Қайыршы баланы асырап алды

Oinet.kz 23-09-2019 1077

Screenshot_15.jpg

Қазақ тәубешіл халық. Тұрмысының нашарлығына қарамастан мүгедек немесе халі өзінікінен де мүшкіл жандарды көргенде «осы күніме шүкір» дейді. Мұндай қасиет кейде балалардың бойынан да табылып жатады. Әлеуметтік желілерге жарияланған мына бір оқиға мені бей-жай қалдыра алмады. Кенияның Найроби көшесінде үйсіз жетім балалар әйтеуір өлместің күнін кешіп, қайыр сұрап жүреді. Джон Туо да осындай қаңғыбас балалардың бірі. Күн сайынғы тірлігіне көшкен ол бағдаршамның қызыл түсі жанғанда тоқтаған көліктің біріне барып, тиын-тебен сұрайды. Көлік жүргізушісін анықтап қарағанда оның бойы мұздап сала берді. Оның байқағаны орта жастағы  әйел Глэдистің денесіне жалғанған бірнеше үлкен аппараттар болатын. Қайыршы таңырқап әйелден «бұл не қылған аппараттар және денеңізге  неліктен жалғанып тұр?» деп сұрайды. Жүргізуші әйел ерінбестен өкпе жетіспеушілігімен ауыратынын, яғни ол үнемі өзімен бірге оттегі толтырылған баллон мен генератор алып жүруге мәжбүр екенін түсіндіреді. Өмірінде мұндай аянышты халді көрмеген Джон бұған шынымен де таңқалды. Әйелдің өмірі оны қызықтырса керек сұрақты бірінен соң бірін жаудыра жөнелді. Сөйтсе 32 жастағы Глэдис  12 ота жасатқан екен. Оталардың бірі сәтсіз аяқталып, салдарынан көзі көрмей қалған. Бұл жағдайды естіген Джон шыдай алмай көз жасына ерік береді. Өз өміріне көңілі толмай жүрген бала сол кезде одан да қиын тағдырлардың барына көз жеткізді. Көз жасын көлдеткен балақай Глэдиске нендей көмек бере алатынын сұрады. Сонда әйел Джонның қолынан ұстап бірге дұға етуін өтінеді. Ішінен дұғасын айтқан бала сол кезде таңертеңнен бері жиналған тиындарын Глэдиске береді. Бала бұл ақша өзінен гөрі әйелге қажет деп ойлады. Екеуінің әңгімесін тыңдап тұрған өзге жолаушы бұл оқиғаны фотоаппаратқа түсіріп тұрған екен. Кейіннен суреттерді ол ғаламторға жүктейді. Бұл пост көптеген адамдардың қызығушылығын оятады. Арасынан Глэдистің еміне қаражат жинаушы еріктілер пайда болады. Қайырымдылық шарасынан 80 мың доллар қаражат жиналып, ол әйелдің еміне жұмсалады. Өмірін түбегейлі өзгерткен балаға риза болған Глэдис кейіннен Джонды өз қамқорлығына алды.   

Міне, жақсылық бумеранг секілді. Мүгедекке жаны ашып, соңғы тиынын берген Джонның таза, адал  ниеті соңында  өзіне бақ әкелді.  

Мейіргүл Ерімбетова,

Жамбыл облысы

Орынсыз қалжың опық жегізер
Бір өмір: әкесі мен қызы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу