Орынсыз қалжың опық жегізер
Қаладағы кіші маркеттердің бірінде еден жуушымын. Ондағы жұмыс істейтіндердің дені жастар деуге болады. Жұмыс барысында осы жастардың іс-әрекетіне қарап кейде таңқалып, кейде жабырқап қаламын. Әрине бір-бірімен қалжыңдасып, әзілдескенге не жетсін. Бірақ бүгінгі жастардың әзілдерін мен дөрекілік, тағдырмен ойнау деп түсіндім.
Жасы жиырма жетіге келген кассир қызымыз бар еді. Әңгіме арасында жақында тұрмысқа шығатынын айтқан. Бір күні кешкі асқа шығып бара жатып ол ұялы телефонын жұмыс орнында ұмытып кетті. Кассирдің кеткенін байқаған әкімші мен күзетші жігіттің әлгі қыздың телефонын ақтарып отырғанын байқап қалдым. Олар қыздың атынан бір жігітке хабарлама, суреттер жіберіп отырды. Сәлден соң әлгі жігіттен де «мен де сені ұнатып қалдым» деген жауап келді. Осы кезде жұмыс орнына келген кассир әріптестерінің қалжыңын көріп, қатты ренжіді. Тұрмысқа шыққалы жүрген қызбен осылайша ойнауға бола ма екен? Бұл нағыз болашақ ерлі-зайыптылардың ортасына от салу емес пе?
Орынсыз қалжыңның опық жегізген тағы бір оқиғасын айтып берейін. Бірде барлығымыз түскі ас ішіп отырғанбыз. Кенеттен күйеуге шыққанына көп бола қоймаған жас келіншектің қалта телефоны шыр ете қалды. Құлағына апара бергені сол еді жанында отырған жүк тасушы жігіт әр түрлі еркектің дауысын салды. Мазасын алған соң келіншек сыртқа шығып сөйлесіп келді. Сол күннен бастап оның көңіл-күйі болмай, жабырқаулы жүрді. Сөйтсек жүк тасушының қалжыңын түсінбеген күйеуі әйеліне ұрысып, қызғанған көрінеді. Тіпті, жұмыс істеуіне тыйым салыпты. «Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» демей ме? Бес саусақ бірдей болмайтындай адамдардың мінезі, түсінігі де әр түрлі. Қызғанбайтын еркек болмайды. Сондықтан отбасылық қарым-қатынасты әжуаламаған дұрыс шығар.
Жастардың осындай әрекеттеріне қарап біздің заманымыздағы жастардың досқа, әріптеске, ата-анаға, үлкенге деген құрметі шексіз екенін ұғынамын. Жастардың мінез-құлқының өзгеруіне бүгінде теледидардан үздіксіз беріліп жатқан сериалдардың да ықпалы бар шығар, бәлкім?!
Зурахан Жанқабылова,
Шымкент қаласының тұрғыны