Әлібек Нұртаев: «Спорттағы жетістіктер Олимпиадамен ғана өлшенбейді»
Әлібек Нұртаев, ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Әлібек Нұрбайұлы, «Рио – 2016» жазғы Олимпиада ойындары жақындап келеді. Оған Оңтүстік Қазақстан облысы спортшыларынан кімдер барады?
– Биыл Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялық жарыстарда облыс спортшылары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, қазіргі уақытта 12 спортшы жолдама жеңіп алып отыр. Әзірге лицензия жеңіп алу бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы елімізде алдыңғы қатарда алғашқы үтікте келеді. Олар: бокстан – Біржан Жақыпов, ауыр атлетикадан – Жазира Жаппарқұл, оқ атудан – Рашид Юнусметов, Юрий Юрков пен Елизавета Король, байдарка және каноэда ескек есуден – Александр Емельянов, Дәулет Султанбеков, Наталья Сергеева, Ирина Подойникова, Евгений Алексеев, Тимур Хайдаров және садақ атудан Луиза Сайдиева. Бірақ, Риода сынға түсетін оңтүстікқазақстандықтардың тізімі әлі де толықтырылуы мүмкін. Алдағы уақытта ауыр атлетикадан Надежда Ногай, Арли Чонтей, таеквандодан Нұрсұлтан Мамаев, Феруза Ергешова, грек-рим күресінен Асхат Жаңбыров, Әлімжан Сыздықов, дзюдо күресінен Галдарбах Отгонцецег, Дидар Хамза, Александра Подрядова, семсерлесуден Эльмир Әлімжанов, Жансерік Тұрлыбеков, Ералы Тіленшиев, бокстан Қайрат Ералиев, Алмасбек Әлібеков, Жайна Шекербекова, жеңіл атлетикадан Дмитрий Коболов, Регина Рыкова, көркем гимнастикадан Сәбина Әшірбаева, батутта секіруден Пирмамед Әлиев және қабырғаға оқ атудан Ангелина Мищук пен Мария Дмитриенко сынды спортшыларымызға жазғы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алады деген үлкен үміт артып отырмыз. Сондай-ақ былтыр 15-23 шілде аралығында Шотландияның Глазго қаласында мүгедектер арасында өткен Әлем чемпионатында жүзу спортынан Мансурбек Ибрашев Бразилияда өтетін жазғы Параолимпиадалық ойындарға жолдама жеңіп алды. Оңтүстікқазақстандық спортшы «еркін жүзу» тәсілімен 400 метр қашықтықта «А» санатында алғашқы жетілікке енді.
Жалпы, жоспарымыз бойынша ұлттық құрама сапында Олимпиада ойындарына 15-тен астам оңтүстікқазақстандық спортшылар қатысады деп отырмыз. Дегенмен Оңтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиада спортшыларын даярлаумен ғана айналыспайтынын жақсы білетін шығарсыз...
– Иә, жұртқа түсініктірек болсын, атқарған жұмыстарыңызды оқырмандармен бөліссеңіз...
– Басқарма Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру негізінде облыстық іс-шаралар мен республикалық, халықаралық жарыстардың күнтізбелік жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізеді. Осы мақсатта былтыр облыс бюджетінен бөлінген 8 млрд. 588 млн. теңге толығымен игерілді.
Облыста 81 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары жұмыс істейді. Оның 8-і облыстық болса, біреуі аудандық мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын. Және біреуі – «Ордабасы» кәсіби футбол клубы» акционерлік қоғамы. Ал, қалғаны 18 облыстық, 53 қалалық және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері. Бұлардың қатарына былтыр жергілікті бюджет есебінен ашылған Шардара ауданындағы №3 футболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қосылды. Барлығын қосқанда 82 болды.
Спорт саласында мемлекеттік саясаттың басымдығы бұқаралық спортты жоғары деңгейде дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады. Бұл ретте балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту маңызды рөл атқарады. Себебі білікті бапкерлерден тәлім алған олардың жоғары жетістіктері спортымыздың дамуы, соның ішінде әлемдік спорт аренасында еліміздің көк байрағының астында өнер көрсету де осыған тікелей байланысты. Бұқаралық спорттың дамуы – отандастарымыздың салауатты өмір салтының көрсеткіші, даму негізі. Осы мақсатта былтыр облыс аумағында 4567 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды.. Оның 2877-сі ауылды жерлерде өткізілді, оларда 320 мыңнан астам адам қатысқан. Бәрін қосқанда жарты миллионға жуық оңтүстікқазақстандық қамтылған, дәлірек айтсақ 493439 тұрғынды бұқаралық спортпен байланыстырыппыз. Бұлардан бөлек, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағында мемлекеттік қызметкерлерден бастап, құқық қорғау органдарының (прокуратура, ішкі істер, әділет министрлігі, сот жүйесі, ұлттық қауіпсіздік комитеті), төтенше жағдайлар департаментінің, медицина саласы мамандарының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының спартакиадаларын ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында біздің басқарманың мамандары еңбек етеді. Жыл сайын дәстүрлі «Денсаулық» фестивалін, облыстық Ардагерлер кеңесімен бірлесе 9 мамыр – Ұлы Жеңістің мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлері арасында шахматтан және бильярд спортынан жарыстар өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен жарыс ұйымдастырып, облыстық «Южный Казахстан» газеті мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жүлдесіне арналған дәстүрлі жүгіру эстафетасын өткізу азаматтық парызымызға айналған. Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту, денсаулық сақтау басқармаларымен және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе жалпы білім беретін мектептерде «Спорт нашақорлыққа қарсы», «Салауатты өмір салты – өмір талабы», «Темекі шегудің зияны» тақырыптарында әңгімелесулер өткізілді. Ондай шараларға атақты спортшылар, бапкерлер және спорт саласы ардагерлері арнайы қатысып, жасөспірімдерге спорттағы жетістіктер мен салауатты өмір салты туралы кеңірек әңгімелеп береді. Ал, «Спорт – есірткіге қарсы» ұранымен ауыл спортын дамыту мақсатында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында спорттың 11 түрінен жыл сайын 2 кезеңнен тұратын облыстық спартакиада өтіп, оған 6 мыңға жуық спортшы қатысады.
– Ал әлемдік сипаттағы спорт түрлерін дамыту Оңтүстікте қаншалықты қолға алынған?
– Әлемдік сипат алған спорт түрінің қайсысы болмасын бастауын бұқаралық спортттан алады. Сондықтан боксты дамытсақ та, футболға күш салсақ та алдымен адамдардың олармен айналысуына мүмкіндік беретіндей жағдайлар жасауымыз керек. Тұрғындардың қызығушылықтарын арттырудың алғышарты осы. Бұл мақсатта елімізде жасалып жатқан істер жетерлік. Жалғасын тапқан жұмыстар облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбековтің 2015 жылғы 27 наурызда бекіткен облыс елді мекендерінде 2015-2017 жылдары аралығында спорт алаңдарын салу бойынша жоспар-тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен облыс әкімдігінің қолдауымен Арыс қаласы мен Сарыағаш, Бәйдібек аудандарында 2014 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Өткен жылдың тамызда Арыс қаласында, желтоқсан айының соңғы күндері Сарыағаш ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы аяқталып пайдалануға берілсе, Бәйдібек ауданындағы спорт кешені биыл аяқталады. Сонымен қатар, 2015 жылы облыстық бюджет есебінен Шымкенттегі «Бадам» су қоймасында су және ескек есу спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу базасы пайдалануға берілгенін жақсы білесіздер. Нәтижесінде байдарка және каноэде ескек есуден шеберліктерін шыңдайтын спортшыларымыз Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Олар осындай халықаралық, әлемдік дәрежедегі жарыстарда ел қоржынын жүлдеге толтырып, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шарықтатып жатса, «Бадам» базасының да мәртебесі арта түсетіні анық. Ал, облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлының қатысуымен былтыр пайдалануға берілген облыс орталығындағы көркем гимнастика спорт кешені қаншама балғындарды тәрбиелеп, ел чемпиондарын, халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын даярлап шығаратынына сенім мол. Ондағы жасалған жағдайлар дамыған елдердегіден кем емес.
– Спорттағы жетістіктер Олимпиадамен ғана өлшенбейді...
– Дұрыс айтасыз. Басқарманың жұмыстарын тек халықаралық жарыстағы жеңістермен ғана бағалайтындар арамызда жетерлік. Ал оған дейін ел ішінде өткізіліп жатқан іс-шаралар өздігінен жасалып жатқандай көзқарас қалыптастыруға бейім адамдар да бар. Алайда әлемдік ареналарға шығу үшін көбірек жаттығып, барынша шыңдалу керек. Сол мақсатта басқарманың араласуымен облыста атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның бірі – облыс әкімдігінің қолдауымен футболдан аудандар арасындағы Оңтүстік Қазақстан облысының чемпионаты. Былтыр аудан, қала аяқдопшылары арасында өткен жарыстың қорытындысында Созақ ауданының спортшылары суырылып алға шықты. Екінші орынды сайрамдықтар иеленсе, үшінші орынды Шардара ауданының командасы еншіледі.
2015 жылдың 14-20 қазан аралығында спорттың 13 түрінен Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен IV республикалық фестивалі өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары жоғары нәтижелерді бағындырып, жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте екінші орынды иеленді.
Олимпиада демекші, облыста оған енген спорттың 28 түрі және олимпиадалық емес 23 түрі дамытылуда. Былтыр Қазақстан Республикасының IV жазғы Спартакиадасында спорттың 41 түрінен бақ сынаған жерлестеріміз командалық есепте Алматы қаласынан кейінгі екінші орынды жеңіп алды. Астана қаласы бізден кейінгі орынды иеленді. Еліміздің чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысқан облыс спортшылары 396 алтын, 377 күміс, 340 қола медальға қол жеткізсе, Азия чемпионаттарында 76 алтын, 52 күміс және 55 қола медальға ие болды. Ал, Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында 47 алтын, 21 күміс және 21 қола медальді ел қоржынына салды.
2015 жылы облыста Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бір спорт шебері, халықаралық дәрежедегі 8 спорт шебері, 59 спорт шебері, 815 спорт шеберіне үміткер даярланып шықты. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысынан спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының негізі құрамында – 391, жастар құрамасында – 295, жасөспірімдер құрамасында 339 спортшы бар. Облыс әкімдігі тарапынан 106 спортшыға ай сайын стипендия төленуде. Мұның бәрі еңбек қой!
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымызда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 632 566 адамды құрады. Бұл – облыс тұрғындарының 22,3 пайызы. 2019 жылға қарай спортпен тұрақты шұғылданушы оңтүстікқазақстандықтарды 30 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін спорт нысандарын көбейтуіміз керек. Осы орайда былтыр облысымызда 5178 спорт нысаны тіркелгенін айта кеткеніміз жөн. Бұл көрсеткіш 2014 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 155-ке артқан. Яғни, бұл Елбасы тапсырмасын орындауға бағытталған қадамдар деп толық айта аламын.
Әңгімелескен
Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,
«Рейтинг» газеті №5, 11 ақпан 2016 жыл