Шымкентте Елбасының ескерткіші ашылады
Оған ұйытқы болған «Қазақ хандығы» қоры енді Н.Назарбаевты хан сайлау үшін қол жинамақ
«Марк Аврелиге (Ежелгі Рим императоры) отандастары: «Император, сен Римнің аумағын ұлғайттың, мемлекетті ұлы еттің, бай еттің. Сен өте мейірімдісің, ақылдысың. Біз саған ескерткіш қояйық» депті. Сонда ол: «Мен өтіп бара жатқан адамдардың «Мына ескерткіш кімге қойылған?» деп сұрағанын қаламас едім. Одан да мен кеткеннен кейін келер ұрпақтың «Неге оған әлі күнге ескерткіш қойылмаған?» дегені жақсы» деп жауап беріпті.
"Мен осындай ұстаныммен өмір сүремін".
Қазақстанның тұңғыш президенті өзіне ескерткіш қою туралы мәселеге көзқарасын екі-үш ай бұрын осылайша білдірген еді. Бірақ... «Шымкентте неге Н.Назарбаевқа ескерткіш қойылмаған?» деген сөзді «Қазақ хандығы» қоғамдық қоры осыдан бір жарым жыл бұрын-ақ айтып, осы іске белсене кіріскенінен хабардармыз. Қор жетекшілерінің айтқаны бос сөз емес, нақты іске асты. Шымкентте мемлекет басшысының алтын жалатылған, биіктігі 12 метрлік еңселі ескертіші оның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында орнатылуы тиіс еді. Бірақ тұсаукесер рәсімі 6 шілдеден Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойланатын келер жылға ауыстырылды. Жоғарыдан келген нұсқау солай болғанға ұқсайды. Шамасы шенеуніктер «мемлекет басшысының 70 жылдығына арналған ешқандай шара өтілмесін» деген Елбасының сөзінен аттап кете алмаса керек.
Десек те, игіліктің ерте кеші жоқ емес пе? Біз ескертіш қою мәселесіне ұйытқы болған «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының жетекшісі Камалиддин Дулатовпен байланысып, осы жөнінде сұхбат алған едік.
--Елбасыға ескерткіш қою жөніндегі бастама өздеріңіздікі ме? Көзі тірі адамға ескерткіш қоюды жұртшылық қалай қабылдайды деп ойлайсыздар.
--Идея өзімізден шықты. Екі жылға жақындап қалды ғой оны қолға алғанымызға. Елбасыға ескерткіш талай елде қойылып жатыр. Қырғызстанда, Украйнада, Араб Әмірлігінде қойылды. Жақында Түркияда қойылмақ.
Көзі тірі адамға ескерткіш орнату көп кездеседі. Шетелде футболшыларға, әншілерге қойылып жатыр емес пе?!
--Байқаумызша, ескерткіш Ордабасы алаңының жоғары жағындағы төбеге, бұрынғы ұшақ тұрған орынға қойылмақ екен. Оның жобасына байқау жарияланды ма, көркемдік кеңестің талқылауынан өтті ме? Жергілікті әкімдіктен бұл жөнінде рұқсат алынды ма?
--Байқауды біз ашық жариялаған жоқпыз Жобаны осы Шымкенттегі бір фирмаға тапсырыспен істеттік. Фирма алдымен 3-4 жобаны әзірледі. Соның ішінен таңдап алдық. Жергілікті әкімдіктен тек жерге рұқсат алынуы тиіс екен. Әкімдікке арыз жазып, оны алғанбыз. Жоба көркемдік кеңестің талқысынан өткен. Бірақ өзім бұл талқылауға қатысқан жоқпын.
--Ескерткішті жасаған мүсінші кім?
--Өзіміз бұрыннан білетін алматылық мүсінші жасап шықты. Оның аты-жөнін жарияламай-ақ қояйын. Бәрібір одан артық ешкім істей алмайды. Қоладан құйылған ескерткіш қазір дайын тұр. Енді сыртына алтын жалату керек. Ол технологиялық талаптар бойынша орнатылардан екі ай бұрын жасалады.
--Сонда бұған қанша алтын қажет? Жалпы ескерткішке 50 миллион теңге жұмсалды деген әңгіме қаншалықты рас? Бұл ақша қайдан алынды?
-- 50 миллион теңге тек ескерткіштің материалы мен қызмет ақысына жұмсалған шығын. Ақша демеушілердің көмегімен түскен. Бюджеттің бір тиыны шыққан жоқ.
Сыртына жалату үшін шамамен 12-15 келі техникалық алтын кетеді. Техникалық алтын жай алтынға қарағанда аздап арзандау тұрады.
--Неге алтыннан? Неге өзге ескерткіштер сияқты мәрмардан немесе таза қоладан емес?
--Алтын жалатсаңыз, ол кемінде 200 жылға дейін тұра береді екен. Басқа материал көпке шыдамайды. Оның үстіне алтын жалтырап, көзге әдемі көрінеді.
--Ескерткішті 6 шілдеде, яғни Елбасының 70 жылдық мерейтойының құрметіне қоюды жоспарлаған екенсіздер. Бұл мерзімді кейінге шегерген кім?
--Астана жақтағылар келесі жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қойған дұрыс деді.
--Жалпы, ескертіш қоюды қолға алған кезде жұртшылық тарапынан қандай пікір естідіңіздер?
-- «Осыны қоя тұру керек еді» деушілер кездесті. Ал, жалпы көпшілік қолдап жатыр.
--Ескерткіш қойылатынынан Елбасының өзі хабардар шығар? Ал, облыс басшысы біле ме?
-- Елбасы хабардар деп ойлаймын. Ал, облыс әкімі біледі.
--Ол кісі бұған қандай көзқарас білдірді?
--Дұрыс деді. Ол кісі орысшаны да, қазақшаны да жақсы сөйлейді ғой. Орыс тілінде айтқаны есімде қалыпты. Бұрмаламас үшін қаз-қалпында айтар болсам: «Хорошая идея. Заслуга президента переценит невозможна. Но, это очень тонкая меропратия. Надо очень осторожно подходит к этой теме. Я за» деді.
--Қор енді Елбасыны хан сайлау туралы бастаманы көтеріп жатыр екен. Бұған не түрткі болды?
--Мен мамандығым бойынша инженер-механикпін. Тарих саласына қатысым жоқ. Бірақ бір күнде өзгердім. 2000 жылдары түсімде бір ақсақал бір-екі рет аян беріп, «Қазақ хандарын қолға ал. Халық ата-баба жолын ұмытып кетті» деді. Айтылған сөздер бейне бір миыма құйылып жатқандай болады. Арасында «Бәрің Алланың қолындасыңдар, Елбасының қолындасыңдар» деген мағынадағы сөздерді айтады. Алғашқыда бұл құбылысқа түсінбей жүрдім. Кейіннен «Қой, мұның бәрі бекер емес» деп, «Қазақ хандығы» деген қор аштық. 2003 жылдан бастап Елбасыны хан сайлау туралы мәселені көтердік.
--Ұсыныстарыңызды жүзеге асырудың нақты тетіктері бар ма?
--Осы жөнінде референдум өткізу керек. Көпшілік қолдаса, Елбасы хан болып сайланады. Керегі жоқ десе, қалады. Референдум өткізу үшін алдымен барлық облыстарға шығып, басқосулар өткізіп, ұсынысты талқыға саламыз. Бұдан кейін осы ұсынысты қолдаған 200 мың халықтың қолын жинаймыз. Бәрін заңды түрде жүзеге асырамыз. Халықтың қолы жай қағазға емес, Орталық сайлау комиссиясының арнайы бланкісіне қойылады. Бұдан кейін бланкілерді Орталық сайлау комиссиясына тапсырамыз. Олар қойылған қолдардың растығын анықтап, ұсынысты Парламенттің қарауына береді.
--200 мың қол жинайтындарыңызға сенімдісіздер ме?
--200 мың қолды осы Шымкенттен-ақ жинауға болады.
--Сіздердің ойларыңызша, хан сайлағаннан біз не ұтамыз?
--Менің түсінігімше, хан болып сайланған адам ерте ме, кеш пе биліктен кететін президентке қарағанда халық үшін зор еңбек етеді. Себебі ол ертеңгі күніне көп жалтақтамайды. Өзіңіз ойлаңызшы, адам жеке өзінің жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды, ал мемлекеттің шаруасына олай емес. Азанғы сағат 9-да келеді, кешкі сағат 6-да қайтады. Осыдан-ақ белгілі емес пе?!
--Қор атынан осы ұсынысты көтеріп жүрген өзіңізден басқа кімдер бар. Олар танымал азаматтар ма?
--Біз өзіміз үш-төр адамбыз. Біреуі Алматыда, қалған үшеуі Шымкентте. Танымал азаматтар. Егер олар рұқсат берсе, аты-жөндерін айтармын. Ал, Алматыдағы кісінің есімін енді айта алмаймын.
--Жуырда қабылданған «Ұлт көшбасшысы туралы» Заңның бастамашыларының бірі Оңтүстіктен шыққан азамат Розақұл Халмұрадов еді. Елбасыға ескерткіш қою мәселесін, Хандық жүйені сіздер көтеріп отырсыздар. Екі ұсыныстың да осы Шымкенттен шыққан азаматтардың көтеруі кездейсоқтық па?
–Жоқ, кездейсоқтық емес. Қазақ елі алғаш рет осы оңтүстікте ту тіккен. Қазақ хандығының астанасы болған, қазақ хандарының сүйегі жатқан жер—Түркістан да осында. Сондықтан біздің менталитетіміз осыған жақын. Қанымызда бар.
P.S. Айтқандай, жуырда Қазақстанға келген сапарында Түркия президенті Абдулла Гүл мырзаның түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін Н.Назарбаевқа Анкарадан ескерткіш қойылатынын мәлімдегені белгілі. Осыдан кейін парламенттің төрінде отырған депутаттар «Неге әлі күнге Астанада Н.Назарбаевтың ескерткіші жоқ» деп шу ете қалды. Халық қалаулысы Тито Сыздықов Елбасыға ескерткішті түріктерден бұрын қою туралы ұсыныс айтты. Бұл шараға өзге өңірлер де бір кісідей атсалысып жатса, таңқалауға болмайтын шығар.
Oinet.kz мұрағатынан