаны ауыз толтырып айтар жетістік десек асыра сілтегендік болмас. Жекелеген адамдардан осыншама жерді мемлекеттің иелегіне қайтарылуына қомақты үлесімді қосу арқылы амбициясы жоғары талай мықтының қытығына тигенімді жақсы түсінемін.
Тағы бір айғақ. 9 ай спорт саласының жұмысын үйлестірдім. Спорт мектептерінің тізгінін ұстаған басшылардың арасынан жайлы орынға жайғасқанына 8-10 жыл толса да тірлігінен ешбір нәтиже шығара алмағандардың бірқатарын қызметінен босаттық. Құрылыс жүргізуге, сапасын қадағалауға құқық беретін, ел аузында «ГАСК» деп қысқаша айтылатын атағы жер жарған мекеме менің құзырыма қараған кездері аты бар да заты жоқ мыңнан астам лицензияны қайтарып алудың салдарынан қаншама «жау» таптым.
- Сөзіңізге қарағанда жұрттың қамы үшін батыл жұмыс істеймін деп талай «жау» тауып жүр екенсіз. Ал «тендер ұтқандардан 20 пайыз ақша ашық талап етіледі» деген айыптауды да осындай «жауларыңыз» ойлап тапқан бос байбалам, қисынсыз әңгіме дейміз бе? «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демей ме, халық даналығы? «Тендерде ұту үшін 20 пайыз откат беруге келісуің керек» деген әңгімені біреу арызданып, біреу арызданбасын бәрібір елдің аузынан тым жиі еститініміз неліктен? «Облыстағы құрылыс, жол, су жүйелеріне өтетін тендрлердің бәрінен 20 пайызын алып ешқандай тарихы жоқ өзінің фирмаларына беріп келеді» деп те Сізді жазғырыпты жазғыштар.
--Бұлайша жазғырудың барлығы қашан өткен қай тендр, қандай фирма екеніне нақты айғақ келтірмей «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп «тас лақтыра»салған жалпылама, ең бастысы көпе-көрнеу жалған айыптау. Бұл біріншіден. Екіншіден құрылыс, су жүйелерінің тендрін өткізетін салалардың менің құзырыма қарамайтынына бірталай уақыт өтті. Үшіншіден маған бағыныстағы салалардан да бөлек сан алуан тіршілік бар. Олар да қыруар тендр өткізіп жатыр. Сондықтан «тендрде ұту үшін 20 пайыз откат беруге келісуің керек» деген әңгіме ел аузында айтылып жүрсе мұны менімен немесе маған қарасты салалармен ғана сабақтастыру қисынды ма? Рас, жолдың құрылысына жауапты басшының бірі менмін. Арызда «жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлердің жұмысына ретсіз араласады, жөн-жосықсыз кінәлайды, тірлікке кедергі келтіруде» деген секілді айыптауларды үйіп-төккендер «Батыс Еуропа--Батыс Қытай» автомагистралын атап айтыпты. «Тендрдің 20 пайыз ақшасын ашық талап етуде» деген айыптау да осы автомагистралға байланысты айтылған. Енді осы айыптау қаншалықты қисынға сиятынын таразылап көрейік. Бұл автомагистралдың жобасы тікелей Астанадағы министрліктен қаржыландырылады. Оған қоса «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жол дәлізінің біздің облыстағы құрылысына қатысушы мердігерлердің біреуінен өзгесінің барлығы шетелдік компаниялар. Мен мемлекеттік қызметкер ретінде мемлекеттік маңызы зор жобаның тірлігі сапалы жүруіне өз құзыретімнің шеңберінде жұмыс талап етуден өзге ешқандай артық қадам жасаған емеспін деп еркін айта аламын.
- Сіздің кезінде сотталғаныңызға байланысты бүгінде осындай лауазымды қызмет атқаруға қандай моралдық құқы бар дегенді де жұрт жиі айтады. «Б.Әлиевтің сыбайластығы соншалықты жергілікті қаржы полициясының бастығы Хайруллиннің қолдауымен қылмыстарының барлығы жасырылып отырған» дейді арызданушылар.
- Мұндай айыптауды жұрт айта, әлде жекелеген ат төбеліндей топ па? Осының аражігін ашып айтқан дұрыс. Иә, менің сотталғанымды көлденең тартатындар өте көп. Мемлекетке 150 теңге шығын келтірді деп мені бір кездері құзырлы органдар жауапкершілікке тартқаны да рас. 150 теңге! Сол кезде-ақ бұл айыптаумен келіспегенмін, әлі де келіспеймін. Мені «жақсы көретін» азаматтар баяғы келеңсіз оқиғаны әлі де ұмытқысы келмейді, қайта-қайта еске түсіреді. Бұл моральдық тұрғыдан адамды шаршатады екен. Басқасы басқа, облыстық қаржы полициясының бастығы болған М.Хайруллинді кейбіреулердің менің «крышам» санайтыны қатты таңдандырады. Шындығында ол маған ең қатты шүйліккен адам еді. Қаржы полициясының атынан бұрынғы облыс әкімі Нұрғали Әшімовке мені жұмыстан босату жөнінде ұсыныс та жібергенін қалай ұмытарсың? Облыс әкімдігінің заңгерлеріне бұл ұсынысты орындаудан бас тартпаса жұмыстан босаған сәтте-ақ бірден сотқа жүгінетінімді ескерттім. Өйткені, олар заңсыз шешім қабылдаса бәрібір ұтылатын еді. Заңдылықты қадағалайтын прокуратура мемлекеттік қызмет атқаруымда ешқандай заңға қайшылық жоқтығын атап көрсеткен арнайы құжат бергені бекер дейсіз бе? Облыс әкімі мән-жайдың мәнісін ұққандықтан қаржы полициясының ұсынысын орындаудан бас тартты. Сол қисынсыз ұсынысты кейбіреулердің әлі де арызына қосып жазатыны әбден әдет болып қалған.
- Арызға сенсек балағат сөздерді көбірек қолданатын көрінесіз?
- Балағат сөздермен біреудің арына тиіп нем бар? Әрдайым мемлекеттік қызметкерлерге арналған Ар-намыс кодексін бұзбауға, бұлжытпай орындауға ұмтыламын. Бірақ, кемшілікті немесе заңсыздықты бетке айтып, жұмысын атқара алмаса орнын босатуын қатаң талап ететінім рас. Бәлкім, осылайша қатты-қатты айтқандарымды балағат сөздер деп қабылдайтындар бар шығар? Егер де мен «атаң пәлен, әкең түген» деп айтып жатсам, оны балағат сөз деп айтуға болады. Ондай жағдайда сотқа беруге әркімнің құқы бар.
- Жұмысқа джинсымен, кроссовкамен келеді екенсіз...
- Жұмысқа джинсымен, кроссовкамен келетінім рас, бірақ, жұмыс күндері емес, сенбі, жексенбіде. Бұл күндері де кейде жұмысқа істеуге тура келеді. Қалған күндері жұмысқа талапқа сай киіммен галстук тағып келемін. Тіпті, шілденің шыжыған ыстық күндерінде де.
- Сізге қатысты осы кезекті арызды жазған кімдер, не үшін бұлай болғанын ойша таразылап көрдіңіз бе?
--Бұл жолғы арыз да әдеттегі жаптым жала, жақтым күйенің бірі. Арызға қол қойды деген адамдар бұл хаттан мүлдем хабарлары жоқтығын алға тартып, мұны арандату деп бағалап отыр. Авторлары жалған «домалақ арыз » тексеруге жатпайды. Әр арыздың нақты авторы мен ол тұратын мекен-жайы болуы қажет. Сондықтан, арыздың артында кімдер тұрғанын іштей жорамалдағанмен «ұсталмаған ұры емес» қой, «сен арыз жазыпсың» деп кіммен айтысып-тартысып, қандай абырой табасың? Егер қол қойған азаматтардың қайсыбіреулерінің қолы расталса, немесе тасада тұрып тас атпай арыздағы айыптауларды ашық мәлімдеуге батылы жетсе онда ақтығымды дәлелдеу үшін, арымды қорғау үшін ол азаматпен соттасуға дайынмын.
Рәшкүл Оспанәлиева, облыстық мәслихаттың депутаты:
«Кәсіпкерлер пікірін ашық білдіруге қуғынға ұшыраймыз деп қорқады»
- Бұл арыз менің бұрынғы тұрғын үйімнің мекен-жайынан жіберілген екен. Арыз арада біраз уақыт өткен соң жолданған адреске жетпей кері қайтқан. Хат соңында қол қойды делінген, өзімнен басқа да аты-жөні көрсетілген әріптестеріме, облыстық мәслихаттың депутаттарына хабарластым. Барлығы да арызға қол қоймағандарын алға тартты. Жалпы, мен өз пікірімді ашық айтатын адаммын. Хат жазып, арыздануға жоқпын. Яғни, бұл біздің атымызды пайдаланып әлдекімдердің әдейі ұйымдастырған тірлігі болып тұр. Жасыратыны жоқ, біздің мекеме облыстық жолаушылар көлігі басқармасымен тендерге қатысты мәселе бойынша соттасып жатыр. Бұл саланы Болатбек Әлиев қадағалайтынын ескерсек, бәлкім, дауласып жатқанымызды мүдделі топтар пайдаланып, «шымкенттік варианттың» керін келтірген іс-әрекетке барды деп ойлаймын. Бұл дұрыс емес. Одан да сол арызды жазғандар бізге келіп, ойларын ашық айтатын болса соны депутат ретінде сессияда көтеріп, басқа да жиындарда мәселені қозғап, депутаттық сауал да жолдар едік. Бұл қайта ашық түрде талқыланатын жақсы мәселе болар еді. Мұны кім жазса да, маған құпия түрде болса да хабарлассын дегім келеді. Жалпы, менің ойымша, біз қандай-да болсын мәселені өз арамызда, өз күшімізбен шешуіміз керек. Сырт жақтан келіп ешкім жәрдем бермейді. Бұлайша тығылып арыз жазғанша депутаттарға келіп, өзі аты-жөнін ашып айтпаса да проблеманы жеткізсін. Біз өз атымыздан-ақ мәселе көтеріп, комиссия атынан хат жолдар едік. Әкіммен сөйлесер едік. 50 депутат аз күш емес қой.
- Арыздың сауатсыз жазылғаны көрініп тұр.
- Жазылған арыз әрі сауатсыз, әрі нақты мәселе, мысал жоқ. Бір адамның әртүрлі қолдарды қоя салғаны да анық көрініп тұр. Бірақ, бұл хатты жазғандарды түсінуге де болады. Соңғы жылдары кәсіпкерлер пікірін ашық білдіруге қорқатын болды. «Қуғынға ұшыраймыз, неше түрлі тексерудің астында қаламыз» деп сескенеді. Яғни, бұл жерде кәсіпкерлердің билікке де, құқық қорғау органдарына да деген сенімсіздігі туындап отыр. Әрқайсысына әлеуметтік жауапкершілікті жүктеп қойғаны тағы бар. «Кәсіпкерлерге күн бермей жатқаны, «откат» мәселесі қозғалуының өзі көп жайды аңғартады. Мен өз позициямды ұстанып, «откат» беруден бас тарттым. Бәлкім, сол үшін де біздің компанияға тендерді бермей жатқан шығар. Әрине, алдын-ала келіскенімде онда ешқандай проблема болмайтын еді. Қысқасы, бүгінде кәсіпкерлердің қолы байланып отыр.
Нұралы Әбішев, облыстық мәслихаттың депутаты:
«Әлиевтің маған қандай қатысы барын түк түсіней отырмын»
- Арыз жазылған хат жайлы өздеріңнен бірінші рет естіп тұрмын. Мұны кім ұйымдастырса да менің атымнан қол қойып жүргендер жауапқа тартылуы тиіс деп есептеймін. Дұрыс тірлік емес бұл. Менің Болатбек Әлиевпен ешқандай байланысым жоқ. Ол жол саласын қадағалайды. Ал мен коммуналдық салада, су, газ құбырын тартумен шұғылданамын. Жалпы, Болатбек Әлиевпен мүлдем жұмыс істескен адам емеспін. Кабинетіне бір рет қана кірген екенмін. Депутаттық жұмыстарымызға араласпайды, бюджетке қатысы жоқ. Мен бюджет, кәсіпкерлік мәселелері жайлы бұған дейін Айтахановпен, қазір оның орнына келген Тұяқбаймен бір-екі рет сөйлескенмін. Сондықтан, маған Әлиевтің қандай қатысы барын түк түсінбей отырмын.
Абай Көмекбаев, облыстық мәслихаттың депутаты:
«Бұл провокация»
- Ол хат жайлы хабарым бар. Өзім оқымасам да мазмұнын ептеп білемін. Жалпы, мен біреудің сыртынан арыз жазып, хатқа қол қоятын адам емеспін. Пікірімді ашық айтудан тайсалмаймын, ойымды жасырынып емес, тіке жеткіземін. Мәслихаттың сессиясында, комиссия отырысында мәселе ретінде қозғаймын. Тіпті хатта менің аты-жөнімді «Көмекбай А.М.» деп қате жазыпты. Дұрысы Көмекбаев Абай Әбдіманапұлы. Қалай болғанда да бұл нағыз провокация деп есептеймін.
Нұржан Құрманбеков, кәсіпкер:
«Мұндай хаттар бұған дейін де жазылған»
- Бұл хат туралы бірінші рет естіп отырмын. Өз басым ешқандай арызға қол қойған емеспін. Дегенмен, депутаттығымды, кәсіпкерлігімді бұған дейін әлдекімдер пайдалануға тырысқанынан хабарым бар. Былтыр сайлаудың алдында біздің атымыздан бірнеше хаттар жазылып, жан-жаққа жіберіліпті. Біреулердің әдейі ұйымдастырып отырған әрекеті ғой.
- Біздің қолымыздағы хатта Болатбек Әлиевтің тарапына ауыр сындар айтылыпты. Тендерден 20 пайыз көлемінде «откат» алатыны, мердігерлергеқысым жасайтыны жазылған. Осыған қатысты айтар ой-пікіріңіз бар шығар.
- Менің құрылыс, жол саласына ешқандай қатысым жоқ, онда не болып жатқанын білмеймін. Білсем де пікірімді айтар, айтпасым екінші мәселе. Анық-қанығын білмейінше қандай-да мәлімдеме жасау дұрыс емес қой.
Мұрағаттан, 12.05.2012 ж