«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Балғабай Елшиев, Облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры
– Балғабай Тезекбайұлы, сіз басқаратын облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимараты сонадайдан көз тартады екен. Жалпы бұл мекеме спорт саласында немен айналысады?
– Аты айтып тұрғандай бұл мектеп жоғары спорт шеберлерін шыңдаумен айналысады. Бұл Кеңес Одағы кезінде Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің Өкімімен 1960 жылы қарашада олимпиадалық спорттың 16-түрінен «Жастар спорт мектебі» болып ашылған мекеме. Ол уақытта мұндай мектеп Қазақстанда үш-ақ жерде болған: Алматыда, Қарағандыда, үшіншісі осы – Шымкентте. 1975 жылы жоғары спорттық жетістіктерге жетуіне байланысты атауы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі»-деп өзгертілген. Содан бері мектептің спортшылары көптеген жоғары спорттық көрсеткіштерге қол жеткізді. Олимпиада ойындарының, Әлем, Еуропа, Азия, Кеңес Одағының, Қазақ ССР-і, бері келе Қазақстан Республикасы Чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін даярлап шығарған. Нелли Кимнен бастап, жеңіл атлетикадан Олег Сакиркин және Сергей Арзамасов, бокстан Нұржан Сманов, Қанатбек Шағатаев, ауыр атлетикадан Андрей Макаров, оқ атудан Ольга Довгун, Азия ойындарының жеңімпаздары, Әлия Жүсіпова Азия ойындарының абсолюттік чемпионы, Мұхтархан Ділдабеков Азия ойындарының жеңімпазы, жазғы Олимпиада ойындарының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, велоспорттан Андрей Кашечкин бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Рашид Юнусметов Азия ойындарының жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы, осы жоғары спорт мектебінің түлектері. Осы күнге дейін төрт жылда бір өтетін Азия ойындарынан бөлек, жазғы Олимпиада ойындарына біздің мектептен жолдамаларды иеленіп, қатысушылардан құр алақан қалған емеспіз.
Ал, мен 2007 жылдан бері басшылық қызметте келемін. 2010 жылы жоғары спорт шеберлігі мектебінің 50 жылдығын атап өттік. Соған дейін жоғары спорт шеберлерін даярлайтын мектеп жарты ғасыр бойы әр жерде көшіп-қонып, ғимараттарды жалға алып, жұмыс жасап келген. Спорттық залдары болмауы салдарынан кейбір спортшыларымыз басқа елдерде жаттығу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған. Ал, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін, дамыған әлем елдерінің спортшыларымен тең дәрежеде өнер көрсету үшін мектептің халықаралық талапқа сай спорт кешені болуы керек. Олай болмайынша биік нәтижеге қол жеткізудің өзі қиынға соғатыны бәрімізге белгілі. Сосын әлемдік дәрежедегі спорт саңлақтарын даярлау үшін соған сай жабдықталған арнайы орындарымызды реттеп алу мақсатында ең алдымен жеке кешенді ғимаратымыз болуы керек деп шештік. Ойымызды басшыларға жеткіздік. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Исабекұлы «шешімін таппай жүрген мәселелеріңіз болса айтыңыздар, бюджетке енгізейік» деді. Әйтеуір 2011 жылдың қарашасында салынатын спорт кешенінің нобайын жасатып, сызбасын қағазға түсіріп апардық. Солай өзіміз құрылысына дейін араласқан спорт нысанының құрылысы 2012 жылы басталды. Содан арада екі жыл өткенде халықаралық талаптарға толық жауап бере алатын жаттығу спорт кешені пайдалануға берілді. Сіз айтқандай, сыртынан қараған адамның өзі қызығатындай төрт қабатты, төменгі қабаты және бар ғимаратымызда биіктігі 12 метрден асатын әмбебап спорттық ойындар залы бар. Онда баскетбол, волейбол, гандболдан бастап, футзалға дейін ел чемпионаттарын өткізуге болады. Одан бөлек бокс, таеквондо, күрес түрлеріне арналған жаттығу залдары, жалпы дене шынықтыру дайындығына арналған тренажер залы, мәжіліс залы бар. Өзіңіз көріп отырғандай спорт мектебінің әкімшілік кеңсесі де осында. Сонымен қатар, спорт кешенінің төменгі қабатында оқ ату спорт түріне арналған ұзындығы 10, 25 және 50 метрлік соңғы үлгідегі спорттық тирі орналасқан. Электрондық заманауи швейцариялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндай спорт кешені бұрын жоғары спорт мектебінде болған емес. Осыған атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз!
Қазір мұнда олимпиадалық спорттың 9 түрінен спорт шеберлерін даярлаудамыз. Яғни, бокс, велоспорт, жеңіл атлетика, қабырғаға оқ ату, оқ ату, садақ ату, спорттық гимнастика, таеквондо, ауыр атлетика және пауэрлифтинг бойынша барлығы 150 спортшы сондай-ақ, ауыспалы топтарда 35 спортшы кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Мемлекеттік кәсіпорынның жұмысының негізгі бағыты – облыс және Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының мүшелігіне спортшыларды ендіру, Азия, Әлем Чемпионаттарының сондай-ақ, жазғы Азия және Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін даярлау, олардың жеке дамуына және кәсіби спортта өз орнын табуына жағдайлар жасау. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасында 68 спортшымыз бар. Олардың 34-і ересектер, 22-сі жастар болса, 12-сі жасөспірімдер. Бүгінге дейін осы жоғары спорт мектебінде 9 Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, 108 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 500-ге жуық спорт шебері даярланса, 41 жаттықтырушыға еселі еңбегі үшін Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы жоғары дәрежелі атағы берілген. Бізде Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, әйелдер боксында – Виктор Нечай, велоспортта – Николай Лопатин, қабырғаға оқ атуда – Любовь Почивалова, оқ атуда – Юнусметовтер, спорттық гимнастикада – Галина Долгополова, садақ атуда – Григорий Ким, таеквондода Бауыржан Аманқұлов, бокстан Батыров Нұрбек сынды есімі елге танылған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушылар спортшыларды жаттықтырады.
– Сіз айтып отырған ғимарат ішіндегі жаттығу залдарын аралап көріп шықтық. Шынында да керемет екен. Төменгі қабатта оқ атудан жарыс өтіп жатқан сияқты...
– Иә, мұнда спортшыларымыз жаттығып қана қоймайды. Халықаралық талаптарға сай орындардың бірі болған соң елімізде өтетін жарыстар да осында ұйымдастырылып тұрады. Ойындар залы пайдалануға берілгелі ел чемпионаттарынан босаған емес. Жоғары спорт мектебі сонау 1980 жылдан бері бокстан Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған және садақ атудан Кеңес Одағының батыры Қарсыбай Спатаевты еске алуға арналған ірі халықаралық турнирлерді ұйымдастырып, өткізіп келеді. Аталған бокс бәсекесіне қазіргі кезге дейін мыңдаған талантты спортшылар қатысты. Олардың қатарында еліміздің Василий Жиров, Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев сынды былғары қолғап шеберлері Олимпиада жеңімпазы атанды. Сонымен бірге Мұхтархан Ділдәбеков, Қанат Орақбаев, Біржан Жақыпов, Еркебұлан Шыналиев, Болат Жұмаділов сынды боксшылар да әлемдік жарыстардан жүлдемен оралды. Осы халықаралық турнирдің жеңімпаз спортшыларына ұдайы түрде «Спорт шебері» атағы қоса беріліп келеді. Қазақстанның мергендер құрамасы да бізде жаттығады. Бүгін де Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Олимпиадаға лицензия алғандардың барлығы осында жүр. Мұндай турнирлердің спортшылардың кәсіби шеберліктерін шыңдауға көмектесетіні айдан анық. Сонымен қатар спортшыларымыз бірнеше халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Былтыр Қазақстан Республикасының IV-жазғы Спартакиадасына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысы құрама командасының сапындағы мектебіміздің 7 бөлімінің 34 спортшысы 21 алтын, 5 күміс және 11 қола медаль жеңіп алды. Ал, садақ ату бөлімінің спортшылары жалпы алғанда 9 бірдей алтын медальды жеңіп алып, жалпы командалық есепте Қазақстан Республикасында Оңтүстік Қазақстан облысының жүлделі орындардан көрінуіне үлесін қосты.
– Бәрекелді! Алдымызда Рио – 2016, дайындық қалай?
– Жоғары спорт шеберлігі мектебі Олимпиада қарсаңында халықаралық талаптарға сай жаңаша жұмыстарды қолға алды. Спортшылардың барлығымен дерлік пікір алмасулар жүргізілді. Олардың әлеуметтік жағдайлары есепке алынып, жеңіске жету жолындағы жүйелі жұмыстарын үйлестіру үшін жоғары санатты дәрігерлер, психологтардың ақыл-кеңесімен жұмыстар жүргізілуде. Олимпиада жолдамасын жеңіп алуға қатысатын спортшылардың шетелде өтетін жаттығулары мен халықаралық рангідегі жарыстарға қатысуына қолдау жасау ісіне жауапкершілікпен қарау – басты міндетіміз. Бүгінге дейін Қазақстан Ұлттық құрама командасының мүшелері болып табылатын 68 спортшымыздың 5-еуі Рио-Де Жанейрода (Бразилия) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына берілетін жолдамаларды иеленді.
Атап айтсақ, оқ атудан Юрий Юрков, Король Елизавета және Юнусметов Рашид лицензиялық Әлем Кубогы кезеңінде, бокстан Жақыпов Біржан «AIBA Pro Boxing» лицензиялық турнирінде, садақ атудан Сайдиева Луиза Азия Чемпионатында 2016 жылғы ХХХІ-ші жазғы Олимпиада ойындарына жолдаманы жеңіп алды
Алдымызда басқа да олимпиадалық лицензияларды сарапқа салатын жарыстар бар екенін ескерсек, қалған спортшыларда басшылық артқан сенімнің үдесінен шығады деген ойдамыз. Қазір әйелдер боксы да бізге ауысты. Бокстан Мырзағали Айтжановтың шәкірті Әлем Чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиев, Виктор Нечайдің шәкірті Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Жайна Шекербекова Бразилияға барады деп отырмыз. Таеквандодан – Нұрсұлтан Мамаев, велоспорттан «Астана» кәсіби клубының мүшесі Диас Өмірзақов, садақ атудан Ойбек Сайдиев жолдама алулары мүмкін.
– Бапкер болу Олимпиада чемпионы болудан да ауыр шығар...
– Дұрыс айтасыз. Бапкер болу чемпиондардың да көбінің қолынан келе бермейді. Рас, 20, 30, 40 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті мамандарымыздың алды зейнетке шығып жатыр. Қимайсың. Олардың орнын жастар басатынына сенімдімін. Алайда, мен жаттықтырушыны, спортшыны сырттан алдыруға қарсымын. Ондай тәжірибені жасап та көргенбіз. 2008 жылы ауыр атлетикадан ҚР ЕСЖ Юрий Мельниковті екі ресейлік спортшысымен жұмысқа қабылдадық. Оларға еліміздің азаматтығын алып беру оңай шаруа болған жоқ. Рас, Пекин Олимпиадасында Алла Важенина күміс жүлде алды. Алайда, елге келген соң барлық марапат, сыйлықтарды иеленіп, екеуі де Ресейге кері кетіп қалды. Бапкерлеріме де айтам, «чемпиондарды сырттан емес, елдің ішінен іздеңдер, өздерің зейнетке шыққанға дейін солардан ізбасар тәрбиелеңдер» деп. Олардың патриоттық тәрбиесіне аса мән бермесе болмайды. Гимн білмейтін чемпиондарымыз халықаралық жарыстарда жеңіп тұрып жер қылуы мүмкін. Туымызды танымай ұятқа қалдыруы да ғажап емес. Сондықтан әлемдік турнирлерге қатысушы спортшыларымыздың еліміздің әнұранын жатқа айтуын жіті бақылаймын. Жарысқа барарда үш-төрт ауыз сөз болса да қазақ тілін білуді, мемлекеттік тілде сөйлеуді міндеттеймін.
– Барлық басшы сіз секілді талапшыл болса, шынында да халықаралық турнирлерде ұятқа қалып жүрмес едік-ау. Алдағы уақытта ондай олқылықтар қайталанбайды деп сенейік. Спорт шеберлерін шыңдау үшін бізге тағы не қажет деп ойлайсыз?
– Бізде велоспорт бөлімінде жаттығатын Диас Өмірзақов секілді қазақтың атын әлемге паш ете алатын спортшыларды тәрбиелеу үшін қаламызда заманауи велотрек керек-ақ. Қазір біздің спортшыларымыз шосселерде жаттығып жүр. Астана мен Алматыдағы секілді еліміздің үшінші қаласында да велотрекпен қатар, спорттық ойындар түрінен әмбебап спорт кешені салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде Елбасының бастамасымен жеке және мемлекеттік серіктестік аясында бизнесті дамытып жатырмыз ғой. Осы әдіспен халықаралық талаптарға сай әмбебап спорт нысандарын салуды қолға алу керек деп ойлаймын. Жүзеге асар болса, чемпиондарымыз бүгінгіден де көп болатыныны анық. Ондай халықаралық дәрежедегі спорт кешендерінде жаттығып үйренген спортшылар халықаралық жарыстарда тосылып қалмайды. Ендеше, еліміздің намысын жоғары деңгейде қорғайтын айбынды ұлтжанды ұландарымыздың қатары көбейіп, армандардың орындалатынына сенемін.
– Әркімге ой салар тұщымды әңгімеңізге рақмет! Жеңісті күндеріміз көп болғай!
Әңгімелескен Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,
«Рейтинг» газеті №6, 18 ақпан 2016 жыл