Әйтенов Алдар көсе ме?

Oinet.kz 10-02-2022 2599

Өткен нөмірлеріміздің бірінде Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновты қызметінен босату жөнінде онлайн петицияға қол қою жүріп жатқанын, алайда дәл осы кезде мегаполистің әкімінің тынбастан шағын аудандарды аралап, халықпен кездесу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау жұмыстарына қызу кірісіп кеткенін жазған едік. Әйтеновтың жаңа жылдан бастап тағат таппай жүргені бекер емес екен. Ел аралау, халықпен кездесудің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  арнайы тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Screenshot_4.jpg

Жалпы қаңтардағы оқиғалардан кейін  елде көп нәрсе өзгеріп жатыр. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» идеясын іске асыруға қызу кірісті. Кейбір сарапшылар «Жаңа Қазақстанға ескі кадрлармен барудың қажеті жоқ» дегенді алға тартуда. Ал қырықтың қырқасына енді асты демесеңіз, бұған дейін Елбасының кадрі ретінде танылып қалған Мұрат Әйтенов жаңа кадрға жатады ма әлде ескі кадр ма, ол жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. 

Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, қызметінен кететіндердің тізімінде Мұрат Әйтенов алғаш болып тұрғанға ұқсайды. Дегенмен кім біледі.

Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес. Осы аптада өткен үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті әкімдердің тарапынан жіберілген көзбояушылықтар мен  жалған статистикаларға тоқталды. Тіпті ол бойынша тексеру жүргізу қажеттігін де айтты. Елді аң-таң қылған, әуреге салған мұндай өтіріктердің Шымкент үшін де таңсық дүние болмай қалғаны қашан. Нақты мысалға тоқталайық. 

Әңгімеге тамызық болып отырған Шымкентті «көгілдір отын» мұқтаждығынан құтқарады деген, қаланың әлеуметтік дамуы үшін өте маңызды нысан саналған - Автоматты газ тарату станциясы. Ол құжаттарда АГРС-3 деп жазылып жүр. Аталған нысанның құрылысы 2018 жылы басталған. 2019 жылы жобаға енгізілген түзетулер мен өзгерістерден кейін станцияны 2021 жылдың соңында аяқтау көзделген. Алайда сол 2020 жылдың басында қалаға әкім болып тағайындалған, күш-жігері бойына сыймай тұрған Мұрат Әйтенов нысанды мерзімінен бір жыл бұрын аяқтауды көздейді. Сәуірде Әйтенов аталған нысанның басына барып, сағатына 250 мың текше метр  газ өткізе алатын АГРС-3-тің құрылысын 2020 жылы  аяқтайтынын мәлім етеді. Оны қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі елден сүйінші сұрағандай жария етеді. 

2020 жылдың қазанында қалалық әкімдік «АГРС-3 жыл соңына дейін бітеді» деген мәлімет таратты. Қаланың коммуналдық саласына жауапты шенеуніктердің станцияның басына барып, қадағалау жұмыстарын жүргізгені жөнінде ақпараттар таратылды. Бірақ нысан аталған мерзімде пайдалануға берілген жоқ. Осыменен 2020 жыл аяқталып, Әйеновтың «мерзімінен бұрын» деген уәдесі орындалмай қалды. 

Былтыр сәуірде қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында баяндама жасаған энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков АГРС-3-тің  екінші тоқсанда бітетінін мәлімдеген. Бұл мерзімде де нысан іске қосылған жоқ. Қыркүйекте станцияның басына пресс-тур ұйымдастырылды. Осы жолы Б.Болатбеков жұмыстардың 98 пайызға орындалғанын, нысанның қазан айының соңына дейін іске қосылатынын айтқан еді. Алайда нысан бұл мерзімде де біткен жоқ. Нысанның уақытында бітпеуі  үшінші мегаполис тұрғындары арасында әжептәуір шу тудырды. Себебі «ҚазТрансГаз» жаңа абонентердің газ жүйесіне қосылуына рұқсат етпеді. Соның салдарынан «Азат» шағын ауданына «көгілдір отынды» беру мүмкін болмаған. Ал кейбір тұрғындар «биыл күзде газ береміз» деген әкім Әйтеновтың уәдесіне сеніп қалып, жылыту пештерін газға аустырып қойған болып шықты. Қарашада тұрғындар жанайқайларын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратып жатты. Бірақ атқамінерлердің қолынан ешқандай қайран келмеді. 

Ел осылай улап-шулап жатқане кезде былтыр жыл соңында бір қызық болды.  Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов елордада Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте күтпеген мәлімдеме жасады. Ол: 

- АГРС-3-тің құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс. Бірақ қалада бизнес нысандарының дамып келе жатқанын ескеріп, біз оны 2021 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыстардың 99 пайызы аяқталды. Біз оны сынақтап өткіземіз, ендігі жылдан бастап кәсіпкерлер, қала тұрғындары сапалы газбен қамтылады, - деді. 

«Апам да аң-таң, мен де аң-таң» деген осы шығар. Осыдан кейін Мұрат Әйтенов пен оның коммуналдық салаға жауапты орынбасары Мәулен Аймамбетовтың және энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбековтың қай сөзіне сенуге болады? Мұрат Әйтенов Шымкенттің әкімі ме әлде жұртты алдай салатын Алдар көсе ме?  

Осы аптада Боранбай Болатбеков өткізген брифингте «Рейтинг» газетінің атынан АГРС-3 нысанының пайдалануға беру мерзіміне қатысты сауалды қойған болатынбыз. Басшы: 

- АГРС-3 нысаны 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Біз оны биыл іске қосамыз. Қазір ол  дайын тұр. Құрылыс жұмыстары аяқталды. Қысымдау жүріп жатыр. Жылу мауысым біткен соң іске қосамыз, - деп жауап берді. Болатбековтың әкім Мұрат Әйтеновтың елорданың төрінде тұрып айтқан өтірігінен асып кетпейтіні айтпаса да түсінікті ғой. 

Ал, бізге жеткен сенімді ақпарат көздерінен алынған мәліметке қарағанда, АГРС-3 нысаны 2021 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс болған. Қазір нысан құжат жүзінде біткен. Енді оны сынақтан өткізу қажет. Оған әжептуір ақша кететінге ұқсайды. Орнатылған құрал жабдықтардың бұл сынақтан қаншалықты өтетіндігін айту қиын. Себебі құрал-жабдықтар жобада көрсетілгендей отандық кәсіпорыннан емес, шетелден әкелінген көрінеді. Олардың сапасына алдын ала  ешкім кепілдік бере алмайды. Айтпақшы, соңғы уақытта Әйтеновтың коммуналдық саланы бетімен жібергені, оның ішінде кадрлық саладағы қисынсыз тағайындауларына қатысты әрқилы әңгімелер айтылып жүр.  Көп жағдайда коммуналдық саладағы басшылық орындарға тәжірибесі жоқ мамандар тағайындалып кеткен. Мұның арғы жағы былық-шылық, тамыр-таныстық, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттермен байланысты көрінеді.   

Дәл осындай жағдай мегаполистегі жарық тапшылығын шешеді деген Бозарық қосалқы станциясының құрылысында да болған. Нысан әу бастағы жоспар бойынша 2016 жылы іске қосылуы тиіс еді. «Бозарық биыл бітеді» деген бұрынғы әкімдердің айтқандары айдалада қалды. Әйтенов 2020 жылдың басында халыққа берген есебінде «Бозарық қосалқы станциясын биыл іске қосамыз» деген еді. Бірақ оны бітіру Әйтеновтың командасына оңайға түскен жоқ. Одан кейін мерзім былтыр наурызға жылжытылды. Ақыр аяғында «түйенің етін жеген» Бозарықты шымкенттік атқамінерлер әупірімдеп жүріп былтыр тамызда, Конституция күнінде іске қосты. 

Мұрат Әйтенов пен оның командасына халықты алдау оңай шығар, ал оған Ақорда мен үкімет қаншалықты сенеді?

Өйстіп-өйстіп Шымкенттің әкімі Алдар көсе атанып кетер ме, қайтер екен? 

"Рейтинг" газеті, 

10 ақпан, 2022 ж

Нұрлан Нығматулин Назарбаевқа адал екенін дәлелдеп кетті
Дариға Назарбаеваның «Қаңтар қасіретіне» не қатысы бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу