Сапар Жапаров: Екеуін қудық, біреуін қамадық
Сейсенбіде Ош тұрғындарымен кездескен Қырғызстан президенті міндетін атқарушы Сапар Жапаров Сооронбай Жээнбековке экс-президент мәртебесін бергенін хабарлады.
"Қарсылар болды. Бірақ мен бар жауапкершілікті мойныма алып, мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Себебі, 30 жыл ішінде бізде экс-президент қалмаған екен: екеуін қудық, біреуін қамадық. Егер біз Сооронбай Жээнбековті де қусақ немесе түрмеге отырғызсақ, онда бұл теріс құбылыс қайталана бере ме деп ойлаймын"– дейді Жапаров. Қырғызстан Конституциясының 69-бабына сәйкес, мемлекет басшысы өз еркімен қызметінен кетсе, автоматты түрде экс-президент мәртебесі беріледі.
Өткен жылы Жогорку кеңеш елді 2011-2017 жылдары басқарған Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырған еді. Бұл оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Бірнеше бап бойынша айыпталып, сотталған Атамбаев қазір түрмеде қамауда отыр. Елде экс-президент мәртебесі 2010 жылғы революциядан кейін ауыспалы кезеңде президент болған Роза Отунбаевада да бар.
Осы арада айта кетелік, Қырғызстанда Конституцияның жаңа жобасы дайындалуда. «Конституциялық реформа жасау үшін біз жоба дайындадық. Қарсылық көрсетушілер жетерлік. Түркіменстандағыдай билікті қолға алады, Конституцияны құпия түрде дайындап жатыр деген сындар айтылды. Бірақ жоба құпия түрде жасалып жатқан жоқ. Қоғам талқылауына ұсынылады. 10-15 күнде Конституциялық жиналыстың немесе Жогорку Кенештің талқылауына шығарамыз. Біз оны Жогорку Кенеш арқылы өткізу тезірек болады деп ойлағанбыз. Бірақ үкіметтік емес ұйымдар Парламент мерзімі 28 қазанда түгесілгенін айтып жатыр. Сол себепті сіз Конституциялық жиналыс құрып, құжатты соларға береміз. Жиналыс отырысы тікелей эфирде көрсетіледі», - деп мәлімдеді Жапаров.
Жаңа құжатқа сәйкес, Жогорку Кенеш сайлауы 2021 жылдың 1 маусымына дейін өтуі тиіс. Бірқатар заңгердің мәлімдеуінше, Парламент сайлауы өтетін уақытты кейінге қалдыру – елдегі саяси дағдарысты тереңдете түседі.