«Қарамағындағы қызметкері ұсталғанда бастығы қызметімен қош айтысатыны» жалаң ұран күйі қалды

Oinet.kz 28-10-2010 1010

Screenshot_8.jpg

Биылғы 9 айда Оңтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа барған 195 факті әшкереленсе, қылмыстық істің тең жартысы атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалардың үстінен қозғалған. Бұл жайлы өткен аптадағы сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға арналған алқалы жиында айтылды. Әсіресе, атқамінерлер мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасын ортасынан ойып жейтін, кекірік атқанша тойып жейтін оңай олжаға, нағыз батпанқұйрыққа айналдырып алған. Қаншама шаңырақты шайқалтып, қаншама адамды шалыс қадамға итермелеп жүрген жұмыссыздықпен күресуде жұртқа шапағатын тигізуі тиіс бұл бағдарлама бойынша облыстың сыбағасына былтыр 25 миллиард теңге, биыл 20,5 миллиард теңге бұйырған.  Халықты әлеуметтік жағынан қолдауға бағытталған «Жол картасы» ең алдымен әкімқаралардың «қазы-қартасы» болып тұрғаны өкінішті-ақ. Айғақ керек пе? Айтайық.

Облыстық прокуратураның дерегіне жүгінсек Отырар ауданында 70 адам тек құжат жүзінде бірнеше мердігер компанияға жұмысқа жіберілген. Шындығында оларға ең болмаса «жұмысқа қамтылғаны» туралы ескертіп қоюдың өзі естен шығып кеткен. Жұмыссыздар бұдан хабарсыз болғандықтан өздерінің атына аударылған қаржы қарақан басының қамын ойлайтын шенеуніктердің жұмырында жүргенін қайдан білсін? Осындай «озық тәжірибе»облыс орталығында да кездескен. Шымкент қаласында 30 азаматты  біліктілігін арттыру және қайта даярлаумен қамтамасыз ету үшін 890 мың теңге төлеп кәсіптік лицейде жүргізуші мамандығына «оқытқан». Табельде барлығының  сабаққа үздіксіз қатысқаны жазылғанымен тексеру барысында   оның 14-і ондай оқу-шоқуды өң түгілі түсінде де көрмегені анықталған. Ал Сайрам ауданында оқу орнын жаңадан бітірген жас мамандарды құжат арқылы заңдастырылғандай өз мамандықтарына сәйкес еңбек баулымай басқа жұмысқа жегіп тастағандарына еріксіз бас шайқайсың. Айталық сондай жас мамандардың біреуін мектеп директоры бухгалтерлікке, енді біреулерін химия пәні және бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша қызметке қабылдағанымен сол білім ошағының әктеу, сырлау және фундамент құю секілді құрылыс жұмыстарына жеккен. Сонда «Жастар практикасы» жас мамандардың кәсіптік тәжірибесін шыңдай ма, әлде күш-қуатын сынай ма?» деген сұрақтың туындайтыны түсінікті. 

«Жол картасы» бағдарламасында көзделгендей жұмысқа  қамтылғандар қатарын көбейтуді қағаз жүзінде ғана жүзеге асырудан жекелеген мекемелер, кәсіпорындар да қалыса қоймапты. Нақтырағына көшсек,  жеке кәсіпкер Г.Цой, «Каратэ және жекпе-жек спорт орталығы» мекемесі, «Томирис»тігін фабрикасы және «Спецстроймонтаж» ЖШС бағдарлама аясында жұмыссыздарды қабылдаған жалған құжат толтыру арқылы мемлекеттік қазынадан жалақыға қаралған қаржыны қалтаға басқан. Жұмыс істемеген баласының, келінінің атына жалақы жазған фактілер де бар.  

 Қаржыға қатысты қитұрқылықтың көбісі құрылыс саласында әшкереленген. Облыстық эндокринология диспансерінің ғимаратын жөндеу жауапкершілігін арқалаған «Еңбек-Шымкент» мемлекеттік кәсіпорынының басшылығы 625 мың теңгенің, Мақтаарал ауданындағы «Үлгілі»  мектебіне жөндеу жүргізген «Өжет-Болсын-Ай» дейтін мердігер компанияның директоры 1,8 миллион теңгенің көлеміндегі жұмыстарды атқармаса да көпе-көрнеу актіге қосып жазып, мемлекет қаржысын талан-таражға түсірген. 

Мақтаарал ауданынан тағы бір факті. 2009 жылы Мақтаарал ауданында сапалы жол саламын деп уәдені үйіп-төккенімен жеме-жемге келгенде тендердің 10,5 миллион теңгесі жұмырына жұқ болмай  «ішіп-жеген» «Арыс Құрылыс» ЖШС-нің басшысы ақыры сотталып тынған еді. «Түйені түгімен жұта» алатынын дәлелдеген даулы фирманың биыл «Жол картасы» бойынша жұмыс жүргізуден бағы жанып, тендердің 103 миллион теңгесін қайтадан қанжығасына байлап алғаны қайран қалдырады. Мұндайда атам қазақ «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» демей ме? 

Өткен жылы да «Жол картасы» бағдарламасына бөлінген қаржыны игеруге байланысты талай былық-шылықтың беті ашылған болатын. Сол жолы  бірқатар атқамінерлер тәртіптік жазаға тартылумен құтылса, биыл енді қателікті қайталағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Кейбіреуіне сот үкімі шығып та үлгерді. Бәрібір сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығына жол беріп тәртіптік жазаға тартылғандардың саны азаймай керісінше былтырғымен салыстырғанда артып отырғаны шен тағып, шекпен кигендерден бастап, партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері,  депутаттарға дейін қатысқан осы форумда тілге тиек етілді. Неге бұлай? Ұрған сайын семіретін борсық сықылды болып, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді жандандырған сайын келеңсіз фактілердің кемімеуі нені білдіреді? Бәлкім, сөз бен істің сәйкес келмеуінен болар. Бұлай деуіміздің себебі, «тірлігінен шикілік пен шу шығып, «қара тізімге» іліккендерді тендерге қатыстырмай әділ, таза өткіземіз» деп мінберлерде көсемситіндердің сөзі көпшілікті алдап соғу, құрғақ уәде, «құлақтан тебу» болмаса, былтырғы тендерде былығы ашылған адам биыл тағы да жеңімпаз атана алар ма еді. Біз тек бір мысалға тоқталдық. Әйтпесе, тізбелесек бұлайша әшкереленген фактілер жетіп, артылады. 

 Тендердің таза өтпейтіні төңірегіндегі дау көбіне құрылыстың төңірегінде өрбиді десек сол құрылыстың сапасын бақылайтын сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылардың өздері шеттерінен пара алу үстінде құқық қорғау органдарының құрығына ілігіп жүр. Ендеше кімнен жауапкершілік сұрап, кімнен әділдік іздейсің? Ал «қарамағындағы қызметкерінің заңсыз әрекетке барғаны әшкереленсе, сол мемлекеттік органның басшысы қызметтен өз еркімен кететіні жайлы» мәлімдеп, жергілікті атқарушы биліктегілер қазіргі  облыс әкімі Асқар Мырзахметовке бір жыл бұрын жаппай арыз жазып бергендерімен әзірге нәтиже жоқ. Бұрынғы облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің кезінде де дәл осындай талап ауызша түрде айтылып, құрғақ сөз күйі қалудан әріге аспағаны елдің есінде. 

Айтпақшы «Жол картасы» бойынша жол салу үшін тендер ұтқан мердігерден пара алды деген айыппен жыл басында қармаққа іліккен  Отырар ауданы әкімінің орынбасары жазасын 6 жыл абақтыда өтейтін болды. Орынбасарының тағдыры тәлкекке түскенін ар таразысына салып қараған, ел-жұртқа іскерлігімен танымал аудан әкімі Әлімжан Құртаев көп ұзамай өз еркімен жұмыстан босату туралы арызын жазып берді. Орынбасары, қарамағындағы бөлім бастығы, тіпті ешқандай мәселе шешпейтін қарапайым маманы сыбайлас жемқорлықпен айыпталған осындай фактілер облыста аз емес. Бірақ Құртаевтың ерлігін қайталайтын ешкім шықпай тұр. Құдды бір, өле өлгенше шенеуніктің шекпенін шешпеу шешесінен туғанда-ақ бәрінің шекесіне жазылып қойған секілді. 

Ғалымжан Елшібай, 

Оңтүстік Қазақстан облысы, 

"Жас Алаш" газеті

«Алтын» жинауға адамдар шақырылып жатыр
Орынбасары ұсталса бастығы не үшін жұмыстан кетпейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу