Президент референдумды емес, сайлауды қалады

Oinet.kz 03-02-2011 760

105431.jpg

"Ең бастысы, мен қазір «орныңнан кетпе, жұмысыңды ары қарай жалғастыра бер» деген халықтың емеурінін түсіндім. Конституциялық кеңестің қандай шешім қабылдағанына қарамастан денсаулығым, қажыр-қайратым мүмкіндік берсе, халық бірауыздан қолдап-қуаттаса мен қызмет ете беруге даярмын»

Өткен жұма күні Парламенттің біріккен отырысында Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі жолдауында осылай деген Елбасының сөзінен кейін залда отырған халық қалаулылары, биліктің қаймақтары бірі қалмай орындарынан дүрк көтеріліп, мемлекет басшысы «Отырыңыздар» дегенше  ұза-а-а-ақ қол шапалақтады. Неге? Бәлкім, өздерінің референдум өткізу туралы  бастамаларының жүзеге асатынына, Конституциялық кеңестің шешімінің оң болатынына сенгендіктен шығар.  Жоқ, олай болмай шықты. 

Араға екі күн салып, өткен дүйсенбіде Конституциялық кеңес Парламенттің Президенттің қарсылығына қарамастан қабылдаған заң жобасын Ата Заңға қайшы келеді деп тапқан соң, Елбасы сол күні-ақ тікелей эфир арқылы «Мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын» деді. Елде мерзімінен бұрын Президент сайлауы өтетін болды. 

Тағы да қолдау, қолпаштау, тағы да мақтау. Жаңылыс бағытқа жол беріп қойғандарына,  өздері осы уақытқа дейін жан сала қорғаштап келген референдум өткізу туралы төте жолдың қате жол болып шыққанына қысылып-қымтырылған ешкімді көргеніміз жоқ. Сонда бұл қалай?  

 Таңқаларлығы сол, Қазақстанда заңды шемішкеше шағатын адам саусақпен санарлық қана екен. Олай болмаса бүкіл ел болып қолдап-қуаттаған референдум өткізу үшін Ата Заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасының шикі-шала, дүдәмал екеніне қарамастан бас шұлғып, қабылдай салғанына не айтасыз?! Осы жобаны қараған соңғы инстанция- Конституциялық кеңес мүшелерінің айтуынша,  заң нақты емес. Солқылдақ. Тұңғыш Президенттің—Ебасының өкілеттігі қай мерзімге дейін ұзартылатыны байқалмайды. Бұл ұзартудың бір жолғы немесе қайталанып отыратыны, егер мемлекет басшысы сайлауға түсуден бас тартқан жағдайда не болатыны анық жазылмаған. «Ел Президентінің Парламент қабылдаған заңның конституциялығына күмән келтіруі әбден негізді болып шықты» дейді аталған кеңестің мүшесі, кезінде Бас прокурордың бірінші орынбасары лауазымын атқарған Ильяс Бақтыбаев. 

Апыр-ау, сонда құрамында бұрынғы Ішкі істер, Әділет министрлері, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бар, өңшең ығай мен сығайлар жиналған заң шығарушы орган—Парламентте басқасы басқа Ата заңды толық түсіне алатын бірде-бір депутаттың табылмағаны ма? 

-- Біздің Конституция бойынша, конституциялық кеңестің шешімі ешқандай өзгеріске жатпайды. Парламенттің 100 пайыз дауыспен қабылдаған заңының күшіне енбей қалуы олардың құқықтық тұрғыдан қателік жібергені деп мойындау керек,--деді Қазақстанның бұрынғы Бас прокуроры, «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев. Бұдан кейін елде мерзімінен бұрын Президент сайлауын емес Парламент сайлауын өткізу қажет шығар. 

Ол, ол ма референдум өткізудің Ата Заңға қайшы келмейтінін жалпақ жұртқа жария етіп, алдын ала тон пішкен Әділет министрі Рашид Түсіпбеков пен Жоғарғы соттың төрағасы Мұсабек Әлімбековке, Сыртқы істер министрлігіне не жорық? Олардың күні бұрын 100 пайыздық сенімділік көрсеткенін неге жоруға болады? Әлде гәп басқада ма?..

Ақордада өзінің үндеуін жария еткен Елбасы бір жағы қайта-қайта қолқалап, салмақ салып, референдум өткізуді өтінген халықтың пікірін, екінші жағынан Ата Заңмен, демократиялық құндылықтармен санасып, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді ұсынды. Сайлаудың мерзімі таяу күндері  белгілі болып қалуы мүмкін.

Мұндай саяси шешімге сарапшылар не дейді?

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша президентті мұндай қадамға итермелеген үш фактор бар. 

--Біріншіден,--дейді ол--  Батыс елдерінің референдумға қатысты теріс позиция ұстануы. Екіншіден-- осы жағдайды пайдаланып, Назарбаев Парламентке «Сайлау туралы» жаңа заң жобасын ұсыну арқылы өзіне тиімді бірқатар жаңа жеңілдікке қол жеткізбекші. Үшінші себеп Ресей. Президент сайлауын Ресейдегі сайлаудан бұрын өткізіп алуы - өте тиімді стратегия. 

Ал, "Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, былтыр өзін 2012 жылы өтетін Президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынған  Жасарал Қуанышәлин былай деді:– Жалпы, Қазақстанда президенттік сайлаулар көбіне өз уақытында өткен жоқ. Бұл сайлау да  алдын-ала жасалған сценарийдің негізінде өтеді. Бүкіл әкімшілік ресурстарды қосады. Енді оған кім қатысады дегенге келсек, әрине, мен түсемін. Мен бұл президент сайлауына түсіп, қатысуға бар күшімді саламын.

oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Әкімнің елге есеп беруі мереке ме?
«НҰР ОТАН» ТҮС ҚАЙТПАСА МӘСЕЛЕ ШЕШПЕЙ МЕ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу