Жылдамдықты асырып жол ережесін бұзудан Шымкенттің әкімі озып тұр
Шенеуніктердің қызметтік көлігінің қымбаттығы жөнінен Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың «Lexus LSX 570» көлігі көш басынан көрінген еді. Енді мына қызықты қараңыз: оңтүстіктегі шенеуніктер мінген «мәшинелердің» ереже бұзуы жағынан да Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың мемлекеттік номері «X 070 OK» көлігі тізімнің ең басында тұр. Бәркелді дейміз бе мұндайда, әлде не дейміз? Оның ереже бұзған 22 оқиғасының екеуінде бағдаршамның қызыл түсіне өткен болса қалған 20 жағдайда жылдамдықты асыра айдаған. Соншалықты неғылған асығыстық, өртеніп бара жатқан қандай тірлік десеңізші. Сондағы біткен тірлік кәне? Асыққанда қандай шаруа шешіліпті? Қайдам Жетпісбаев мінген ДЖИП қаншама мәрте жылдамдықты асырғанымен әкімнің жұмысты жетістіргенін көрмедік. Үнемі сыннан көз ашпай келеді. Ендеше қайда, не үшін асыққан деген сауалға жауапқа таппай далмыз. Егер жол ережесі бұзылған соң баршаға ортақ заңға сәйкес айыппұл төленіп бюджетке қаржы түсіп жатса, ол қаражат ел игілігіне жұмсалса да «әйтеуір қолдан келген бір тірлік осы болды-ау» деп шүкіршілік етер ме едік. Өкінішке қарай төлейтін айыппұл құны бір көліктің құнын құрап қалғанымен бұл тәртіпке бағынатын сыңай сезілмейді. Сөйте тұра қалада жол ережесін сақтау қажеттігі жайлы алқалы жиындар өткізу, жұртқа ақыл айту күлетін жайт па, жылайтын жайт па? Жетпісбаевтың қызметтік көлігінің жол ережесін бұзуына байланысты 2009 жылдың 23-қыркүйегі мен биылғы 4-мамыр аралығында тіркелген фактілерге тоқталдық. Қайда асыққанын қайдам, үстіміздегі жылдың 1-сәуірінде Темірлан тас жолымен келе жатып 50 шақырым сағатқа шектеу қойылған жерден 104.9 шақырым сағат жылдамдықпен жүйткіген. Қаланың қақ орталық көшелерінде де үлкен жылдамдықпен әрі-бері жүйтки беріпті, жүйтки беріпті. Сонда қалай, әкімдердің қызметтік көліктері заңды сыйламағаны ма, әлде айыппұл төлеуді ауырсынбайды ма? Ауырсынбайтын болса неліктен бір жылдан бергі жинақталған айыппұлдарды төлемеген? Осыдан кейін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге «Жетпісбаев мінген Джип келе жатыр, жолдан қашыңыз» деп айтудан басқа лаж таппай отырмыз.
Процессинг орталығының бастығы Ғалымжан Есімовтың айтуынша, айыппұлы төленбеген көліктер техникалық байқауға жіберілмейді. Жылдамдықты асыру жиі қайталана берсе материал әкімшілік сотқа жолданады. Алайда ойнақтаймын деп жүріп от басып қалған, жағдайы шәрменде болып соттасып қалған, сөйтіп талап пен тәртіпке сәйкес көшеде жүру құқығынан айырылып тот басып қалған көлік көрмедік. Демек әкімқаралар заңға емес, заң әкімқараларға бағынады дейтін ел аузындағы әңгіменің әділ айтылып жүргені ғой. Әрине, жоғарыда аталған жол ережесін бұзушылық Жетпісбаевтың қолымен жасалмағаны белгілі. Алайда, жүргізушісіне «тәйт» деп отыратын да, «баса бер» деп тапсырма беріп отыратын да бастығы емес пе? Жүргізушісіне қатаң талап қоя білетін басшылардың арасында қызметтік көлігі фоторадарға бірде-бір рет түспеген лауазым иелері де жоқ емес. Мәселен, облыстық мәслихат хатшысы Әбілқасым Досболов мінген «Х 003 ОК», облыс әкімі аппаратының басшысы Бәйділлә Жылқышиев мінген «Х 004 ОК», облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтың «Х 005 ОК», Болатбек Әлиевтің «Х 006 ОК» деген көлік жүргізушілерінің жол ережесін қатаң сақтап жүретінін байқауға болады. Бұл орайда жүргізуші тәртіп сақтайды деуден көрі оған бұйрық беретін бастықтары тәртіпке көндіккен деу көңілге қонымдырақ болар.
Сонымен біздің анықтаған антирейтинг бойынша екінші орында мемлекеттік номері «Х 101 ОК» «Мерседес Бенс 500 S» маркалы көлік тұр. Қырағы «теміркөз» оның 8 рет ереже бұзғанын «байқап» үлгеріпті. Жаңылмасақ, ол да Шымкент қаласының бір шаруашылық басқармасына бекітілген. Одан кейінгі орындарда «Х 054 ОК», «Х 036 ОК» секілді номер таққан «мемкөліктер» тұр.
«Облыстың бірінші басшысының көлігі ереже бұзады ма екен?» деген сауал облыс тұрғындарының кез-келгенін қызықтырса керек. Асқар Исабекұлы да жүргізушісінің тәртіп бұзушылығын кейде байқамай қалатын секілді. Өткен жылдың қыркүйегінен бері «Х 001 ОК» номерлі Мерседес екі рет жылдамдықты арттырамын деп радардың назарына ілігіп қалыпты. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановты таситын «Х 002 ОК» номерлі көлік үш рет жылдамдықты арттырамын деп, «көзге» түскен.
Заңдылықтың сақталуын қадағалайды деген прокурорлар жолда жүру ережесін қаншалықты сақтайды екен? Заңдылықтың сақталуын өзінен талап етуден бастауды дұрыс көрген болса керек, облыс прокуроры Берік Құлтасовтың қызметтік көлігі ереже бұзудан дін аман. Керісінше орынбасарлары жылдамдықты асырып жүруді әдетке айналдырған сыңайлы. Мәселен, мемлекеттік номері «Х 003 PR» автокөлігі жылдамдықты арттыруға үш рет жол берсе, мемлекеттік номері «Х 004 PR» көлігі дәл осындай ереже бұзушылықты 6 рет қайталапты.
Айта берсек, әрине, бұл тізімнің соңына жету мүмкін емес. Біз негізгілерін ғана шолып өттік. Әйтпесе, жүргізушілері ереже бұзбайтын басшылардың қатары көп емес. Керісінше айыппұл төлеуге көзжұмбайлықпен, селқос қарайтындардың қатары жиі секілді. Жоғарыда келтірілген мәліметтердің барлығы да айыппұлы төленбеген ереже бұзушылықтар. Ал айыппұлдың көлеміне қатысты біз облыстық жол полициясы басқармасы процессинг орталығының бастығы, полиция подполковнигі Ғалымжан Есімовтан сұраған едік.
--Фотофиксаторлар негізінен жылдамдықты белгіленген мөлшерден асырғандарды және бағдаршамның қызыл жарығынан өтіп кеткендерді тіркейді. Егер көлік иесі жылдамдықты белгіленген мөлшерден 10 шақырымнан 20 шақырым сағатқа дейін арттырса, ол үшін Әкімшілік кодексте 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемде айыппұл қаралған. Жаңа жылдан бастап 1 АЕК-тің көлемі 1413 теңгені құрады. Яғни, 5 АЕК 7065 теңге болады. Ал жылдамдықты 20 шақырымнан 40 шақырымға дейін арттырса, 10 АЕК, яғни 14130 теңге, 40 шақырым және одан да жоғары жылдамдықпен жүрсе айыппұл көлемі 15 АЕК, 21195 теңге болады. Егер 20 мен 40 шақырым сағат аралығында жылдамдық асыру оқиғасы бір жыл ішінде екінші мәрте қайталанатын болса, айыппұл көлемі 20 АЕК, үшінші және одан да көп рет қайталанса ол жол ережесін жүйелі түрде бұзушы болып есептеліп, материалдар әкімшілік сотқа жолданады. Мұндай жағдайда бірінші кезекте көлік жүргізушісін анықтауымыз керек. Қазір бір көлікті бірнеше жүргізуші басқаратын жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті алдымен автокөліктің егесіне ұйғарым жібереміз. Ол көлікті кім басқарып жүргенін айтуы тиіс. Содан кейін ұйғарымды нақты көлік жүргізушісіне жібереміз. Бағдаршамның қызыл жарығынан өтіп кеткені үшін белгіленген айыппұлдың көлемі де 7065 теңге ( 5 АЕК).
- Жол ережесін сақтамауға кімдерге және қандай жағдайда рұқсат етіледі?
- Жол қозғалыс ережесінде көрсетілгендей, арнайы жарқылдауық маяктары бар көліктер, яғни полиция, жедел жәрдем, өрт сөндіруші көліктері маякты жағып келе жатқанда, басқаша айтқанда арнайы қызметтік тапсырманы орындау барысында ереже талаптарын орындамауға рұқсат етілген. Бірақ, қайталап айтайын, міндетті түрде жарқылдауық маяктарын жаққан жағдайда ғана рұқсат етіледі. Солай бола тұрса да ол қызметтік көліктердің арнайы тапсырма алғандығы құжат жүзінде тексеріледі. Жарқылдауық маяктары жоқ автокөліктердің барлығы жол ережесін сақтауға міндетті.
- Қызметтік көліктің айыппұлдарын кімдер төлейді?
- Жалпы алғанда ережені кім бұзса, айыппұлды да сол төлеуі тиіс. Бірақ, мемлекеттік көліктерді қай кезде кім басқарғанын анықтау қиын. Сол себепті қызметтік көліктердің айыппұлын жеке азаматтарға емес, мекемелердің атына жібереміз. Арғы жағын өздері анықтап алады. Біздің міндет айыппұлды өндіру.
- Айыппұлы бар көліктер техникалық байқаудан өткізіледі ме?
- Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, айыппұлы бар көліктердің техникалық байқаудан өткізілуіне рұқсат етілмейді. Ішкі істер департаментінің сайтына енгізілген тізімнің барлығы да айыппұлы бар көліктер.
P.S. Орталық бастығының айтқанындай әкімдердің қызметтік көлігі жол ережесін сақтамауға рұқсат етілетін көліктердің санатына кірмейді. Демек, ереже бұзған «мемкөліктердің» барлығының да жүргізушілері айыппұл төлеулері тиіс. Антирейтинг бойынша бірінші орында тұрған Шымкент қаласы әкімінің қызметтік көлігіне тіркелген 22 ереже бұзушылықтың екеуі қызыл сызықтан өткенін жоғарыда айттық. Қалғаны төмендегіше: 8 мәрте 10-20 шақырым сағат аралығындағы, 9 мәрте 20-40 шақырым сағат аралығындағы, 3 мәрте 40 шақырым сағаттан жоғары жылдамдықтан асыруға жол берген. Ерінбесеңіз, құрметті оқырман, қолыңызға қалам, калькулятор алып, есептеп көріңіз. Бәлкім сіз бен біз мініп жүрген қарапайым бір көліктің құнынан да асып кеткен болар?!
Oinet.kz мұрағатынан