Әділбек Ниязымбетов: «Сәтсіздік сағымды сындыра алмайды»

Oinet.kz 21-06-2019 1945

Screenshot_21.jpg

Әділбек Ниязымбетов, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері

Катарда өткен әлем чемпионатында маңғыстаулық боксшы сәтсіздікке ұрынды. «Дүние алма кезек» деген сөз бар. Бұл жолы сыралғы қарсыласы, өзбекстандық Елшад Расулов жүлдеден айырды. Бұған дейін екеуінің жолы түйісіп, қазақ боксшысы үстемдік танытып жүрген.

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері бұл сәтсіздікпен тоқтап қалмайтынын айтады. Әлемдік сайыстан келісімен дайындыққа кіріскен. 

Шымкентке, Қазақстан бокс федерациясы кубогы бәсекесіне маңғыстаулықтар сапында келген Әділбек Ниязымбетовпен әңгімелестік.

– Әңгімені Азия чемпионатынан бастайықшы. Үндіқытай түбегіндегі аламан қай қырынан есте қалды?

– Тайландқа жақсы баппен бардық. Қарсыластарымның ішіндегі мықтысы өзбек боксшысы еді. Ол финалда жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Жалпы, оның шықпайтыны жартылай финалдан кейін-ақ мәлім болған. Кореялық қарсыласы баспен қатты соғып жіберді ғой. Көзі домбығып ісіп кеткен. Ондай жағдаймен бокстасу мүмкін емес. Онымен айқасқым-ақ келген, әттең сәті түскен жоқ. Әлем чемпионатында сол өзбек қарсыласым қайта жолығып, ұрымтал сәтті пайдаланып кетті. Өзімнің ойымша, одан ұтылған жоқпын. Төрешілер солай шешсе, басқа амал жоқ.

Негізгі жоспарым--Катарда тек алтын алу еді. Кубалық қарсыласымнан есе қайтаруды ойлағам. Аздаған өкінішті сәт болды. Бапкерлерімнің, жанкүйерлерімнің сенімін ақтай алмағанымды ойласам... Алланың қалауы шығар...Бұл сәтсіздікпен тоқтап қалсақ өзімізге сын.  Көңіл- күйді түсірудің қажеті жоқ. Алда әлі жарыстар бар. Дайындаламын, сонда дәлелдеу керек  өзімді. Бір айта кетерім, бірінші жекпе-жекте кезіккен сириялықты үшінші  рет жеңдім: Азия чемпионатының ширек финалында, Азия ойындарының бастапқы кезеңінде ұтқан едім. 

– Өзбекке қарсы қандай тактика құрып едіңдер? Қателік қай жерден болды?

– Мен өз тактикамды қолданбай, төбелесемін деп алға ентелей бердім. Ол  аяқпен жақсы жұмыс істеп,  керісінше мені алдап кетті. Егер бұрынғы өз тактикамды іске асырғанда, жеңілмес едім. Соққысына соққымен қарымта қайтаруым керек-тін. Бірақ оған ешқандай инициатива берген жоқпын. Өзім шабуылдап, өзім жұмыс жасап жүрдім емес пе?! Шаршап-шалдығатындай  жағдай болған жоқ. Бар ойым өзбекті ұру мақсаты еді. Не өзім де жинала алмадым, ол да жарытып бокстасқан жоқ.

Жарыстан шығып қалғаннан кейін қарсыластарымды байқаудың сәті түсті. Финалдық бәсекелерді тамашаладық. Ирландиялықтың орнында мен болуым керек еді деген ой әліге дейін мазалап жүр. Кубалықтан қалай да есе қайтарамын деген ынта ғой. Бұл да бір өкінішім. Ла Крузбен келесі жолы Алла бұйыртса, жолықсақ одан ұтылмаймын деп ойлаймын. Бапкерім Марат ағай да мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай жұмыс істейміз дейді. Өткен іс өтті. Оны еске ала бергеннен ештеңе шықпайды. Енді келесі жарыста дәлелдеу ғана қалды. Елді де, әлемді де мойындату өзімізге байланысты. 

– Өз салмағыңдағы жүлдегер жігіттер  жайында не айтасың?  

– Кубалық боксшы жеңіске әбден лайық. Оған тең келетін қарсылас болған жоқ. Өзінің жоспарын орындады. Үшінші  рет әлемді бағындырып отыр.  Қола жүлде ресейлік Павел Силягин мен Елшад Расуловқа бұйырды.Күміс жүлдегер, ирландиялық Джо Уордпен бұрын да айқасқанмын. 2013 жылғы Германияның Галле қаласындағы турнирде. Ол кезде ұтылған жоқпын. Бірақ жеңісті соған тартып әперді. Онымен төбелеспей, өз тактикаммен істесем қиындықсыз жеңетін қарсыластарымның бірі.

Қазір жастар өсіп жатыр. Қай елдің болса да жастары оңайлықпен жүлдені бере салмайды. Сондықтан еш босаңсуға уақыт та, жағдайым да  жоқ. Бәріне де тыңғылықты бап керек. Әлем біріншілігінде негізінен өзіме ұнаған кубалық боксшылар. Өзімнің қарсыласымнан бөлек, қырық тоғыз келідегі жас боксшы да таңдандырды. Небәрі он тоғыз жасар жігіт. Жастығына қарамай жеңімпаз атанды. Өзінен үлкен ағаларымен төбелесетін жерде төбелесті, аяқта істейін жерде оны да  істей алды. Жарады жігіт!

– Әлем чемпионатының ұйымдастырылу жағы қалай болды?

– Басқа әлем чемпионаттарына қарағанда Катардікі өзгеше. Олардың ұйымдастыруы көпшілікке ұнағаны анық. Олар – мұсылман халық. Ашылу салтанатының өзін ерекше өткізді. Мәселен, екі шаршы алаң қойып, оның ортасына әйнек қойып, бокс туралы қойылым көрсетті. Одан кейін, әдепке сай ұйымдастырылып ашық-шашық қыздар жүрген жоқ. Құжынаған халықтың бәріне спорт зал, мәшине бөлінген. Уақтылы келесің. Қонақ үйі мен  тамақтары да көңілден шықты. Катар дамыған, бай ел екендігін байқатты.

– Жалпы, сыралғы қарсыласың Елшадпен төртінші рет жолығып тұрсың...Көпшілік  өзбек боксшылары шаршау дегенді білмейді деген пікірде.

– Қараңыз, оны екі рет бокстасып жеңдім. Бакудегі әлем біріншілігінің жартылай финалында, одан кейін Астанадағы төрттік турнирінде. Үшіншісі -  Азия чемпионатының финалында шыққан жоқ. Төртіншісінде оның бағы жанды.Оның да жасы үлкен, тәжірибесі мол. Әлем чемпионаттарына, Олимпиада ойындарына қатысып жүр. Басқа өзбектерден бұның ерекшелігі - аяқта жақсы жұмыс істейтіндігі. Жылдам әрі қулығы бар.

Әр спортшының тактикасы әр түрлі. Шаршап, алқынып қалмауы – ол  адамның өзіне байланысты. Меніңше, өзбек бапкерлері Олимпиадаға Елшадты апаратын шығар. Айбек Мамазулунов деген қарсыласым шабуылда, бірінші нөмірмен жұмыс істейді. Ал Расулов аяққа көңіл бөліп,  қарымта шабуылға арқа сүйейді. 

Қазақ жігіттерін өзбектерден әлсіз деп айта алмаймын. Осы әлем біріншілігінде қоңсы ел спортшыларының қолы жүрген шығар. Бас бапкер, жеке бапкерлер бізді де өте мықты дайындады. Азия чемпионаты алдында, өз жоспарларымен, орын орынымен баптай алды. Жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Әлем чемпионатына да солай барамыз деген ойда едік. Жігіттер шаршаңқырап қалған болуы да мүмкін. Кейбірі өз ойындағыдай бокстаса алмады.

– Енді жолдама мәселесі туралы айтсаң...

– 16 желтоқсанда Қарағандыда Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнир басталады.  Бапкерлер Олимпиадалық іріктеу турниріне қатысатындарды осы турнирде анықтайды. Наурыз айында Қытайда өтетін лицензиялық додаға кім баратыны Қарағанды жерінде белгілі болады. Кімдер жолдама ала алмады, бәрі осы жарысқа қатысады. Артымнан келе жатқан жастар көп. Бәрі де маған қарсы дайындалады, мені ұтқысы келеді. Бәрінің ойы сол. Мен де жастар өсіп жатыр деп қарап отырмаймын. Өзімнің де жоспарым бар. Құдай қаласа, Ғалым Жарылғапов турниріне  өзімнің мықтылығымды дәлелдеу мақсатымен  барамын. Тек Қазақстанды ғана емес, әлемді мойындатқым келеді. Олимпиаданың финалына дейін жеттім. Енді екінші рет тағы финалға шығып, елімнің туын көкке көтеруді мақсат етіп отырмын. Халқымның қуанышына ортақ болғым келеді. Рио де Жанейро менің соңғы Олимпиадам болып қалар.

Жеке бапкерім Марат ағай «Астана арландарынан» кетті. Кейде өзімізге қарауға үлгере алмай қалатын жайттар бар еді. Қазір толықтай өзіміздің қасымызда.

Сұхбаттасқан Тағабай Қасым,

«Рейтинг» газеті, №48-49, 10 желтоқсан 2015 жыл

Сергей Белоглазов: «Атақты екеніңді әр күні дәлелдеуің керек!»
Әлібек Нұртаев: «Спорттағы жетістіктер Олимпиадамен ғана өлшенбейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу