Елдің де, Елбасының да алданғаны ма?
Командадағы кадрлардың жауапсыздығынан облыс әкімінің уәдесі орындалмай отыр
Астана күні, Елбасының туған күні қарсаңында ұйымдастырылған өткен аптадағы жалпыұлттық телекөпірде мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың алдында облыс әкімі Асқар Мырзахметов тікесінен тік тұрып оңтүстің өңірде жүзеге асып жатқан ірі жобаларды зор мақтанышпен баяндап берді. «Ағымдағы жылдың екiншi жартыжылдығында 7 индустриалды нысан ашылады. Аталған жобалардың жалпы құны — 51,5 млрд. теңге. Бұл кәсiпорындардың iске қосылуына орай жаңадан 2781 жұмыс орны пайда болмақ» деп мәлімдеді Асқар Исабекұлы. Телекөпір барысында елiмiздiң жедел индустриялық бағдарламасы аясында қатарынан облысымызда үш бірдей кәсіпорынның тұсауы кесілді. Жалпы соңғы кездері Президент Н.Назарбаев елдің индустриялық-инновациялық дамуына ерекше көңіл бөліп жүр. Соңғы бір жылда үш рет өткізілген жалпыұлттық телекөпірдің екеуі жаңа өндірістердің іске қосылуына арналғаны соның бір жарқын айғағы. Осы жолы телекөпірде айтылған уәделердің орындалуын уақыт тақсыр көрсетер. Ал, біз бұған дейінгі телекөпірлерде көтерілген мәселелердің қай деңгейде іске асып жатқанын білуді жөн санадық. Былтыр да Астана күні, Елбасының туған күні қарсаңында телекөпір өтіп облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Южполиметалл ӨК» АҚ-да аккумулятор зауыты ашылғаны, бұл зауыттың ел экономикасына серпін әкелетіні жайлы сенімді сөйлеген-ақ еді. Алайда жаһанға жар салған, жарнамасын келістірген зауыт ашылды деп айтылғанымен артынша жұмыс істемеуі жұрттан ұят болды. Мұны бір деп қойыңыз.
Екіншіден, былтыр қарашадағы екінші телекөпірде Ордабасы ауданының тұрғыны Гайдар Дәмешұлы аудан орталығы Темірлан ауылындағы ағайынның көп жылдан бері ауыз су тауқыметін тартып келе жатқанын алға тартып, мемлекет басшысынан жәрдем сұрады. Бұл мәселені Президент өз кезегінде облыс әкіміне жолдады. А.Мырзахметовтен сонда мынадай жауап естідік: Облысымызда ауыз су мәселесі күрделі екенін ескере отырып 2009 жылы осыған көп көңіл бөліп, 900 елді-мекеннің 412 елді-мекенінде ауыз су мәселесі шешілгелі отыр. Оған 7,8 миллиард теңге бөлінді. Қалған 79 елді-мекенді 2010 жылғы бюджеттен шешкелі отырмыз. Ал Темірлан елді мекеніне биыл 1 миллиард 34 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір жұмыстар қарқынды жүру үстінде. Жылдың аяғында ауыз су халықтың игілігіне берілетін болады». Әкімнің жауабын тыңдаған Н.Назарбаев “тапсырма орындалған кезде бұл жөнiнде маған баяндаңыз» деп қысқа қайырып, осы мәселені өзінің жеке қадағалауында ұстайтынын білдірді.
Міне, содан бері 2009 жыл аяқталғаны былай тұрсын, 2010 жылдың алғашқы жарты жылы өтсе де Темірланда ауыз су мәселесі толық шешімін таппаған. Рас, былтыр желтоқсан айында-ақ кейбір ақпарат құралдары «Ордабасыда сең қозғалды. Темірлан кенті мен оның маңындағы ауылдарға таза су беріле бастады» деп сүйінші сұрай жөнелген. Бірақ, шынтуайтына келгенде сүйінші сұрайтындай жағдай емес екен. Мәселенің анық-қанығын білу үшін журналистік зерттеу жүргізгенімізде біраз жайт анықталды. Шындығына келгенде Темірландағы ауыз су мәселесінің тікелей эфирде айтылуын мердігер компанияның өкілдері түсінбей отыр. Шын мәнінде Темiрлан ауылындағы «Қажымұқан-Қараспан» топтық су құбырының құрылысы былтыр желтоқсан айында-ақ аяқталған екен. 1 миллиард 200 миллион теңгеден астам қаржыны игерген мердігер «Шымкентқұрылыс» компаниясы өзіне тиесілі жұмыстарды мерзімнен бұрын атқарып, үш ауылда жалпы ұзындығы 114 шақырымды құрайтын су құбырларын тартқан. Қазылған 8 ұңғы құдықтың алтауы жұмыс iстейдi, қалғандары резервте тұр. 2009 жылдың соңында барлық жұмыстар аяқталған бойда облыс басшысы А.Мырзахметов қариялармен бiрге топтық су құбырлары жүйесiнiң тетiгiн iске қосып, аудан тұрғындарын құттықтап қайтты. Алайда, бүгінде жаңа құбырлардың рахатын барлық тұрғындар көріп отырған жоқ. Елбасыға телекөпірде сауал жолдаған Гайдар Дәмешұлының өзінің үйіне судың әлі жетпегенін айтуда.
- Біздің үйде су жоқ. Ауылымыздың төменгі жақтарына су өз ағысымен барып жатыр. Ал жоғары жақтағыларға су жетпейді. Қаңтар айының басында су жүйесі іске қосылып, барлық жерлерге су барып жақсы болып қалдық. Бірақ, кейіннен ол тоқтап қалды. Сұрастырып білгеніміз - құбырлар мен ұңғыларды облыстық мекемеге өткізу керек екен. Сөйтсе, құжаттары толық емес көрінеді. Таза су берумен шұғылданатын мекеменің штаттық бірліктері бекітілмепті, тіпті бастығы кім екенін де білмейміз. Әйтеуір, дайын тұрған істі әрі қарай домалатып әкетуге икемі келмеген аудандық әкімдіктегілер түрлі сылтауларын айтып, мәселенің жуық арада шешімін табатынына сендіріп бағуда., - дейді Гайдар Дәмешұлы.
- Бір-екі ай су беріп, кейіннен тоқтатқан себебіміз – бұл су құбырларын республикалық «Оңтүстіксушар» мекемесінің қарамағына бергіміз келіп отыр, - дейді Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Құрманбеков. - Оның себебі, ауыз су саласына мемлекет 80 пайызға дейін субсидия бөледі екен. Шығынның 80 пайызын республикалық бюджет жауып отырса халық тәулігіне 24 сағат үздіксіз су ішуге мүмкіндік алып, абоненттердің қалтасына түсетін салмақ та анағұрлым азаяр еді. Қазір құжаттар қаржы басқармасында жатыр. Ол жақтағы тиісті құжаттар дайын болса, «Оңтүстіксушар» мекемесі су құбырларын өз балансына алу жұмысына кіріседі. Қазір су тәулігіне 5-6 сағат қана беріліп жатыр.
Есесіне, Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылдық округінің әкімі Данияр Тілеубергенов судың тәулік бойы беріліп жатқанына сендіріп бақты. «Менің өзімнің үйімде су күндіз-түні, 24 сағат бойы тоқтаусыз ағып, рахат болып қалды. Менің білуімше, Қажымұқан және Темірлан ауылының барлық аумақтарына су жетіп отыр» дейді Д.Тілеубергенов. Сонда кімнің мәліметіне сенеміз? Аудан әкімінің орынбасарының ба, әлде судың рахатын сезініп жүрген ауыл әкімінің бе? Бәлікім ауыл әкімі өз үйінде судың рахаты сезіліп тұрған соң өзге қарапайым халықты да солай ойлайтын болыр. Әйтпесе басқа емес телекөпірде сұрақ қойған адамның өзінің үйі суға жарымай отырғанын көзімізбен көрдік қой. Аудан әкімінің орынбасары Б.Құрманбеков бүгінде топтасқан су құбырына қосылған 4400-дей абоненттің тек 2500-ңы ғана су есептегіш құралдарын орнатқанын жеткізді. Аудан әкімі орынбасарының сөзінен ұққанымыздай, құжаттарды реттеуге тірелген жұмыстар әлі де созылатын түрі бар. Ал мердігер компания болса қазір құр шығынға батып отыр.
- Тұрғындарға ауыз суын беру біздің міндетімізге жатпайды, берген күннің өзінде төлемақыны жинауға құқымыз жоқ. Соған қарамастан қазір суды беріп отырмыз. Сорғыны толық іске қосудан бас тартып отырмыз, өйткені электр энергиясына кететін шығынды өтей алмайтынымызды білеміз. Судың тұрғындарға бірде жетіп, бірде жетпей жатуы сондықтан, - деп мұңын шақты бізбен тілдескен «Шымкентқұрылыс» компаниясының қызметкері, учаске бастығы Дүйсенбек Меңдібаев.
Әрине, әркім өзінің уәжін алға тартады. Тыңдап отырсаңыз, бәрінікі орынды сияқты. Бірақ, кезінде облыс әкімі А. Мырзахметовтің елдің алдында, Елбасының алдында берген уәдесі күні бүгінге дейін толық орындалмағаны айдан анық. Сонда кім кімді алдап отыр? Елдің де, Елбасының да алданғаны ма? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тірлігі қат-қабат, сан алуан жұмысы бар. Елдің алдында, Елбасының алдында уәде берген тірлікті күн сайын қадағалап отыруы мүмкін емес. Бірақ облыста әкім біреу, қалғандары оған тіреу болуы керек емес пе? Жауапты басқарма басшылары мен Ордабасы ауданының әкімі Шоқан Кенжеевтің осыны ойланбайтыны қалай? Ауыз суға байланысты ашық пікірін білдіріп, әншейінде аудан, қала әкімдеріне сес көрсетіп, айбат шегіп жүрген облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бастығы Серік Ибадуллаев ел де, Елбасы да алданып отырған тұста ешқандай қауқар танытпайтыны неліктен? Облыс әкімі бағыт-бағдарды айқындап, жауапты шешім қабылдайды. Үкімет алдында жобаларды қорғап, маңызды салаларға қаражат бөлдіреді. Ал кейінгі жұмыстың дер кезінде орындалуын қадағалау қарамағындағы қызметкерлердің тікелей міндеті. Бірақ, түптің түбінде кінә бірінші басшыныің мойынан артылатыны белгілі. Демек, Елбасы мен елдің арасын жалғастырған телекөпірде облыс әкімі Асқар Мырзахметовты басқа емес, өзінің командасы жарға итергені ме?
Oinet.kz мұрағатынан