Шымкентте «қоштасу валсіне» ұқсаған сессия өтті
Кешегі күні облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Онда келер жылдың бюджеті бірауыздан нақтыланды. Облыстың 2012 жылғы қазынасы республикалық трансферттерді қоспағанда 20 миллиард теңгеге ұлғайып отыр. Терреоризм мен экстеримизмен күресті күшейтуге байланысты келер жылы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін ішкі істер департаментіне жаңа құрылғылар алып беру көзделіпті. Облыс орталығынан жаңа қалашық салу жағы да ойластырылуда, тағысын, тағылар. Бірақ біздің негізгі айтпағымыз бұл емес еді.
Жалпы өз еркімен тарап тынған Мәжілістің қасында мәслихат «амалсыздан шалға тиіп бара жатқан» қыздай көрінеді. Өйткені мәжілісмендер мәслихатты да мерзімінен бұрын таратуды Елбасыдан өтінуге қаншалықты құқылы еді? Мәжілісмендердің өздері сықылды партиялық тізіммен емес, әрқайсысы жеке-жеке мандат үшін күресіп жеңіп алған мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін «құрбандыққа» шалардың алдында олар халықтың пікірімен неге санаспады? Қазір әрбір мәслихат депутатын осы сауалдың мазалап жүргені айдан анық. Сондықтан да болар, сессияда өкілеттіктері аяқталуға жақын, көңілі алаң депутаттар оншалықты белсенділік көрсете қоймады. Күн тәртібіне қойылған мәселелер бірауыздан қабылдана берді. Тіпті өздері жаппай қол көтеру арқылы қыруар қаржы бөліп отырған салаға басшылық жасайтын басқарма басшыларының бірі жиынға қатыспағанына да назар аудармады.
«Қоштасу вальсіне» ұқсаған осы жолғы сессияда облыс әкімі Асқар Мырзахметов барлық мәслихат депутатына Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап шығарылған медалдарды өз қолымен тапсырды. Билік әзірлеген арнайы тізімге енбеген қамкөңіл депутаттардың бірқатары мінберге көңілсіз көтеріліп, қуанып қабылдайтын медалды алуға салғырт,сылбыр басып барғаны байқалды. Бәлкім, кеудесіне тағатын су жаңа медалдары депутаттық төсбелгісін айырбастайтынына алаңдады ма екен, кім білсін. Ал мәслихат хатшысы Әбілқасым Досболовтың «Төрт жыл бірге істедік, шәй дескен жоқпыз» дегендей тебіреніске толы сөздері депуаттардың жүрегін тіптен елжіретіп жібергендей болды. Хатшы халық қалуыларына естелік ретінде альбом табыс етті. Бәлкім, халық қалаулылары осы альбомға қарап депутаттық шағын еске алып жүрсін дегені шығар. Алғыс хат емес, басқа марапат емес, көпшіліктің көзінше жарнама жасамай-ақ әншейін реті келгенде қолға ұстата салатын албомды да жеке-жеке сахнаға шақырып тапсыру көңіл шіркінді толқытып тастағаны даусыз. Осылайша төртінші шақырылымдағы мәслихат та тарих қойнауына еніп барады.
Мұрағаттан, 12.12.2011 ж