Негізгі емдік фактор - минералды су
21-11-2022
Былтыр облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сайрам ауданына арнайы іссапармен барғанда бас-аяғы 171 мәселеге қатысты шешім қабылдау күн тәртібіне қойылып, жыл соңына дейін облыстық, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға оның 57-сі оңынан шешілсе, қалғанының бәрі жергілікті бюджеттегі кіріс көзін арттырудың арқасында, яғни жоғарыдан келетін көмекке алақан жаймай өздерінің еткен еңбек, төккен терлерінің нәтижесінде халықтың талап-тілегін орындаған. Осының өзі-ақ қадамы батыл, тірлігі тиянақты іскер әкім Уәлихан Қайназаров тізгінін ұстаған Сайрам ауданында жақсы жұмыстардың жүзеге асып жатқанын аңғартпай ма? Біз бұл мәліметтерді аудан әкімінің Тассай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, есеп берген кезінде естідік. Осы ауылдық округтің өзінде «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дейтін тәуір тірліктер аз емес. «Жібек жолы» ауылындағылар талайдан жылдан бері жыры бітпеген ауыз судың азабынан құтылыпты. 400-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтитын, жылына 1 миллиард теңгеден астам салық төлейтін цемент өндіретін алып зауыт өткен жылы дәл осы ауылда іске қосылса, мұның облыс түгілі республика көлемінде көзге іліккен алып жоба екенін атап айту қажет. Бала бақшалар саны бірдестен бірнешеуге көбейген.
Әрине, күн тәртібінде күйіп тұрған мәселелер де жетерлік. Ауданның құрметті азаматы Оңал Үсіпбаев оралмандар молынан қоныстанған Таскен ауылындағы балалар мектепке сыймауға айналғанын ашынып айтты. Ауыл ақсақалдары атынан осыған байланысты 69 рет арыз жазылса да нақты нәтиже шықпапты.
- Біздің кітапхана орналасқан үйді жеке меншікке сатып жіберіпті. Енді оның жаңа қожайыны көктемге дейін босат деп отыр. Бұрынғы ауыл әкімі ғимаратта жылжымай отыра бер деген. Оның қызметі өсіп кетті. Қабылдауында болып едім, шарасыздық танытып, көрші Сиқым ауылына барыңыз дейді. 14 мың кітабымды арқалап қайда барамын? Оқушылар да осы жерге үйреніп қалған еді. Дәл бүгінде мектеп жасындағы оқырмандардың өзі 336-ға жетті. Олардың обалынан қорықпағандары қалай? – дейді кітапханашы Жаннұр Нығметова.
«Бұл мәселені аудан әкімін әуреге салмай-ақ өзіміз шешіп береміз, кітапхана осында қалады, көшуіне жол бермейміз» деп ауыл әкімі Мәрия Қалыбаева кесіп айтып, «еркектік» мінез танытты. Ертеңгі күні «еркектігі» сөз жүзінде қалып елдің алдында ұятқа қалмасын дейік, әйтеуір.
«Тассай ауылын бұрынғы тарихи атауы – Жағалбайлы деп өзгертуге көмектесуіңізді өтінеміз» деді ауыл ақсақалдарының бірі. Ал аудан әкімі Уәлихан Анарбайұлы ауылдың атауын өзгерту мәселесіне толық құзыреті жүрмейтінін, дегенмен, ауылға рудың атын беру қаншалықты дұрыс болатынына күмән келтіре сөйледі. Басқа да қойылған сауалдарға жеке-жеке, нақты жауап қайтарды. Болатынын болады, болмайтынын болмайды деп бірден айтты. Оның себебін де түсіндіруді ұмытпады. Бұған, әрине, тұрғындар тулап, «көшке қосқан тайлағын қайтаруды» сұранған жоқ. Қайта ризалығын білдірді.
oinet.kz мұрағатынан