Дариға Назарбаева Маминге маңызды сауал жолдады
Депутаттың пайымдауынша, соңғы жылдары жер қойнауын пайдалану саласында көптеген проблемалар шешімін таппай келеді. Осы жылы саланы дамыту мәселелері Мемлекет Басшысының Жолдауында негізгі аспектілердің біріне айналғаны кездейсоқ емес. Басты мәселелердің қатарында салада қабылданатын шешімдерде ашықтық пен жоғары сапалы геологиялық ақпараттың болмауы, деп хабарлайды Oinet.kz.
- Сізден саланың дамуына ғана емес, жалпы ел экономикасына үлкен залал келтіретін басқа да бірқатар проблемаларға назар аударуыңызды сұраймын.
Бірінші. Ескірген нормативтік-техникалық құжаттарға негізделген жобалық құжаттаманы келісудің ұзақ тәртібі.
Мысалы, барлау жұмыстары басталғанға дейін жер қойнауын пайдаланушының құжаттары 6 ай бойы мемлекеттік органдарда келісуде жатуы мүмкін. Сынамалық пайдалану жоба 9 айдан 1,5 (бір жарым) жылға дейін созылатын 3 мемлекеттік сараптамадан (экологиялық сараптама, жер қойнауының мемсараптамасы, сынамалық пайдалану жобасының мемсараптамасы) өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Кен орнын игеру жобасы үшін де дәл осындай сараптамалар талап етіледі және бұдан кейін барлау мен сынамалық пайдалануға қаражат салған компания оны одан әрі игеруге рұқсат алатыны факт емес, - деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Соңында, ең қолайлы нәтиже болған жағдайда да, әлеуетті инвесторлар лицензиялау рәсімдерінен өту үшін 2-ден 3 жылға дейін жоғалтады және бұл жерде жобаларда болуы мүмкін өзгерістер мен толықтырулар ескерілмейді.
Сараптамалардан өту мерзімдерінің ұзаққа созылуы белгілі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді.
Халықаралық тәжірибеде, мысалы, АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктерінде кен орындарын барлауға және игеруге өтінімдерді қарау мерзімі орта есеппен 3 айдан 6 айға дейін.
Екінші. Миллиондаған қаражат салып, тәуекелдерді өз мойнына алатын инвестордың жобаның мерзімін оңтайландыруға және шикізат бағасы күрт төмендеген жағдайда шығындарды азайтуға мүмкіндігі жоқ. (Мысалы, соңғы үш жылда мұнайдың құны 85 және 19 АҚШ доллары арасында ауытқып отырды)
Қазақстанда жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдау үшін мемлекеттің рұқсаты қажет. Әйтпесе, инвестор келісімшартты, сонымен қатар, салынған барлық қаражатты жоғалтуы мүмкін, - деді Мәжіліс депутаты.
- Жұмыстарды жүргізудің белгіленген мерзімін тоқтата тұруға немесе ұзартуға мемлекет тарапынан санкция алуға бір жарым айдан сегіз айға дейін талап етіледі.
Халықаралық тәжірибеде егер экономикалық көрсеткіштер нашарласа (шикізат бағасының төмендеуі, девальвация), инвесторлар кен орындарын игеруді тоқтата тұру туралы өздері шешім қабылдай алады.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде салаға инвестициялар деңгейін арттыру мақсатында келесі шараларды қарастыру ұсынылады:
1. Халықаралық тәжірибе негізінде жер қойнауын пайдалану мәселелеріне қатысты мемлекеттің көзқарасына тұжырымдамалық өзгерістер енгізу.
2. Ғалымдар әзірлемелері мен барлау деректері негізінде ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия әзірлеу.
3. Мемлекеттің геология ғылымына деген көзқарасын қайта қарастырып, сала үшін қазіргі заманғы кадрлар даярлау мәселесіне аса назар аудару.
4. Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес және мемлекеттік басқару жүйесін цифрландырудағы жетістіктерімізді ескере отырып, мемлекеттік сараптаманы қарау мен тапсыру уақытын барынша қысқарту.
5. Инвесторларға әлемдік нарықта дағдарыс болған жағдайда өз шешімдері бойынша кен орнын игеруді кейінге қалдыру құқығын беру.
6. Геологиялық ақпаратты көпшілікке ашық ету.
7. Кен орындарын барлау мен игеруге ашық конкурс өткізу.
Бұл мәселенің Қазақстан Республикасының экономикасын дамыту үшін маңыздылығын ескере отырып, заңда белгіленген мерзімде осы сұрақтар бойынша Үкіметтің ұстанымын ұсынуды сұраймын - деді Дариға Назарбаева.