Шадияр Қоңдыбаев: «Бізде спорт шеберлері жаттығады»
Шадияр Қоңдыбаев, ОҚО «Жекпе-жек түрлерінен жоғары спорт шеберлігі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры
– Шадияр Әлжанұлы, өзіңіз басқаратын спорт мекемесі қашан құрылған, қандай спорт түрлерімен айналысады?
– «Жекпе-жек түрлерінен жоғары спорт шеберлігі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2010 жылы қазан айында сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің №546 қаулысымен ашылған. 2011 жылдан бастап толық жұмысқа кірістік. О баста бізге спорттың алты түрін дамыту міндеттелген болса, оның бесеуі олимпиадалық болып саналады. Олардың үшеуі таеквондо, семсерлесу, каратэ-до болса, қалғаны күрестің грек-рим, дзюдо, еркін түрлері. Тек каратэ-до ғана Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбеген. Мекеменің аты айтып тұғандай мұнда жоғары спорт шеберлері даярланады. Яғни, 17 жастан асқан спортшылар жаттығады. Алты бөлімде 167 спортшы болса, оның 118-і негізгі, 47-сі ауыспалы топта тіркелген еді. Олардың 128-і спорт шеберлігінен үміткер болса, 38-і спорт шебері, 9-ы халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып табылады. Оларды жоғары дәрежелі санатты, бірінші санатты, екінші санатты 16 бапкер жаттықтырып келді. Ал биылдан бастап бізге спорттың тағы 5 түрі қосылды: қол күресі, бокс, кикбоксинг, аралас жекпе-жек және самбо.
– Бөлімдеріңіз көбейіп жатса, спорт шеберлерінің саны да артқан шығар?
– Иә, ауыспалы топтардағы жаттығушыларды қоспағанда 11 бөлімдегі 167 спортшының 29-ы халықаралық дәрежеде спорт шебері, 68-і спорт шебері.
– Мұндай дәрежелі спорт шеберлерін ел арасынан іріктеп аласыздар ма?
– Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылы шыққан жаңа ережесіне сай аудандар мен қалалардағы спорт мектептері ересек спортшыларды өздерінде ұстап тұра алмайды. Әрине, жас мөлшері спорт түрлерінің ерекшеліктеріне қарай әр түрлі есептелінеді. Мысалы, таеквондо мен каратэ-дода – 17, бокста – 18, дзюдода – 21, самбода 25 жастан кейін спорттық нәтижелері барлары бізге өтеді.
– Қандай ережеңіз болса да кім өзінің жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген шәкіртін бере салады дейсіз. Олардың бапкерлері амалсыз көндіге ме, қайтеді?
– Егер бапкер жоғары дәрежелі санатты, бірінші, екінші санатты болса, шәкіртін бергенде оның мұндағы жаттығуларына араласу құқына ие болады. Бізге көмектеседі. Оны әлем чемпионаттарына бапкері ретінде де қосып жіберуге болады. Десек те спортшының мұнда келгеннен кейінгі жетістіктері осындағы жаттықтырушысымен қатар бұрынғы бапкеріне де жазылады.
– Бұл әділ шешім екен. Десек те спортшылармен кімдер айналысып, кімдер жаттықтырып жүр?
– Менің Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы екенімді білетін боларсыз. Спорт шеберімін, Қазақстан Республикасы таеквондо федерациясының вице-президентімін. Орынбасарым Пернебек Құлатаев та Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, дзюдо күресінің спорт шебері, біліктілігі жоғары дәрежелі жоғары санатты бапкер. Бокстан Бейжің Олипиадасының қола жүлдегері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Еркебұлан Шыналиев те осы мекемеде басшының орынбасары міндетін атқарады. Грек-рим күресінде Е.Ағайдаров, Б.Есімқұлов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары таеквондода Б.Аманқұлов, семсерлесуде С.Смирнов, дзюдода А.Протасов, еркін күресте Р.Қонысов секілді жоғары дәрежелі жоғары санатты жаттықтырушыларымыз спортшыларымыздың шеберліктерін шыңдайды. Бұлардан бөлек спортшыларымызбен дене шынықтырудың жоғары санатты білікті маманы, аға әдіскер Н.Белгібаев, Қазақстан Республикасының бокста еңбегі сіңген жаттықтырушы З.Байымбетов, жоғары білімді психолог С.Әуелбекова, І дәрежелі дәрігер С.Төлебаева жұмыс істейді.
– Республикалық таеквондо федерациясының вице-президентінің облыстағы жоғары спорт шеберлерін даярлайтын мектепті басқаруы жастардың спортқа деген құлшынысын арттыратыны анық. Олар тіпті сіз туралы білгісі де келетін шығар...
– Менің өмірім спортпен тығыз байланысты деп айтсам да болады. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде 7-сыныптан бастап еркін күрес үйірмесіне қатысып жүрдім. Қазақ күресімен айналыстым. 1978-80 жылдары әскери борышымды өтеп жүргенде спорттың қоян-қолтық ұрыс түрімен және каратэмен шұғылдандым. Әскерден соң комсомолдық жолдамамен Ресейдің Норильск қаласына бардым, 1992 жылға дейін сонда тұрдым. Милиция қатарында қызмет етіп жүріп, Ресейдің Санкт-Петербургтегі милиция мектебін бітірдім. 1989 жылы Норильскідегі спортшы жігіттермен бірлесіп, ұрыс өнерінің қалалық федерациясын құрдық. Сосын ол кеңейіп аймақаралық федерацияға айналды. Оның құрамына таеквондо, каратэ, қоян-қолтық ұрыс, у-шу-санда, кик-боксинг, кәсіби бокс кірді. Ал, 1990 жылы Краснояр өлкелік таеквондо федерациясын құрдық, мені президенті етіп сайлады. Біз ай сайын спорт түрлерінен қалалық, өлкелік жарыстар ұйымдастырып тұратынбыз. Сонымен қатар спорт мамандарын шақырып, Бүкілресейлік семинарлар өткізумен айналыстық. Өзім 1983-1989 жылдары Краснояр өлкесінде қоян-қолтық ұрыстан 4 рет чемпион болдым. Сөйтіп жүріп, Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды біліп тұру үшін «Жас Алаш» газетін жаздыртып алатынмын, ол кезде «Лениншіл жас» еді ғой. Аты аңызға айналған таеквондо шебері, қара белбеудің 6-дан иегері Мұстафа Өзтүрік туралы осы газеттен оқып білгенбіз. Сөйтіп 1990 жылы Мұстафа Өзтүріктің семинарына қатысуға Алматыға келдік. Үш күндік жаттығулардан кейін белбеу үшін аттестациядан өттік. Сонда Мұстафа ағамыз маған 1-дан қара белбеуін тапсырды. Атақты таеквондошының марапаттау әсер еткен болуы керек, Норильскіге қайтып келген соң мен таеквондомен шұғылдануға және спортшыларды жаттықтыруға кірістім. Оған дейін каратэмен айналысып, бапкерлік жасағанмын. 1991 жылы ақпанда Қорған қаласында Ресейдің таеквондодан бірінші чемпионаты өтті. Қатысушы ретінде анкетамда «жаттықтырушым – Мұстафа Өзтүрік» деп көрсеттім. 58 келі салмақта чемпион атандым. Өзтүрік қолымды алып, қара белдеудің 1-дан иегері атағын бекер бермегенін айтып, сенімін ақтағаныма ризашылығын білдірді.
Қазақстанға оралуыма да Мұстафа ағамыздың септігі тиді. Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Бексейіт Түлкиев екеуі 1992 жылы елге оралып, Қазастанның атынан жарыстарға қатысуды ұсынды. Содан кезекті еңбек демалысымда Шымкентке келдім. Мені Құдай Түркістан қаласында Халықаралық қазақ-түрік университетінде спортқа басымдық беріп жатқан академик Мұрат Жұрыновқа жолықтырды. Өмірбаяныммен танысқан ол таеквондо спортын дамытуды қолдайтынын айтып, Түркістанда жұмыс істеуге шақырды. Норильскіден бір топ спортшыларыммен келдім. Мұнда мені қолдайтын жаттықтырушылар Жүсіпәлі Бектұрғанов, Нарбек Оңдасынов, Рүстем Қалдарбековтердің көмегімен жаттығу жұмыстарын бастадық. Таеквондо федерациясының облыстық филиалын құрдық. Мені президенті етіп сайлады. Солай Отанымызға оралғанбыз. Қазаққа танымал Қуаныш Төлеметов, Амалбек Тшанов, Манап Өтебаев, Молдияр Оразалиев, Серікжан Сейітжанов, Алтынсары Үмбеталиев, Әли Бектаев, Әлішер Пірметов сынды көптеген азаматтардың көмегін көрдім. Полат Қырықбаев Балғабай Елшиев, Әлібек Нұртаевтардың қолдауымен таеквондоны әлі де дамытудамыз. Бүгінде таеквондо мектебіміздің атын шығаратын спорт түріне айналған.
– Білікті мамандар жиналған мемеменің спорттағы жетістіктері қандай?
– 2011 жылдан бастап толық жұмыс істей бастаған мектебіміздің үш спортшысы 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысты. Олар таеквондода – Нұрсұлтан Мамаев, еркін күресте – Ермек Байдуашев және Феруза Ергешова. Бірақ, олар алғашқы үштікке іліне алмады. Десек те бір жылдан асар-аспас мерзімде Олимпиада ойындарының жолдамаларын жеңіп алушыларды даярлап шығу оңай шаруа емес. Әрине, Нұрсұлтан жас болды, шеберлігі де жетіспеген шығар. Қазір дайындығы жақсы, одан әлі де үлкен үмітіміз бар. Былтыр Банкокта өткен Азия чемпионатында каратэ-дода Алдияр Мелдеханов алғашқы үштікке ілінді. Оның алдында еркін күресте Ғабит Төлепбай Азия чемпионы болған. Әлем чемпионатында дзюдода Есен Самат күміс жүлдегер атанды. Таеквандода Феруза Ергешова Азияда үшінші орын алды. Өз еліміздің чемпионаттарында да қаншамасы жеңімпаз атанып жүр ғой. Биылғы екі айдың өзінде Банкокта өткен Азия чемпионатында грек-рим күресінен Асхат Жаңбыров күміс жүлдегер атанса, еркін күресте Бақдаулет Әлментай қола жүлдені жеңіп алды. Қаңтарда Франция астанасы Парижде өткен Гран-при халықаралық жарысында дэюдода Отгонцецэг Голбадрах алтыннан алқа тақты. Ол сосын Германияның Дюссельдорф қаласында өткен Гран-при халықаралық турнирінде күміс жүлдені иеленді. Тараз қаласында өткен ел чемпионатында еркін күресте А.Елубайұлы ауыр салмақта чемпион атанды. Ал Алматыда өткен Қазақстан біріншілігінде Ж.Ақбаева қол күресінің чемпионы болды.
– Рио Олимпиадасы ойындарына қатысу құқығын жеңіп алғандар бар ма?
– Рио Олимпиадасына жолдама алады деп төрт спортшымыздан үміт күтіп отырмыз. Алда Астанада өтетін лицензиялық турнирда грек-римде Асхат Жаңбыров пен еркін күресте Бақдаулет Әлментай Бразилияға жолдама алуы мүмкін. Семсерлесуден Әлімжановаға, дэюдода Голбадрахқа сеніміміз зор. Голбадрах Олипиадада да үздік үштікті қорытындылайды деген үміттеміз. Сол нәтиженің жолында еңбек етіп жатқан жайымыз бар.
– Сыр бөліскеніңізге рахмет. Жеңісті күндерде жолыққанша!
Әңгімелескен Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ
Мұрағаттан, 2016 ж