Құрғақ уәдеге құмар әкім
12-04-2023
«Нұр Отанның» мұнысы ұят-ақ болды. Ұят болмағанда ше? Елдің ыстық ықыласына бөленген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев не референдумды, не сайлауды таңдайтыны таразыға түсіп, сын сағаты туып тұрғанда...
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткен жылы не істеп, не тындырғаны жайлы ел алдында емтихан тапсырар сәті таяған кезде... Еліміз бойынша төрағалығының тізгінін Елбасының өзі ұстағанын, біздің өңірдегі филиалына басшылық жасау облыс әкіміне жүктелгенін ескерсек, «Нұр Отанның» нағыз өліара шақта партияның атына кір келтіретін пендешілікке барғаны, популизммен айналысқаны кім кімге де абырой әпермейтіні анық. Әлқисса, әңгімегенің нақтысына көшсек...
«Күлтөбенің басында күнде жиын». «Нұр Отанның» облыстағы филиалының ұйымдастыруымен күнде жиналыс. Соның бірі – көшпелі қоғамдық қабылдау кешегі аптада Мақтаарал ауданында өткізілді. Мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшылары, осы өңірден сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары төрге озған жиында жанын жегідей жеген мәселесін жайып салғысы келген 43 азамат тізімге тіркеліпті.
Бұл жолғы қоғамдық қабылдауды кілең орынбасарлар жүргізді. «Нұр Отанның» Мақтааралдағы филиалының төрағасы болып табылатын аудан әкімі Серік Тұрбековтың өзі бұл жиынға қатысуды жөн деп таппаса басқаларына не жорық? Көшпелі қоғамдық қабылдау ауданда күнде өтіп жатыр ма? Облыс орталығынан ауданға қаншама шақырым жол жүріп келгендер еріккеннен барып па? Әйтеуір аудандық филиал төрағасының орынбасары Әбдіманап Байдуллаев жиынның басы-қасында болды. Облыстық филиалдан төрағаның орынбасары Калыйма Жантөреева отырды. Аудан әкімінің орынбасары Жамантай Бейсенбаев та белсенділердің бірі ретінде төрден көрінді. Жә, енді босағада тұрып бұйымтайын айтқан «тізімдегілердің» базынасына құлақ түрелік.
Әңгіменің әлқиссасы ауыз судан басталды. Асықата кентінде ауыз су жекенің қолында болғандықтан тұтынушылар кезігіп отырған қиындықтар көп екен. Бұл туралы осы ауылдың тұрғыны Т.Әбуов айтты.
Үй салатын жер телімін ала алмай жүрген бірнеше кейуана төбе көрсетті. «Ойда жоқта отағасынан айырылып қалдым, енді жер теліміне қол жеткізу қиын болып тұр», - дейді зейнеткер ана Ш.Есентөреева. «8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім, соның біреуіне де жер телімі бұйырмай келеді». Бұл зейнеткер Ш.Қосалиеваның зары.
Күйеуінің де, өзінің де ІІ топтағы мүгедек екенін айтқан С.Дәулетова математика пәнінің мұғалімі мамандығын алған қызына жұмыс тауып беруін өтінді. Ал Үсентаев Жарқынбектің зарын жайбарақат тыңдау мүмкін емес. 2 жасында құлап қалған ұлын ауруханаға апарғанда дәрігер қате диагноз қойып, сол бойынша дәрі-дәрмектер қабылдаған. Дәрілер кері әсер етіп, нәрестенің халі онан сайын нашарлап кеткен. Қазір жасы 5-ке келсе де сөйлей алмайды.
Қостақыр ауылының тұрғыны Ә.Оспановтың «времянка» үйі шекара сымынан небәрі 2,5 метр жерде екен. «Немерелерім бар, малым бар, сымға оралып қамас па екен деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз»дейді ол. Ал тұрғын үй мәселесі тығырыққа тіреген Ш.Көбейсінова зарымен бірге көз жасын да төкті. Құдай қосқан қосағы көз жұмған. Қолында бір асырап алған баласы бар екен. Жәрдем сұрап жан-жаққа арыз жазса, көмектесу орнына бірі «балаңызды жетімдер үйіне өткізесіз бе?» деп ескі жараның аузын тырнаса, біз сайлаған депутат деп барған адамы «байға тиіп алмайсыз ба?» деген сөзге дейін айтып, намысына тиіпті. Міне, арызданушылардың арызы осылай жалғаса береді. Мәртебелі орында отырғандар барлығының мәселесін түс қайта «пәленшеге» арыз жазыңыз деп ақыл айтудан аса қоймады. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың барлығының мәселесі «түстен кейін» шешілетін болды. Өйткені, арызданушыларға айтылар бір ғана сөз - «түс қайта пәлен деген азаматқа арызыңызды алып барыңыз, сол шешеді» болды. Ал дәл сол жерде шешімін тапқан бірде-бір мәселені байқамадық. Бұл жайт облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбішевтің намысына қамшы басқан болса керек «арыз жаз, арыз жаз деп жұрттың бәрін кері қайтара бергенше осы жерде шешуге болатын мәселе болса тыңғылықты қарайық та», - деген ойын ортаға салды. Бірақ, оны қолдай қоятын ешкім болмады. Бәрібір «арыз жазыңыз, түс қайта...» деген әңгіме әрі қарай жалғаса берді. Кім білсін осыған ашуланды ма, Н.Әбішев жиынның соңына дейін отырғысы келмей, орта белінен асығыс тұрып кетті. Сонда бұл кімге қажетті қоғамдық қабылдау? Әлде көзбояушылық па? Журналистерге берілген баспасөз мәлімдемесінде «Қоғамдық қабылдаудың мақсаты Елбасы, Партия төрағасы Н.Назарбаевтың нұсқаулары мен тапсырмаларын орындау, қоғамымыздың тыныс-тіршілігін БАҚ арқылы шынайы көрсетіп, «Қазақстан-2030» стратегиясының екінші он жылдығының орындалуына қадам жасау» деп көрсетіліпті. Өте орынды. Ал мазмұнын «жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық талап-тілектерін дер кезінде және әділ шешу» депті. Құптарлық. Бірақ, өкінішке қарай, дер кезінде шешілген мәселені көру мұң болды. Бәрі де «түс қайтаға» қалдырылды. Сол мәселе түс қайта шешіліп пе? Арада бірнеше күн өткеннен кейін қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың бірқатарына телефон шалдық.
Шаркүл Есентөреева, зейнеткер:
- Түс қайта аудан әкімінің орынбасары Жамантай Бейсенбаевқа барып едім аудандағы жер мәселесімен шұғылданатын тиісті маманға жұмсады. Ол жақтан білгенім, кезекте жоқ болып шықтым. Арызды жер бөліміне барып жазуым керек екен. Ондағы хатшы «арызыңызды Шымкенттегі жер комитетіне жібереміз, қайта беріңіз» деді. «20 жылдан бері осылай арыз тастап кетемін, неге кезекте жоқпын? Мүмкін тағы да ілікпей қалатын шығармын» дегенімде бастыққа жолығуымды нұсқады. Ал оны кабинетінен таба алмадым. «Нұр Отан» келеді дегенге үлкен үмітпен барып едім, ештеңе де өзгерген жоқ, сол қалпы. Баяғы «әлеуләйім» қайта жалғасты.
Артықбай Асылбеков:
- Ешқандай өзгеріс болмады, еш жерден хабар жоқ. Жым-жырт. «Нұр Отан» ештеңені өзгерте алмады. Түс қайта да ешкімге жолыға алмадым...
«Нұр Отан» ХДП бастамалары, мақсаты дұрыс. Бірақ, облыстық филиалының әрбір өткізген жиыны осындай мәнсіз маңызға ие болса халық алдындағы абыройы қалай көтерілмек?
Кімге сенеміз?
Елемес Сабыров, зейнеткер:
Тұрбеков үшін облыс әкімінің тапсырмасы түкке татымағаны ма?
-Ауыл шаруашылығы үшін қажет өнімдер шығаратын биофабрика мәселесімен облыс басшысына дейін барып, әкім Асқар Мырзахметов аудан басшысын өзіне шақыртып, фабриканың құжаттарын әзірлеу жөнінде тікелей тапсырма берген болатын. Өкінішке қарай сол тапсырманың орындалу уақыты өтіп кетсе де «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып қойды. Сонда Серік Тұрбеков үшін облыс әкімінің тапсырмасы түкке татымағаны ма?
Мақсымхан Жарасов, «Құрмет» орденінің иегері;
«Мен директор кезде еккен мектептің ағашына мал жайып тастады»
«2005 жылы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Қоғалы ауылындағы мектеп алаңына 1 миллионға жуық тал егіп, шөл жерден орман жасадым. Ол кезде мектеп директоры едім. Кейін бастаған ісімді ұлым жалғастырды. Аудандық білім бөліміндегілер бұл мектептің тізгінін дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне бергеннен кейін осы есіл еңбегім еш кете бастады. Ағаштарды кесті, біразы қурады, қалғандарына мал жайып тастады. Оқушылардың да сабақ үлгерімі нашарлап, бірнеше жылдан бері ҰБТ қорытындысынан төменгі орыннан көтеріле алмай келеді. Бүгінгі директор осы орынға лайық па? Мені қайта жұмысқа алсын, «Жасыл ел» бағдарламасын қайта жалғастырғым келеді. Міне, мына малдың жайылып жүрген, мына кесілген ағаштардың суреті...
Батырбек Қоқанбаев, аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары:
«Мектепте жайылып жүрген өзінің малы»
- Мектептің біраз жылдан бері ҰБТ-дан төмен көрсеткіш алып келе жатқаны рас. Бірақ, тал кесті, мал жайды дегені жала. Өзінің орнына баласы барған, ол жұмыстан кеткеннен кейінгі істеп жүрген әрекеті бұл. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі де педагог, мектеп басқаруға құқы бар. Әйтпесе, мектепке өте жақын орналасқан, ғимаратқа қауіпті 2 ағаш қана лажсыздан кесілді. Ал жайылған малға келсек, ол Жарасовтың өз малы. Мектеп ауласына әдейі айдап жіберіп, суретке түсіріп, енді оны жарнамалап жүр...
Әңгімеден байқап отырғандарыңыздай, «Нұр Отанның» көшпелі қоғамдық қабылдауында көтерілген мектеп төңірегінде дау-дамай ушыққан секілді. Ал оны ретке келтіретін білім бөлімінің басшылығы мәселені онан сайын ушықтыруға себеп болатын сөздермен дауласуға дайын екенін ашық сездіріп отыр. Ал зейнеткер болса, «ойымдағы орындалғанша аяғым жеткен жерге дейін әділдік іздеймін» деп ол да қасарысып отыр. Ал Б.Қоқанбаевтың мойындап отырғананындай, бұл білім ұясында білім сапасы сын көтермейді екен.
oinet.kz мұрағатынан