Жанат Сүлейменов осал басшы ма?

Oinet.kz 20-06-2017 1382

Screenshot_1.jpg

1 маусым күнгі жарық көрген «Рейтинг» газетінде «Сырты бүтін, іші түтін» Сүлейменов басшылық ететін ішкі істер департаментінің сиқы осындай»  деген сараптамалық сын мақала жариялап, Шымкент қаласы мен Отырар ауданында полиция қызметкерлерінің қылмыс істеп ұсталғанын, дәлірегі есірткі саудасымен айналысқанын жазған болатынбыз. Елдің тыныштығын қорғайды деген тәртіп сақшыларының пайдакүнемдікке беріліп, ауыр қылмыстарға барғанына  ел-жұрт жаға ұстап жүргенде  облыстағы  полиция қызметкерлерін тағы «құдай ұрып қалды». 

Қасқырды аяғы асырайды, ал полицейлерді...

«Қасқырды аяғы асырайды» деген мәтел бар.  Ал учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдерді қолындағы құзыреті асырайтын болып тұр. Құрыққа түскен Арыс қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері де пагонын пайдаланып, мал таппақ болғанға ұқсайды.

Ресми мәліметтерге қарағанда, облыстық ішкі істер департаментіне Арыс қаласының бір тұрғыны арызданып, жергілікті полицейдің жер қойнауындағы қиыршық тастарды өз бетінше  пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 300 мың теңге сұрап жатқанын айтқан. Осы ақпарат бойынша  жүргізілген шұғыл-іздестіру шаралары кезінде Арыс қаласының 1980 жылы туған жедел уәкілі ұсталып, қамауға алынды. Қазір оған алаяқтық жасады деген айып тағылған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Жедел уәкілдің осындай сорақы іске барып, ұсталғанын облыстық ішкі істер департаментінің өзі таратты. 

-Облыстық ішкі істер департаменті жеке құрам қызметкерлері арасындағы қылмысты анықтау, алды алу шараларын құқық қорғау органдарымен үнемі бірлесіп жүргізетін болады,-делініпті департаменттің таратқан мәліметінде. 

Департамент бастығы Жанат Сүлейменов қызметін баюдың көзіне айналдырған полицейлерді  әшкерелеуге шынымен де білек сыбана кіріскені ме, әлде бұл бұған дейінгі тұтқындауларды жауып-жасыру, ақталу ма? Әй, қайдам,  бір кездері генерал Асқар Оспановтың да қарамағындағы «қой терісін жамылған қасқырлармен» қалай күрескенін жақсы білеміз ғой. Жанат Сүлейменовтың де мұнысы көрер көзге жасалған көзбояу тірлік емес пе деген күдігіміз бар. 

Ол әкімнің, бұл генералдың баласы

Осы жуырда ақпарат құралдарында рөлге ішіп алып отырған прокуратура қызметкері туралы ақпарат жарқ ете қалды. Бұл жөнінде Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханның өзі де фейсбуктегі парақшасында жазды. «Ол құқық қорғау органдарының қызметкері әрі лауазымды шенеуніктің жақын туысы. Көлігімен бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кетті. Тоқтатқан кезде рөлде мас күйінде отырды. Сараптаманың қорытындысы да мұны растап отыр» деп жазды Шымкенттің бас полицейі. Әйтеуір, жергілікті полицияның осы бір «көзсіз ерлігі» ел арасында оң пікір тудырып, авторитетін асқақтатып тастағаны анық. Алайда  дәл осы оқиғаның астарында көпшілік біле бермейтін біраз құпия бар екен. Қызметіндегі жаңалықтарды әлеуметтік желідегі достарымен бөліскенді жақсы көретін Данияр Мейірхан бұл туралы әзірге жұмған аузын ашқан жоқ. Неге? 

Біздің қолымызға Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының (судья Н.Алиев) 2 маусым 2017 жылы Нұржан Полатовқа қатысты шығарған  қаулысы түсті (Н.Полатовтың қазіргі уақытта облыстық прокуратурада басқарма прокуроры қызметін атқаратынын, оның Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың ұлы екендігін  енді жасырудың жөні жоқ сияқты).  Сотқа шағымданған Н.Полатовтың айтуынша, мамырдың бесінен алтысына қараған түні ол досы Берік Мамырбаев екеуі отбасымен бірге  Шымкенттегі мейрамханалардың біріне барған.  Түнгі сағат 12 жарымдардың шамасында үйлеріне қайтады. Н.Полатов дастархан басында шамалы шарап ішкендіктен рөлге Берік отырған. Көлік Бәйдібек би көшесінің бойындағы «Алтын сарай» тойханасының алдына келген кезде  707 нөмірлі патрулдық көлік бұлардың алдарын кескестеп тоқтатқан.  Инспектормен сөйлесу үшін жігіттердің екеуі де сыртқа шыққан. Көліктен алдымен полиция лейтенанты Ержан Ахинов түсіп, бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кеткенін ескертеді, көліктің құжаттарын көрсетуді сұрайды.  Н.Полатов көліктің жүргізуші орнына отырып, құжаттарды алып, лейтенантқа ұсынған. Осы кезде полицейлік көліктің алдыңғы орындығынан азаматтық формадағы біреу түседі. Кім дейсіздер ғой?  Данияр Мейірхан... Шамасы көшедегі ереже бұзу фактілерін кез-келген уақытта анықтап, тиісті тапсырма беріп кету жергілікті полиция қызметінің басшысының әдетінде бұрыннан бар болса керек.  Н.Полатовтың сотқа жазған шағымына қарағанда, Д.Мейірхан  оған «сен облыстық прокуратура қызметкерісің ғой, жергілікті полиция қызметкерлерін прокуратура тексеріп, мазалап жатыр» деп, дөрекі сөйлеп, прокуратураға деген бас араздығын білдірген. Бұдан кейін рация арқылы оқиға орнына қызметкерлерін жинап, хаттама толтыруға кіріседі. Бастығы тапсырған соң полицейлер  Н.Полатовты наркологиялық диспансерге апарып тексеруден де өткізеді. «Рульде Нұржан емес мен отырдым» дегеніне қарамастан Берік Мамырбаевқа қатысты ешқандай сараптама жасалмаған. Әрине,  екіарадағы әңгіменің  ортасында сіз бен біз болғанымыз жоқ. Сондықтан мынау рас, мынау өтірік деп кесімді пікір айтудан аулақпыз.  Ендігі жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деген мәселені салмақтауда  айғақ пен дәлелдің жүретіні белгілі. Н.Полатовтың сол күні мас күйінде рөлге отырғанына қандай айғақ бар? Қаулыға қарағанда, сотта куәгер ретінде жауап берген полицейлердің бәрі рөлде кімнің отырғанын көрмегендерін айтқан. Бұл түсінікті, өйткені олардың бәрі оқиға орнына бастықтарының шақыруымен кейін келген. Көлікті тоқтатқан Ержан Ахиновтың бұлай деуге қақысы жоқ екендігі де айтпаса да түсінікті. Бірақ оның да әрекетінде күдік бар. Ол ереже бұзушылықты өзі анықтаған соң, хаттаманы да өзі толтыруы тиіс еді. Алайда хаттаманы оқиға орнына кейін келген Н.Бегманға тапсырған. Е.Ахинов бұл әрекетін хаттама бланкісінің болмағанымен түсіндіріпті. Өзінің жауабында ол оқиға кезінде Данияр Мейірхан мен Н.Полатовтың жолдың шетінде тұрып әңгімелескендерін айтыпты. Бірақ не жөнінде әңгімелескендері белгісіз. 

Айғақтық заттар да полицейлердің өкінішіне қарай, прокурордың пайдасына шешіліп тұр. Іске әлдебір жазба дискі тігілген. Бұл жазба көлік тоқтап тұрған кезде Н.Полатовтың жүргізушінің орындығына отырып, құжаттарын алып жатқан кезде түсірілген. Мұны Данияр Мейірхан өзінің жеке ұялы телефонына түсірген. Сотқа осы телефондағы көшірме бейнежазба табыс етілген. Н.Полатовтың бағдаршамның қызыл жарығына және көлікті мас күйде басқарғанына ешқандай дәлел жоқ. Сонда бұл қалай? Көлікті тоқтатқан Е.Ахиновтың бейнетіркегіші қайда? Жалпы ешқандай құралы жоқ, ең ақыры хаттама бланкісін де алмаған Д.Мейірхан мен Е.Ахинов сол күні көшедегі көліктерді не үшін тоқтатқан? Біреуден кек алып, есе қайтару үшін бе?

-Н.Бегман әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды басшысы Мейірхан Даниярдың бұйрығымен толтыруға мәжбүр болған. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметінің басшысы Мейірхан Данияр прокуратураға деген бас араздығы бар екендігін білдіріп, жүргізуші Б.Мамырбаевты емес облыстық прокуратура қызметкері Н.Полатовты ғана медициналық куәландырудан өткізіп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды өзі жасамай, өзінің қарамағындағы жол полиция қызметкеріне жасатқан деп санайды,- деген сот Н.Полатовқа қатысты толтырылған әкімшілік хаттамаларды заңсыз деп тауып,  әкімшілік істі өндірістен тоқтатқан.  Айтқандай, осы оқиғаның басы-қасында жүргені, ұялы телефонға түсіріп, бейнетіркегіштің рөлін атқарған Данияр Мейірханның өзі сотқа келмеген. Не жазбаша жауабы жоқ. Егер «честный»  полицей болса оның мұнысын қалай түсінуге болады? 

Іс мұнымен біткен жоқ. Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша әкімшілік сотта тағы бір іс қаралып жатыр. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда сот бұл жолы полицейлердің әрекетіне баға беріп жатқанға ұқсайды. Егер полицейлердің заңнан аттағаны анықталса, бұл іс жылы жабылып қалмауы мүмкін. Осы оқиғаның басы-қасында жүріп, тиісті нұсқауларын берген Данияр Мейірхан біреуге нақақтан нақақ жала жауып, абыройын төккені үшін ішкі істер органдарынан мүлдем кетуі мүмкін. Қайталап айтайық мүмкін. Мейірханның мұртын балта шаппауы да мүмкін. Генералдың ұлының (Данияр Мейірхан уақтысында Жамбыл, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментін басқарған генерал Мейірхан Жаманбаевтың ұлы)   қызметте жолы болғыш, соңынан қанша келеңсіз сөз ерсе де аттан түспей келе жатқанын да жасыруға болмайды. Бәлкім бұл жолы да оның еркелігін жоғарыдағылар елеусіз қалдыратын шығар. Бірақ одан кейін полицияның абыройы туралы әңгіме айтудың өзі артық емес пе?

...Жергілікті полиция жергілікті әкімдікке есеп береді дегеніңізбен, облыстық ішкі істер департаметіне қарайды. Жанат Сүлейменовтың соңғы кездері көп сын айтылып жүрген  жергілікті полицияның қызметін реттеуге, заңсыз тірліктерге барып жүрген генералдың ұлын тәртіпке шақыруға құзыры жетеді ғой... Батылы жете қояр ма екен? Оны қарамағындағылар осал басшы санамаса әрқайсысы бірінен кейін бірі ойына келгенін істемей аяқтарын аңдап басар ма еді  дейміз дә?! Сонда Сүлейменов «көтере алмас шоқпарды беліне байлап» жүр ме? 

Жәнібек ТАРХАН, 

«Рейтинг» газеті №23, 15 маусым 2017 жыл

Қытай ашаршылықтан қалай аман шықты?
Сауат Мыңбаев: «Мұнай компаниясының 51 пайыз акциясын Қытайға сатамыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу