Сталиндік қуғын-сүргінге - 75 жыл

Oinet.kz 12-05-2012 1267

Николай Ежов адамзат тарихындағы қанқұйлы тұлғалардың бірі. 1937 жылғы қуғын-сүргінді  ұйымдастырушы. Дәлірегі осы қанқасапты шебер орындаушы. СОКП-ның әйгілі ХХ съезінде Хрущев Ежовты «қылмыскер және нашақор» деді. Ежов Ішкі істер Халық комиссары болған дәуір (1936-38 жылдары)  «ежовщина» деп аталады. Қанқұйлы жендетке халық сол заманда-ақ «қандықол қортық» деген лақап ат тақты (Ежовтың бойы бір жарым метр ғана болатын). Ежовщина дәуірінде 700 мыңға жуық адам атылды. Ал абақты мен лагерлерге қамалып, айдауда азап шеккендердің ұзын-ырғасы 3 миллионнан асады.

ста.jpg

Николай Васильевич 1895 жылы Петербургте дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол теміржолда істейді. Қайда жүрсе де Ежов қожайынына қалтқысыз қызмет ететіндігімен көзге түсті. 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін қызылдардың көсемдеріне дәл осындай елгезек, тілалғыш адам ауадай қажет еді.

Ежов 1919 жылы қызыл армияның қатарына алынады. Партиялық жұмыстарға да осы кезден араласа бастаған. Әуелі Татарстанда істейді. «Ұлтшылдармен», «жағымсыз элементтермен» күресті ол осы кезде-ақ бастап қойған еді. Билік үшін таптырмайтын Ежов 1923-24 жылдары Қазақстанға келіп, Семей губерниясының жауапты хатшысы болып тағайындалады. Ұзамай  Қазақ өлкелік комитеті жауапты хатшысының орынбасарлығына ауысады.

Ежов өзінің кім екенін Мәскеуге келгеннен кейін танытады. Кейінірек оны Кремльге келуіне жәрдем берген Москвин Ежов туралы былай деп жазды: «Ежов сияқты айтқанды мүлтіксіз орындайтын адамды табу қиын. Оған тапсырылған істі қадағалаудың қажеті жоқ. Ежов бәрін тап-тұйнақтай орындап қояды. Бірақ оның ең басты кемшілігі--өзін дер кезінде тоқтата алмайды».

1930 жылы тапсырманы мүлтіксіз орындайтын Ежовты Сталин өзінің қарамағына шақырады. Ол осы кезден бастап Сталиннің кадр мәселесімен айналыса бастаған. 1936 жылдың  қыркүйегінде ол қызметінен кеткен Гених Ягоданы орнына-- КСРО Ішкі істер Халық комиссары болып тағайындалды. Жаңа қызмет келе салысымен ол антикеңестік және тыңшыларға қарсы аяусыз күрес бастады. 1937 жылдан бастап қуғын-сүргін шаралары үдей түсті. Ежов бұрынғы бастық Ягодадан қалған кадрларды тазартып, партия серкелеріне де құрық салды. Тіпті шетелге қашып кеткен қызыл генералдар мен партия белдсенділерін тыңшы жібертіп өлтіртті. Лениннің партиялас  серіктерінің де көзін жоюды мінсіз орындап, НКВД-ға сіңірген еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталды. Ежовтың бейнесі осы кезде Кеңес баспаөзінде жағымды тұлға, халық жауларымның көзін жоятын ымырасыз күрескер ретінде суреттелді. Ежов туралы әңгіме қозғалғанда «Сталиннің наркомы», «Халықтың сүйіктісі» деген теңелулер жиі айтылды.

1938 жылы Ежов өзіне жүктелген міндеттерді толығымен орындап шықты. Осы кезде Ежовтың үстінен Кремльге арыз түсті. Арызды ұйымдастырушылар Ежов енді Сталинге керек емес деп шешті. Олар қателеспеген екен. Ұзамай Сталин Ежовты НКВД-ның бастығы қызметінен өз еркімен кету туралы арызына ойланбастан қол қояды.  Оның орнына Лаврентий Берия отырды.

Ежов 1939 жылдың сәуірінде тұтқындалды. Алдында не тағдыр күтіп тұрғанын ол жақсы білді.  Тұтқындалғаннан кейін пәтеріне тінту жүргізген чекистер оның сейфінен кезінде Сталиннің басты қарсыластары, отызыншы жылдары атылып кеткен партия көсемдері Зиновьевтің, Каменевтің және басқа да азаматтардың ажалына себеп болған оқтарды тапты.

1940 жылдың 3 ақпанында Әскери соттың алдында жауап берген Ежов өзіне тағылған тыңшылық жасады, билік өкілдеріне қарсы қастандық ұйымдастырмақ болды деген айыптарды мойындамады. «Мен НКВД-дан 14 мың чекисті тазалап шықтым. Бірақ бұл аз болған екен» деді ол шірмікпестен. Сот оны ату жазасына кесті.

«Қандықол қортықтың» түбіне жеткен оқты ешкім сақтап қалған жоқ.

Болатбек Әлиев: «Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді»
Ашаршылыққа—80 жыл: «Көріңде өкіргір, Голощекин!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу