Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бір күні үндемей отыруды үйрендім. Үндемей отырғанда сағаттап еш үн қатпай отыра алатын болдым. Не үшін дейсіз бе? Өйткені сол кездегі кішкентай әлемімде әкеммен тек қана осылай бір-бірімізді түсінетінбіз. Әкем жұмыстан үнемі шаршап келетін. Үйде күні бойы отырған менің болса ішім пысып, оның келуін сабырсыздана күтетінмін. Ол есіктен кіре берісте мойнына асылып, менімен ойнауын қалайтынмын. Әкем маңдайымнан сүйіп иіскейді де, «ботақан, бөлмеңе барып ойна» дейтін. Содан кейін әкемді тек қана анамның «кешкі ас дайын, тамаққа келіңдер» дегенінде көретінмін. Дастархан басында анам екеуінің әңгімелеріне қыстырылып, олармен бірге жарыса сөйлеу арқылы өзіме көңіл аудартқым келетін. Әкем ашуланатын: «Күн бойы адамдардың айқай-шуынан шаршап келемін, оған қоса сен миымды ашытпа!» - дейтін. Анам да маған: «Күні бойы сенімен әлек болдым. Әкеңмен бір-екі ауыз сөйлестірмейсің де», - деп ұрсып мені қайта өз бөлмеме жіберетін. Амалсыз, көздерім жасаурап бөлмеме кететінмін. Әкем артымнан: «Біздің заманымызда әркімнің жеке бөлмесі деген ұғым болмайтын. Мына балаға бәрін бердік, тағы не жетіспейді осы, түсінбеймін», - деп ызаланатын. «Шіркін, жеке бөлмем болмаса ғой! Шіркін, біздің үйіміз бір бөлмелі болса ғой! Бәріміз үнемі бірге болсақ қой!», - дейтінмін сонда ішімнен.
Кешкі астан соң әкем диванға жайғасып теледидар қарайтын. Кейде мені шақырып біраз еркелететін. Сол сәтте теледидардан әкем үшін маңызды бір нәрсе көрсетіп қалса, сөйлегенді былай қойып, қимылдауыма рұқсат етпейтін. Жүгіріп ойнағым келсе, дереу «өз бөлмеңе бар» дегенді еститінмін. Сондықтан мен үндемесем, әкеммен жақсы түсінісетіндей болдым.
Сол кезден бері сөзді қажет етпейтін ойындар ойлап табуға тырыстым. Сурет сала бастадым. Әкем мен салған суреттерді ұнатып: «Осылай тыныш қана ойнасаң болады ғой», - дейтін. Суретке байланысты сұрақтарыма әкем толық жауап бермей, көз қырымен қараса да, енді бөлмеге барып ойна демейтін болды. Анам: «Соңғы күндері ұлым сондай тәрбиелі болып жүр, басына ақыл кірген-ау», - деп көрші-таныстарына айтып отыратын болды.
Суреттер көбейген сайын бөлмені таза ұстау мүмкін емес-ті. Анам «бөлмеңді жина!» деп бөлмеге қамап тастағанда, жинауды неден бастарымды білмей қалатынмын. Уақыт өтсе де, бөлмемді реттей алмай қиналатынмын. Анам бөлменің әлі жиналмай тұрғанын көріп: «Сурет салуыңа тыйым саламын!» - деді бір күні. Үндемегенімді тәрбиелілігім деп санап, ата-анам суреттерімді де алып қойса, мен не істеймін енді...
Осыны біраз ойлап, ойымдағыны қағаз бетіне түсірдім. Әкем жұмыстан келген кезде онымен сөйлесуге ыңғайлы уақыт іздедім. Әдеттегідей кешкі асымызды іштік, бәрі өз ісімен айналысты. Әкем теледидар басына отыра бергенде, оған салған суретімді көрсеттім. Әкем суретке қарап «Өте жақсы салыпсың. Бұл адам мен болармын?» деді. Мен «жоқ, ол адам – менмін. Сіз – мына кішкентай баласыз» дедім. Ол «жоға, бұл адам – менмін, сен мына кішкентай баласың, ал қасыңдағы қыз – досың» деді. Мен қайтадан «жоқ, үлкен адам – менмін, сіз суреттегі кішкентай баласыз, қасыңыздағы қыз – анам» дедім.
Әкем менімен салғыласудан жалығып: «Солай-ақ болсын. Бізді неге кішкентай етіп салдың?» деп сұрады. Ойымдағыны түсіндіре бастадым.
Мен есейгенде үлкен адам боламын. Жұмыс істеймін. Сіздер қартайып кішірейесіздер. Омыртқаларыңыз қисайып, көрші ата мен апа сияқты кішкентай боласыздар. Мен жұмыстан үйге шаршап келетін боламын. Сіздер менімен сөйлескілеріңіз келген кезде, жұмыста да басым қатқандықтан, сіздерді естімейтін боламын. Сіздер менімен қызықты бір әңгімелеріңізді бөліскілеріңіз келген кезде, мен «түу, бөлмеңізге барыңызшы, сәл демалайын» дейтін боламын да, «барлық керек нәрлелерін сатып алып беріп жатырмын; тамағы, киімдері, жайлы бөлмелері де бар. Осыларға не жетпейді, түсінбеймін!?» деп ашуланатын боламын.
Ата-анам маған сенбегендей қарап, көздері жасаурады. Естігендеріне сене алмай тұрды. Сосын мені қатты құшақтап иіскеп, бетімнен сүйе бастады. Қанша сөйлессем де, мені аяғына дейін тыңдайтын болды. Бірінші рет...