Дариға Назарбаеваның «Қаңтар қасіретіне» не қатысы бар?
OINET.KZ - Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Мәжілістегі мандатынан айырылуы мүмкін. Шамасы, билік оның мандатты өз еркімен тапсырғанын қалап отыр. Бұл ойын Мәжілістегі депутаттары арқылы айтқызып та қойды.
"Мен қалыптасқан жағдайда ол (Дариға Назарбаева) азамат ретінде отставкаға кетуге тиіс деп санаймын. Менің ойымша, бұл дұрыс болар еді", - деді бүгін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Жаңа Қазақстан" жаңа депутаттық тобының баспасөз мәслихатында.
Депутаттың айтуынша, қаңтардағы қайғылы оқиғалардың бәрі оның есімімен байланысты көрінеді.
-Халықтың наразылығына жауап беру керек. Бүкіл әлемде бұл саяси тұрғыдан, яғни отставкаға кету арқылы жүзеге асырылады. Қалыпты әлемдік тәжірибе. Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты емес адамдардың да отставкаға кеткенін көрдік. Бұл қоғамның әлеуетін ашып, басқаларға жол беру үшін жасалды, - деді депутат.
Сонымен бірге депутат Нұрсұлтан Назарбаевтың "кез келген жағдайда Қазақстан тарихында қалатынын" атап өткен.
-Дұрыс жасалған дүниеге құрмет көрсетуіміз керек. Егер әрбір жаңа ақпарат алдыңғысын жойып жіберсе, онда біз жақсы мемлекет құра алмаймыз, – дегене Айдос Сарым.
Айдос Сарымның айтқандарын неге жоруға болады? Бұл әлде қаңтар қырғынына Дариға Назарбаеваның, жалпы Назарбаевтар әулетінің қатысы болғанын білдіру ма? Дариға Назарбаева жаңа жылдан бергі аралықта Мәжілістің отырысына қатысқан жоқ. Оның коронавируспен ауырып жатқаны айтылды. Бүліктен кейін елде Назарбаевтар әулетімен байланысы барлардың барлығы дерлік лауазымдарынан босатылды. Өз еріктерімен. Алайда Дариға Назарбаева Мәжілістегі мандатын тапсырған жоқ.
Жоғарыдағы депутаттардың «құлаққағыстарынан» кейін Дариғаны депутаттықтан мәжбүрлі түрде кетіруге әрекет жасалып жатқаны байқалады. Шамасы, билік оны мандатынан өз еркімен бас тартады деп үміттенген. Алайда бұл үміттері ақталмаған.
Дариға Назарбаева 2019 жылы Сенат депутаты болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің міндетін атқаруға кіріскен соң Дариға Сенат төрағасы болып сайланды. Сол кезде Тоқаев оны бұл қызметке өз қолымен әкеліп отырғызған. Бірақ 2020 жылдың мамырында Дариға түсініксіз жағдайда қызметінен кетті. Оның қайда жүргені ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді.
Былтыр қаңтарда өткен сайлауда Дариға «Нұр Отан» партиясының тізімімен Мәжіліс депутаты болып сайланды. Ол жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев төраға болып сайланған партияның съезінде Саяси Кеңестің мүшелігінен шығарылып тасталған еді.