Сергей Белоглазов: «Атақты екеніңді әр күні дәлелдеуің керек!»

Oinet.kz 21-06-2019 2016

Screenshot_13.jpg

Сергей Белоглазов, еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері: 

«Еркін күреске өзгеріс керек» деген әңгіменің айтылып жүргеніне біршама уақыт болды. Соңғы үш әлем біріншілігінен балуандарымыз жүлдесіз оралды. Кінә кімнен? Тығырықтан шығудың жолын іздеп-ақ жатырмыз. Ұлттық құраманың тізгінін әлемге әйгілі балуан Сергей Белоглазовқа сеніп тапсырдық. Әуелі кеңесші-бапкер болып ішкі жағдаймен танысқаннан кейін, бас бапкерлікке тағайындалды. Белгілі маман маусымнан бері қарай еркін күрес шеберлерін баптап жүр.

С.Белоглазов жетекшілік еткен команда Лас-Вегаста өткен әлем біріншілігінен бір жолдамамен қайтты. Екі дүркін Олимпиада жеңімпазы, алты дүркін әлем чемпионын таяуда Шымкентте кездестірдік. Мұнда жергілікті балуандарға шеберлік сабағын өтуге келген екен. Жас балуандарға құнды кеңестерін айтып, ұмыт қалған әдіс-айлаларды қайта жаңғыртқан. Жиын біткесін бас бапкерге көкейде жүрген сауалдарды қойып едік. 

 – Біздің елге шақыру ұсынысын қалай қабылдадыңыз? Бас бапкер болып тағайындалғаннан бергі төрт айда нені байқадыңыз?

– Ешқандай таңданыс болған жоқ, әдеттегі жұмыс ретінде қабылдадым. Мені Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай мырза шақырды. Алдымен ішкі жағдаймен танысып, күресті қалай жақсы көретіндеріңізді байқап алуым керектігін айттым. Әдетте менің келісім-шартқа дейін осындай ұсыныстарым бар. Егер күресті жақсы көрмейтін ел болса, мен қандай жағдай жасаса да бармаймын. Ал сіздерде күреске деген ынта жақсы, халық күресті сүйеді. Федерацияның қолдауы да зор.

Бастысы, «материал» бар. Енді тек саннан сапаға өту керек. Сан бар сіздерде. Мен жасөспірімдердің чемпионатын көрдім. Балалардың болашаққа деген құлшынысы жоғары. Енді олардың ары қарай дамуы үшін жұмыс істеуі – басты мәселе. Азия біріншілігінен кейін маусым айында бас бапкерлікке тағайындалып, жұмысты бастап кеттік.

Біріншіден, мұнда мен тәртіпке баса мән бердім. Екіншіден, жаттығуға деген көзқарасты өзгерту керектігін ұғындырдым. Әсіресе үйде. Олар оқу-жаттығу жиындарында жеткілікті тер төгеді.  Егер үйде болғанда мәселе кезігетінін жасыра алмайсың. Кейбірінің жағдайы жоқ, кейбіріне жаттығуда қарсылас табылмайды. Түрлі себептер. Жеке бапкермен тығыз жұмыс істеу де өзекті.

Командада іріктеу қалай жүріп жатыр?

– Міне, 2015 жыл аяқталуға жақын. Хасавюрттегі құрлықаралық турнирге қатыстық. Ертең Қазақстан кубогы басталады. Таразда Қонаев мемориалы бар. Бірінші, екінші нөмірлі балуандар осы жарыста қалай күресетіні өте маңызды. Федерацияға да осы турнирлерге барлығын қатыстыруға ұсыныс жасадым. Осы үш жарыстың нәтижесіне қарап, біз талдау жұмыстарын жүргіземіз. Іріктеуге кімдердің баратынын осы турнирлер анықтайды.

Келесі жылы Азия чемпионаты тағы бар. Жаңа жылдан кейін де Ресей, АҚШ, Франциядағы турнирге қатысармыз бәлкім. Қазір бізге бәсекені арттыру маңызды. Ауыр салмақта Дәулет Шабанбайға бәсекелес жоқ мәселен. Жарақаттан аман болса деп әрдайым тілеуін тілеп жүргеніміз. Сексен алты келіде үш жігіт бар. Алпыс бес келіде Саятбек Оқасов, Мейіржан Әшіров, елу жетіде Расул Қалиев, Артас Сана ғана бәсекелес. Бізде әлі де мәселе көп. Әр салмақта екі балуаннан ғана бар.

Төрт жылда бәсеке қалыптастыру керек еді. Бір балуанды апара бергеннен еш ұтпаймыз. Жалпы, құрамаға алынар балуандардың атақ-дәрежесіне қарамаймын. Олар мықты ма, дәлелдеуі керек. Мен атақты деген сөзді жақсы көрмеймін (күліп). Он жыл бойы бабында болып, барлық жарысты жеңген спортшыны солай атасақ жарасар. Ал бір рет жүлдегер атанған балуанды атақты деп айтуға келмес. Олимпиада, не әлем чемпионатынан жүлде алған балуан ол жеңісін  ұмытып, бір айдан кейін жаттығуға қайта кірісу керек. Атақты екенін дәлелдеу керек әр күні!

Енді өзіңіздің спорттық мансабыңыз жайында сөз қозғасақ. Сыңарыңыз Анатолиймен бірге он төрт жасыңыздан бастап бозкілемде шұғылдануға ден қойыпсыздар. Сіздерде басты мәселе бір салмақта күрескендеріңіз болған дейді...

– Біреулер он төрт жастан бастады деп жазып жүр екен. Ол — қате. Он бір жасымыздан бастағанбыз. Рас, екеуміз алдымен бір салмақта болдық. Кейінірек түрлі салмаққа ауысуға тура келді. Бастапқыда қолайсыз жағдайлар жиі кезіккеннен кейін осылай шештік. Мен сәл ғана ауыр болып, елу жетіге ауыстым. Ал Толя салмақ қуып, қырық сегіз немесе елу екіде күресті.

1984 жылғы Лос-Анджелес ойындарына бара алмай қалғаныңыз «трагедия» болыпты сіз үшін…

– «Трагедия» деуге келер ме екен. Ол кезде жағдай солай болды ғой. Саясаттың спортқа кесірі тие бастаған уақыты. АҚШ-қа бармайтынымызды соңғы сәтте ғана білдік. Жақсы дайындалып, нағыз бабымда болған едім сол кезде. Жасым жиырма сегізде – нағыз олжа салар кезең. Бір айтатыным, бұл жағдайға біз кінәлі емеспіз. Егер ол жағдай тағы да қайталанса трагедия болушы еді. Олимпиададан кейін көптеген жігіттер күресті қойып кетті. Бір ғана циклға дайындалғандар ғой. Кейбірінің жасы келіп қалған.

Жеке бапкеріңіз Гранит Торопин бір сұхбатында былай депті: «Ол екеуі ешқашан бірге жаттықпайтын. Өйткені ол мүмкін де емес. Міндетті түрде бірі жарақаттанады». Осылай болғаны рас па?

           Сәл артықтау айтылыпты. Егер спарринг табылмағанда бірге жаттығатынбыз. Рас, ондай кезде талай жарақаттандық. Біз бір-бірімізді жақсы білеміз. Бауыр болсақ та кілемде аяушылық сезім болмайтын. Бауырымның қолын, аяғын сындырған жағдайларым да бар. Сол себептен біз бірге жаттығуды қолай көрмедік.

Спорттық ғұмырын жарқын жеңіспен аяқтаған балуан қалайша бапкер болуға құмартты?

– Бәрі ойламаған жерден басталды. Сол кездегі әлеуметтік жағдай да солай шешім қабылдауыма әкелді емес пе?! Қаласам да, қаламасам да жағдай солай еді.  Алдымен Ресей құрамасында екі жыл аға бапкер болып, тәжірибе жинадық. Одан кейін АҚШ-қа шақырған ұсыныстан бас тарта алмадым. Әрі қызық көрінді. Бауырым Толя Канадаға кетті. Әрі өзіміздің тәжірибемізді арттырғымыз келді. АҚШ-та күрестің деңгейі тіпті өзгеше екенін байқадық.

Егер адамда таңдау еркі болса, ол жақсы. Ал егер ешкім елемей, ешқайда шақырмаса ол жаман. Бұл – таңдау. Неге жоқ деймін? Мен жақсы тәжірибе алдым. Сол біліктілігіммен Жапонияда, Сингапурде да қызмет еттім. Күншығыс елінде мүлдем басқа өмір. Басқа әлемді көрдім.Мен дайындаған шәкірттерімнің арасынан біршама жүлдегерлер шықты. Жапониялық Такуя Ота Атлантада жүлдегер болды. Басқа да жігіттер бар. Бейжің ойындарында жеңімпаз болған АҚШ өкілі Хенри Согудоға көп көмегім тиді.

Сингапурдің күрес тарихында бірінші бапкер болғаныңыз да қызық..

– Бейжің ойындарынан кейін Сингапурге кеттім. Онда күрес мүлдем болмапты. Негізі, сонда жиырма жылдан бері жұмыс істейтін америкалық досым Майк Денома шақырды. Барсам зал да, кілем де жоқ. «Сен маған қандай жұмыс ұсынып жатсың» деп Майктан сұрасам, ол бір айдан кейін бәрі болады деді. Солай болды да. Зал таптық. Жаңа кілем алынды.

Тапсырма бірден балуандарды тәрбиелеу болған жоқ, күрестің негізін қалау еді. Оқу орталығын ашу міндеттелді. Біз бағдарлама жасап, бірталай бапкерлерді оқыттық. Вьетнам, Жаңа Зеландия, Аустралия, Филиппиннен бапкерлер келді. Дәрістер өттім, емтихан қабылдадық. Бұрын ештеңе болмаған Сингапурде қазір күрес бар. Клубтар ашылып, жаттығулар  жүріп жатыр. Сол елде өткен жастар Олимпиадасына жергілікті бір ұл мен бір қыз қатысты. Мұның өзі үлкен жетістік.

Туған жеріңіз Калининградта ағайынды Белоглазовтардың турнирі өтіп тұратын. Бұл үрдіс әлі жалғасып жатыр ма?

– 1996 жылы негізі қаланған турнир қатарынан он төрт жыл ұйымдастырылды. Ол жарысты кезінде Бувайсар Сайтиев, Махарбек Хадарцев, Артур Таймазов та ұтқан. Сайыстың ауқымы кеңейіп келе жатыр еді… Бес жылдан бері әлеуметтік жағдайға байланысты уақытша тоқтап тұр. Қарапайым халықты қинап, турнир өткізудің қажеті жоқ.

Жалпы, турнирді өткізу менің бастамам емес. Ол — жергілікті халықтың ұсынысы. Қазір тұрғындар қайта өткізуді ойлап жүрген секілді. Мүмкін келесі Олимпиададан кейін қайта қолға алармыз.

 – Соңғы кездері қай елде еркін күрес жақсы дамып жатыр?

           Барлық елде! Ирандықтар қайта күшейе бастады. Барлық елде де даму қарқынды. Әйелдер күресінде Колумбия, Бразилия арулары көріне бастады. Бұрын Колумбия балуандар елі саналатын ба еді? ТМД елдерінде күрес бұрыннан бар. Түркия, Әзірбайжанда қаржылай қолдау жақсы. Күрес үшін барлық жағдай жасап қойған. Одан кейін балуандардың да күреске ынтасы бар. Бүгінде көріп отырсыз ғой, америкалықтар қалай күресіп жатыр?! Онда еркін күрес – өте танымал спорт. Неліктен? Өйткені оларда күрес мектеп бағдарламасына енген. Ресейдің өзі оны енді қолға алмақшы.  АҚШ-та  мектепаралық турнир өтеді. Біз олармен қазір бәсекелесе алмаймыз.

Азияда Иран мен Жапонияның көші түзу. Өзбектердің кейбір салмақтарында дарындар бар. Барлық салмақта да бәсеке қайнап тұрса, сонда ғана ол елде күрес дамыған деп айта аламыз. Қазақстанда да еркін күрес әлі еңсесін тіктейтініне мен сенемін. Қазір елде дамыту жұмыстары қолға алынып жатыр. Республикалық федерация және жергілікті федерациялар да қимылсыз емес.

Күреске де Олимпиадалық даярлау орталығы керек дегенді айтудан жалықпауымыз керек. Жақсы жағдай жасалса, талай дарындар шығады. Олимпиадалық база болса, онда жыл бойы жаттығасың. Қазір ұлттық құрама әр жерде көшіп жүреді. Бірде мұнда, бірде анда. Бізде де мұндай орталықтар қажеттілігі сөз болып отыр. Алдағы уақытта оған қолымыз жетеді.

Бізде еркін күрестен әлі әлем және Олимпиада чемпионы шығар емес..

– Бәріміз соны тезірек болса екен деп жүрміз ғой (күліп). Жігіттер әлем біріншілігінен бір жүлде алса, бәріне қолым жетті деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Мұндай көзқараспен чемпион шығуы қиын.

Мен Ресейден жігіттерді шақырып, Олимпиададан жүлде алып бере аламын. Бірақ бұл күресті дамыту емес қой. Біз мәселені осында шешуіміз керек.

Сұхбаттасқан – Тағабай Қасым,

Мұрағаттан, 2015 ж


«Астана» клубының бұрынғы ойыншысы легионерлердің жалақысын айтты
Әділбек Ниязымбетов: «Сәтсіздік сағымды сындыра алмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу