«Алтын» жинауға адамдар шақырылып жатыр
«Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген сөз текке айтылған дейсіз бе? Пенде түгілі періште шіркіннің аңсауы ауатын сол алтын шіркіннің құдіреті-ай десеңізші. Ал «алтын» жинайтын адам жетіспей жатыр» десек таңқаларсыз бәлкім. Алтын болғанда «ақ алтын» аталып кеткен мақтаны айтып отырмыз. Осы тірлікті тіршілігіне талғажау еткен аудандардың барлығында бүгінде «алтын» жинауға адамдар шақырылып жатыр. Терім науқанына одақ кезіндегідей бүкіл облыстың студенттерін, мектеп оқушыларын, одан қалса өзге аудандардағы колхоз-совхоздардың жұмысшыларын жұмылдыратын заман өткен. Өзбекстан жақтан жұмыс іздеп ағылып келетін алатақиялардың шекарадан өте алмай шерменде болып жүргендері тағы бар. «Енді жағдай қалай болар екен?» дейді көңілі күпті диқандар. Егер естеріңізде болса, мақтаралдық бір топ азаматтар жаз ортасында-ақ терімшінің жайын қозғап, жоғары жаққа өздерінің өтініштерін жолдаған болатын. Бұл жөнінде «Рейтинг» газетінде Мақтарал аудандық мәслихаты депутаттарының Үкімет басшысына, басқа да құзырлы органдарға жолдаған хаты жарияланды. Әзірге»майшаммен» қарайтын мәселе толыққанды шешімін тапқан жоқ.
Жуырда мақта жинау науқанының қалай өрбіп жатқанын білу үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Мақтарал өңіріне арнайы іс-сапармен барды. Осы сапар барысында мақтаның тиімділігін мейілінше арттыру мәселесі сөз болды. «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаевтың айтуына қарағанда диқандар кейінгі кездері элиталы тұқым шаруашылығына көңіл бөле бастаған. Осыған орай институт мақтаның 9 түрін шығарып, оның үшеуіне патент алыпты. Бүгінде шаруаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Несібесін несиеден іздегендерге қойылып отырған талап та жоқ емес. Ол талапқа сәйкес шаруашылықтар іріленуі тиіс. Тек іріленген шаруашылықтар ғана комбаин, жаңа техника сатып алуға мүмкіндігі болады. Іріленген шаруашылық—табыстылықтың, сыртқы күштерге деген тәуелділіктен құтылудың кепілі. Қазір «айттым бітті» дейтіндей кеңес заманы емес. Біреуді біреуге зорлап қоса алмайсың. Бірақ шаруаға бұдан басқа жол қайсы?! Жалпы биыл облыста 130 мың гектарға «ақ алтын» себілген. Оның 100 мың гектары Мақтарал ауданының еншісінде. Терім науқаны басталғалы 1300 тоннадан астам мақта жиналған. Меже бойынша 170-180 мың тонна өнім терілуі тиіс. Биыл мақтаның шығымы жаман емес. Дегенмен бұдан да жоғары өнім алуға болар еді. Оған ауа райының қолайсыздығы, зиянкестердің көп болуы кедергі келтірді. Егістіктегі «ақ алтынның» 20-30 пайызы ерте солды. Басты себеп зиянкестердің көп болуы. Ал, мемлекет тарапынан беріліп жатқан улы химикаттардың зиянкестерді жоюға күші жетпеген.
«Ақ алтынды» кәсіп еткен диқандар үшін субсидияның көлемі биыл әр гектарға 7 мың теңгеден 9 мың теңгеге көтерілді. Зиянкестерге қарсы қолданылатын улы химикаттар, минералды тыңайтқыштар тегін беріліп келеді. Басты мәселенің бірі ағын су еді. Үкіметтің қолдауымен бұл мәселе түбегейлі шешілу үстінде. Ағын суды Мақтаралға алып келу үшін Шардара су қоймасынан су тартқыш арнайы қондырғы орнатылуда. Сәтін салса бұл жұмыстар келер жылы аяқталады. Соның арқасында диқандарға ағын су бетондалған арналар арқылы жеткізілмек. Бұл аудандағы суармалы жердің тең жартысын қамтитын болады. Айтқандай, ағын суды егістіктерге тең бөлу үшін автоматтандырылған су реттегіш жүйелері іске қосылмақ. Жергілікті әкімдік бұл әрекетін Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетімен бірлесіп қолға алып отыр.
Соңғы жылдары Мақтаралда жер асты суларының көтерілуі байқалады. Ыза судың салдарынан жер тұздануда. Сондықтан биыл жер асты суларын төмендететін 218 тік дренаж жөндеуден өтуде. Дүниежүзілік Даму банкінің қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар аяқталған соң тік дренаждар коммуналдық меншікке қабылданып, алдағы уақытта бюджет қаржысы есебінен жұмыс істейтін болады. Мемлекет тарапынан сондай-ақ арзандатылған жанар май, жеңілдетілген несие де бар. Бірақ айналып келгенде диқандар несібесін әрине мақта сатудан айыратыны белгілі.
«Ақ алтынның» бағасын белгілейтін нарық. Қайбір жылдары мақтаның құны күрт төмендеп, шаруалар шығындарын да жаба алмай қалған. Биыл мақта зауыттары өнімнің әр келісін 85-90 теңгеден қабылдауда. Былтыр баға 60 теңгеден аспап еді. Бұған диқандар бөркін аспанға атып қуануға асығып отырған жоқ. Өйткені терімшінің жоқтығы көп іске қолбайулау болып тұр.
Мақтаралдағы терім науқанына 190 комбайн жұмылдырылмақ. Оның 83-і шетелдік «Джон-Дир». 190 комбаин күніне 1000 тоннаға дейін өнім жинайды екен. Бірақ мақтаның негізгі бөлігін жинау, яғни 80 пайызы терімшілерге тәуелді. Жәрдемшілердің жоқтығынан биыл терімшілер мақтаның әр келісіне 7-10 теңгеден сұрап отыр. Екінші, үшінші терім кезінде баға бұдан да жоғары болып кетуі мүмкін. Бұған көнбеске амал жоқ. Өйткені еккен өнім қар астында қалса, еңбектің еш, тұздың сор болғаны сол емес пе?!
Ала жаздай аптап ыстықта маңдайының тері сорғалап жүріп еңбек еткен мақташы қауым үшін еккен өнімінің жемісін көрер кез келді. Облыста «ақ алтынды» жинау науқаны қыза бастады. Қазір егістік алқаптарында қарбалас тіршілік...
Мекенбай Атабайұлы, Мақтарал аудандық мәслихатының депутаты:
Заң адамға қызмет етуі тиіс
--Баяғыда кеңшардың бір бөлімшесінде 1200-1300 гектар егістік болатын. Оның 700 гектарын мақта құрайтын. Осыншама алқаптағы өнімді жинауға жергілікті оқушыларды қоспағанда 3000-4000 жәрдемші келетін. Бұлардан бөлек 25-30 комбайн жұмыс істеп тұратын. Қазір олардың ешқайсысы жоқ. Енді не істейміз? Халықтың еңбегі жерде қалмауы керек қой. Осыған орай биыл оқушылардың жаңа оқуы жылын Мақтарал ауданында қыркүйектің 15-інен, не 1 қазаннан бастау туралы мәселе көтергенбіз. Біз осы мәселеге байланысты қол ұштарын созуды сұранып Парламентке, мәслихатқа, облыстық прокуратураға, облыс әкіміне, облыстық білім басқармасына, бұқаралық ақпарат құралдарына өз өтініштерімізді жолдағанбыз. Біздің ұсынымыздан әкімдер үркіп отыр. Бұл заңға қайшы дейді. Ал, заң адамға қызмет етуі тиіс емес пе?
Оinet.kz мұрағатынан