Ербол Бейілхан. «Кәрі қыз»

Oinet.kz 19-09-2018 905

773661_1404446858.jpg

Кәрі қыздар, кәрі қыздар... Тағдырлар. 

Бәлкім мүмкін, қалап алған пешене!? 

Терезеге жылап тиген жаңбырлар, 

Нақақ жастар, мөлт-мөлт тамған кесеге. 


Кәрі күздер... Кәрі емендер тамырлы, 

Кешікпеген уақыттың көшінен. 

Жапырағын бүрлендірген сабырлы, 

Кәрі әжелер бақытты екен шетінен. 


Жалғыз қайын, жаһандағы саясыз, 

Гүлге оранып көрінгенмен әдемі. 

Жалғыздықтан, жалығасыз, тоңасыз,

Құлазытар тіршіліктің әлегі... 


Кәрі қыздың, көңілінде күмән бар, 

Күн, ай сайын ұрланады жастығы. 

Кәрі күздің жанарында тұман бар, 

Түн келгенде суланады жастығы. 


Көрінеді уақыт салған әжімдер, 

Бет, келбетті бүркегенмен опамен. 

Арсыз тағдыр, сынға салар әзілдер, 

Түлкі тірлік, қашып барад тасамен... 


Ұмыт қалып, мұсылманның парызы, 

Кәрі-кәрі, дана қыздар көбейді. 

Алла алдында өтелмеген қарызы, 

Кәрі қыздар, не дейді!?.. 


Ойланыңдар, ерлер және арулар, 

Рас болса, Тәтімовтің дерегі. 

Үйір қуып, ат біткенді сауырлар, 

Еркек емес, айғыр болғың келеді...

Ербол Бейілхан. «Біз екеуміз...»
Орынсыз қалжың опық жегізер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу