Қазақстанда келесі премьер-министр кім болады?
Мәжіліс пен мәслихаттың мандатына таласқан депутаттық доданың қорытындысы қалай боларына алдын ала болжам жасап қойған елді енді ең бастысы сайлаудан кейінгі сценарий қызықтырып отыр. Мерзімінен бұрын өтетін сайлаудан кейін үкіметте қандай ауыс-түйістің жасалатыны туралы қызу өрби түскен әңгіменің күн жылжыған сайын қызуы көтеріліп келеді. Осы аптада президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев жаңа үкіметті Кәрім Мәсімовтың, Өмірзақ Шөкеевтің және Тимур Құлыбаевтың басқаруы мүмкін деген болжамын айтты.
- Қазіргі үкімет қаржы дағдарысын еңсеруге зор еңбек сіңірді. Осы салада жинақтаған тәжірибесі ескеріле отырып үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімов өзінің орнын сақтап қалуы мүмкін екен. Үкіметті осы бағыттан ауытқымай жұмыс істеуі үшін премьерлік пост Өмірзақ Шөкеевке де тапсырылуы мүмкін. Сонымен бірге ешкім күтпеген жаңалық--«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жетекшісі Тимур Құлыбаев та үкімет жетекшісінің орынтағынан көрініп қалуы мүмкін. «Самұрық-Қазына» қоры Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Менің білуімше, Құлыбаев Үкіметті басқаруға тәжірибесі жетеді. Егер Мәсімов кетіп, оның онын Шөкеев басатын болса, үкімет жетекшісінің бірінші орынбасары орынтағы Тимур Құлыбаевқа бұйырады,- дейді кеңесші Е. Ертісбаев.
Құлыбаев премьер-министр лаузымына иеленіп жатса, ол көпшілік үшін күтпеген жаңалық болмауы мүмкін. Өйткені қашанда Ақорданың алдағы жоба-жоспарын халыққа тұспалдап жеткізіп жүрген Е.Ертісбаев осыдан бірнеше ай бұрын «Коммерсант» газетіне берген сұхбатында Елбасы мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, онда күйеу баласы Құлыбаевтың президенттің ісін ары қарай алып кететіні жөнінде мәлімдеме жасағаны белгілі. Бұл болжам нысанаға дөп тие ме, жоқ па оның уақыт көрсетер. Дегенмен ол жүзеге асса, дәлірегі Тимур Құлыбаев жаңа үкіметке жетекшілік етсе, «күйеу баланың» президенттік таққа да түбі отыратынын сандыраққа санауға болмайды. Өйткені қай уақытта да премьерлік президенттік таққа берілетін бірден-бір жолдама болып келген. Бұл тәжірибе ТМД елдерінің біразында сынақтан сәтті өткен. Еске түсіріп көрелік.
Гейдар Әлиев—Ильхам Әлиев
Әзірбайжанның қазіргі президенті Ильхам Әлиев КСРО ыдырап, тәуелсіз мемлекеттер құрылып жатқан кезде жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 1991жылы ол «Ориент» деп аталатын фирманы құрды. Осы кәсіпкерлік шаруалармен ол Стамбулға кетіп, сонда бір жыл тұрған. Елге 1992 жылы оралады. Бұл кезде оның әкесі Гейдар Әлиев Әзірбайжанның президенті болып сайланған болатын.
Ильхам 1994—2003 жылдар аралығында Әзірбайжанның Мемлекеттік мұнай компаниясында вице-президент, бірінші вице-президент қызметтерін атқарды. Осы аралықта ол екі рет Әзірбайжан мәжілісіне депутат болды. 1997 жылы ол сонымен бірге Әзірбайжан олимпиада комитетінің президенті болып сайланды.
1999 жылы ол «Жаңа Әзірбайжан» партиясы төрағасының орынбасары, 2001 жылы бірінші орынбасары, ал 2005 жылы төраға болып сайланды. 2001-2003 жылдары Еуропа кеңесі парламенті Ассамблеясында Әжірбайжан Ұлттық Мәжілісінің делагциясына жетекшілік етті.
Ал, 2003 жылдың 4 тамызында Ұлттық Мәжілістің бекітуімен Әзірбайжанның премьер-министрі болып тағайындалды. Ал арада бар-жоғы екі ай өткенде ол президент сайлауында 76 пайыз дауыспен Әзірбайжанның президенті лаузымына кірісті.
Өзінің президенттік қызметіне кірісу салтанатында Ильхам Әлиев әкесінің салған сара жолынан ауықтамауға уәде етті. 2008 жылы ол сайлаушылардың 88 пайыз даусын иеленіп, президенттікке екінші қайтара сайланды.
Ельцин-Путин
1999 жылы күндізгі сағат он екіде, яғни Жаңа жылға он екі сағат қалған кезде Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельцин теледидар арқылы ресейліктерге өзінің отставкіге кететіні жөнінде мәлімдеме жасады.
Ельцин тарихта тәуеліздік пен демократияны алып келген президент ретінде қалды. Цензураға жаны қас ол баспасөзге бостандық берді, Ресейдің барлық елдермен бейбіт қарым-қатынас жасауын, алып мемлекеттің әлемнің бір бөлігі ретінде өмір сүргенін қалады. Бірақ 1993 жылдың қазанында Мәскеуде болған оқиғалар (Ельцин мен Жоғарғы кеңес арасындағы текетірес, оның ақыры Парламент ғимаратын атқылау, наразылық білдірген қара халықты әскердің күшімен басып-жаншу, жүздеген адамның өмірін жалмаған қанды қырғын) Ельциннің өміріне күрт өзгеріс алып келді. Осы қанды қырғынды ұйымдастырған Ельцин өзінің билігін сақтап қалу үшін демократиядан бас тартты. Ол түптің-түбінде биліктен айырылатынына, тіпті жасаған қылмыстары үшін күні ертең түрмеге де жабылатынына күмәнданған жоқ. Сондықтан да оған болашағын қамтамасыз ету үшін билікті мирасқорлық жолмен беруден басқа амалы қалмады.
Міне, осы кезден бастап Кремль «Мұрагер» операциясын жүзеге асыруды бастаған. Үлкен үйдегі кеңесшілер ақылдаса келе Путиннің кандидатурасына тоқталды. Неге Путинге? Өйткені тоқсанышы жылдардың ортасында Ельциннің беделі әбден құлдыраған болатын. Ельциннің билікті өрескел пайдаланғаны, экономиканы дұрыс жүргізе алмағаны, ең ақыры «орыс демократиясының атасы» атанған азаматтың ішкілікке жақындығы туралы әңгімелер халық арасында, баспасөзде гу-гуге айналған еді. Путиннің бейнесі сол кезде әлеуметтік-саяси дағдарыстан, бассыздықтар мен жауапсыздықтардан әбден шаршаған ресейліктердің көңілінен шықты. Путин Ельциннің қарама-қайшы бейнесін құрады. Ельцин әбден қажыған, шаршаған, ал Путин керісінше жігерлі де жас болатын. Ельцин арақ-шарапқа жақын, ал Путин керісінше салауатты өмір салтын ұстанатын, спорттың жекпе-жек түрлерін меңгерген спортшы еді. Ельцин жиындарда екі сөздің басын құрай алмайтын, Путин керісінше сөздің майын тамызатын. Ельцин хаостың символы болса, Путин керісінше күштіліктің, біртұтастықтың бейнесін қалптастыра алды. Сол кезде Кремльдегі ең ықпалды саясаткелердің бірі Борис Березовскийдің миллиондары Путиннен мұрагер жасап бақты. Олар оны президентше қарым-қатынас жасауды, киінуді, халық алдында сөйлеуді үйретті. Олар Путиннің болашақ қарсыластарының бәрінің көзін жойды. Оның ішінде ең басты қарсылас саналатын Примаков—Лужковтың кланы басып-жаншылды. Кремль осы мақсатта жала жабу, олардың жағымсыз бейнесін қалыптастыру үшін газет-журнал мен телевидениені де шебер пайдаланды. Алайда мұның бәрі жеткіліксіз еді. Өйткені болашақ мұрагер міндетті түрде премьерлік креслодан шығуы тиіс болатын.
Қазіргі уақытта Ресейден қашып, Англияға барып тұрақтаған Б.Березовский былай деп еске алады:
«Ресейде сайлаушылар даусын үміткердің қарым-қабілетіне емес атқарып жүрген қызметіне қарап береді. Бұл ежелден қалыптасқан үрдіс. Мәселен Үкімет басына Черномырдиннен кейін келген, ешкім білмейтін Сергей Кириенко кенеттен танымал болып шыға келді. Премьерлік постта екі ай отырғаннан кейін оның рейтингісі 20-30 пайызға дейін жетті. Одан кейінгі үкімет төрағасы Примаковтың танымалдығы бірден 30 пайызға шарықтады. Примаков кетті, оның орнын Степашин басты. Ол да бірден халық арасында танымал тұлғаның біріне айналды. Ол ғана емес, премьелік креслоға отырған кез-келген адамның беделі күрт өсе береді. Егер премьер президенттік сайлауға түссе, ол міндетті түрде жеңіске жетеді».
Міне, осы үрдіске сәйкес бұған дейін Санкт-Петербург мэрлігінде еңбек еткен, осы қызметте бақандай бес жыл жүрсе де онша таныла қоймаған Путин Кремльге келген үш жылдың ішінде Президенттің іс басқарушысының орынбасарлығынан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылады.
Ельцин Путинге билікті беру жөніндегі шешімді 1999 жылдың мамырында қабылдады. 9 тамызда Путин Үкімет төрағасының бірінші орынбасары әрі төрағаның міндетін атқарушы болып тағайындалды. Осы күні-ақ Ельцин Путинді өзінің «мұрагері» екенін теледидар арқылы мәлімдеді. 16 тамызда Путин премьер-министр лаузымына біржолата кірісіп, бірнеше айдан кейін өткен президенттік сайлауда жеңіске жетті.
Путин президенттік қызметіне кіріскеннен кейінгі оның ең алғашқы шығарған жарлығы Ельцинге қатысты еді. Ол жарлық бойынша тұңғыш президенттің және оның отбасының мүшелерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Оларға қатысты қамауға алу, қылмыстық жаупкершіліке тарту иммунитеті жойылды. Сонымен біге экс-президенттің өзі және отбасының материалдық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ельциннің отбасы мүшелері қазірге дейін мемлекеттен ай сайын қомақты жәрдемақылар алып, тиісті жеңілдіктерді пайдаланады.
Күні кеше Путиннің өзі негізін қалаған “Единнная Россия» партиясы Дума сайлауында дауыс берушілердің 50 пайызына жуығының қолдауын иеленіп, Парламенттің төменгі палатасындағы мандаттың жартысына қол жеткізді. Партияның қыркүйекте өткен съезінде «Единная Россия» партиясы келер жылдың 4 наурызында өтетін президент сайлауына Путиннің кандиатурасын ұсынғаны белгілі. Путин бұл жолғы сайлаудың басты фавориті. Оның додада қарсыластарын қара үздіріп кететіне ешкім күмәнданбайды.
Қарап отырсаңыз, Ресейде де, Әзірбайжанда да, Қазақстанда да бір сценарий. Ресейде алдымен Дума сайлауы, одан кейін президенттік дода. Қазақстанда алдымен президент, одан кейін мәжіліс сайлауы. Біреуі ерте, біреуі кеш демесеңіз, нәтижесі бірдей. Бір айта кетері, «Жаңа Әзірбайжан» және «Нұр Отан» партиялары «Единная Россияның» ресми одақтасы болып саналады. Елбасы Н.Назарбаев күні кеше әріптесі Путинге құттықтау хат жолдады.
Мұрағаттан, 12.12.2011 ж