Әйелдер неге ерлерден ұзақ жасайды?

Oinet.kz 20-06-2019 2716

 Screenshot_2.jpg

Ақын Мұқағали Мақатаев: 

...Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай,

Ойбай!..

Бола берсін көп, мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді...

деп жырлаған. Сол әдеміліктің символы емес, әдемілік пен ізгіліктің өзі болып табылатын әйелдер бүкіл әлемде еркектерге қарағанда 3 жас көп жасайды екен. Әйелдер еркектерге қарағанда неге көп жасайды? Бұл болмыстың астарында қандай факторлар жатыр? Ол факторлардың негізінде физиологиялық себептер басым ба әлде бұл болмыстың психологиялық негіздері үстем бе? Бұл жағдайға еркектер ықпал ете алады ма? Бұл тұрғыда әлемнің азуын айға білеген, әйел организімін ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан ғалымдар не дейді? 

Жарық дүниенің есігін енді ашып келген ұл балалар сол күні туылған қыз балалардан кемінде үш жыл аз жасайды. Бұның бір ғана себебі бар – ол нәресте дүниеге ұл болып келді. Ер адамның табиғатында қандай нұқсан бар және ол қандай нұқсан?  

Әйелдердің ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүретіні ілгеріден белгілі. Бірақ бұл болмыстың себептерін зерттеп келе жатқан ғалымдар ақиқатқа соңғы жылдары ғана жақындай түскендей. Бұрын еркектердің ерте өмірден озуына себеп болатын фактор ретінде аса ауыр, шамадан артық еңбек себепші деген тұжырымдар айтылып келген. Мысалы «шахтада жұмыс істеу, ұзақ жылдар бойы бетон қару немесе далада кетпен шабу организмге шектен тыс салмақ салады» деген жорамал алға тартылатын. 

Эволюция не дейді? Техника мен өркениет дамыған сайын ерлер атқарып келген ауыр жұмыстардың түрі мен ауқымы қысқарып келеді. Егер бұл үдерістің етек алғанына біраз жыл болғанын ескерсек (әсіресе Батыс елдерінде) қара жұмыстың себептік негізі сейіле түседі. Қазір әйелер де, еркектер де көбіне отырып жұмыс істейтін болды. Әйелдердің өмірінің ұзақтығы дағдарыстық кезеңдерде де да өзгерген емес: қоғам қандай тауқыметті жағдайларды басынан өткізбесін, әйелдер еркектерден ұзақ жасаған. 

Швеция – ілгеріден статистикасының анық әрі сенімділігімен ерекшеленіп тұратын ел. Швеция статистикасының екінші ерекшелігі – бұл елде өте үлкен кезеңді қамтитын мәліметтер бар. Швецияда 1800 жылы әйелдердің орта жасы 33 жылды, ал ерлердің орта жасы – 31 жылды құраған екен. Бұл елде қазір әйелдердің орта жасы – 83,5 жылды, ал ерлердікі – 79,5 жылды құрайды. 1800 жылдары да, қазір де швециялық әйелер еркектерге қарағанда 5 пайызға ұзақ жасайды екен. Осы іспеттес мәліметтер әлемнің барлық елдерінде дерлік бірдей: қай елде болмасын әйелдердің өміршеңдігі, яғни тіршілікке қабылеттілігі еркектерге қарағанда жоғары.   

Қоғамда еркектер әйелдерге қарағанда өз денсаулығына аса көңіл бөлмейді, бейқамдық танытады деген тұжырым бар. Бірақ бұл тұжырым да сын көтермейді. Ия, түрлі елдердің арасында белгілі бір дәрежедегі айырмашылық бар: темекі тарту, ішімдікке бой алдыру, тамақты шектен тыс көп жеу – әйелдерге қарағанда ерлер арасында көп кездесетін кемшілік. Мысалы Ресейде ерлер әйелдерге қарағанда орташа 13 жыл аз өмір сүреді. Мысалы хайуанаттардың еркегі ұрғашыларына қарағанда аз жасайды, бірақ олар темекі тартпайды, арақ ішпейді.  

Бұл сауалға жауапты эволюция үдерісінен іздеу керек шығар. Ұзақ жылдар бойы қартаю процесінің биологиялық негіздерін зерттеп келе жатқан Британияның Ньюкасл  университетінің профессоры Том Кирквуд: «Әрине, әлеуметтік факторлар мен өмір салтының  адамның қанша жасауына ықпалы бар, оны жоққа шығаруға болмайды, бірақ мәселе тереңде жатыр –  әйелдердің ұзақ өмір сүруінің құпиясын ағзаның биологиялық құрылысынан іздеуіміз керек. Әйелдердің ұзақ өмір сүруінің құпиясын хромосома деп аталатын ДНК молекулаларынан бастау керек. Бұл хромосомалар адамның әрбір жасаушасында бар. Адам ағзасында хромосомалар жұп болып орналасады. Ал әйелдерде жұп X-хромосома болады, ал ерлерде – жалқы Y-хромосома мен тағы бір жалқы X-хромосома болады. Әйелдердегі осы жұп X-хромосоманың бірі істен шықса, екіншісі іске қосылады. Ал ерлерде мұндай резерв жоқ. Сондықтан уақыт өте келе көптеген жасаушалар өз қызметін дұрыс атқара алмай қалады, нәтижесінде – ерлер түрлі ауыруларға тап болып жатады.  

Әйелдердің ұзақ өмір сүруінің тағы бір құпиясы - әйелдер қауымының жүрегі еркектердің жүрегіне қарағанда әбден шыныққандығында екен. Менструалдық циклдің екінші жартысында әйелдердің пулсі жиілей түседі екен, ғалымдар «бұл салмақ орташа физикалық белсенділік деңгейінде» дейді. Осыған орай әйелдер еркектерге қарағанда жүрек және қан тамыр ауруларына сирек шалдығады.  

Ғалымдардың бұл тұрғыдағы тағы бір жорамалына қарағанда, «адамдардың денесі қанша үлкен болса, олар энергияны сонша көп жұмсайды, сондықтан ерлердің бұлшық ет тіндері әйелдердікіне қарағанда тез тозады» дегенді айтады. 

Ерлер организімінің тестостеронды өндіруі де олардың өмірін қысқартатын фактор ретінде қаралуы мүмкін екен. Ұлы Часон императорларының сарайындағы (Корея ХХ ғасырға дейін осылай аталған) әтектер, яғни гаремде қызмет ету үшін әдейі тарттырылған еркектер сарай маңындағы ақсүйектерге қарағанда 20 жылдай ұзақ жасаған.  

Сондай-ақ, ғалымдар піштірілген малдардың піштірілмеген малдарға қарағанда ұзақ жасайтыны бұрыннан белгілі екенін айтады. 

Британия ғалымдарының айтуынша, тестостерон қысқа уақытқа адам организімінің қуаттылығын арттырғанмен, кейін ол жүрек-қан тамыр, инфекциялық және онкологиялық аурулардың шығуына себеп болады. Мысалы тестостерон ерлердің жас кезінде ұрық «өндірісін» арттырғанымен, қартайғанда қуық бездерінің рак ауыруына шалынуына, сондай-ақ, гипертония мен атеросклероздың дамуына түрткі болуы мүмкін. 

Ал әйелдердің эсторен гармоны керісінше организмді жасартатын сиқырлы элексир қызметін атқара отырып, жас келе туындайтын проблемаларды шешіп отырады екен. Сондай-ақ, әйелдердің эсторен гармоны жасаушалар стрессін тудыратын улы заттарды жойып, басқа да организмге зиянды заттардың әсерін ауыздықтап, бейтараптандырып отыратын қасиетке ие.

Адам организімінің қартаю процесінің белгілі зерттеушілері Кирквуд пен Джем мырзалардың айтуынша,  адам эволюциясы ерлер мен әйелдерге өз ұрпағын жалғастыру үшін белгілі компенсаторларды сыйлаған. «Ер адамдарға тестостерон жас кезінде қажет, ал ұрпақ дүниеге келгеннен соң, бала үшін әкенің емес, ананың денсаулығы маңызды. Ананың балаға сіңірер еңбегін әкенің «бір серпуімен» салыстыруға келмейді» дейді Кирквуд пен Джем мырзалар.   

Әрине, әйелдердің ұзақ өмір сүруін тек ерлер мен әйелдердің гармоналдық сипатымен негіздеп болмайды. Әйелдердің ұзақ жасау құпиясының анық бірегей себебін ғалымдар әзірге таба алмай келеді. 

Ауылымыздың бір ақсақалы «келіндер бала тууын тоқтатпасын, баланы қанша көп туса, қаны алмасып,  жасара түседі, денсаулығы мықты болады» деп отыратын. Сол ақсақалдың сөзіндегі медициналық тұжырым британ ғалымдарының жаңалығынан кем соқпайтын секілді.  

Бала күнімізден «Әйелдің 40 жаны бар» деген сөзді естіп келеміз. Бұл сөзде де үлкен ақиқат бар екен. Ауруханада бірге емделген бір  сұхбаттасым: «Әйелім аштықпен емделіп жүрген болатын, сол кезде үйіміз өртеніп кетті. Мен оған емделуіңді тоқтат, қүні бойы күл-қоқыс шығарасың, аштан өліп қаласың» дедім. «Мен аштан да, жұмыстан да өлмеймін, бірақ емделуімді тоқтатсам, осы дертімнен өлемін, балаларым жетім қалады, мен балаларым үшін бәріне де шыдаймын» деді. Сонымен екі апта аштықпен емделді, күні бойы менімен бірге жұмыс істейді, сонда әйелдердің қырық жаны бар екеніне шынымен көзім жетті» деген болатын.

Әйелдер мен ерлердің психологиялық тұрғыдағы айырмашылығы да үлкен. Тұрмыс, күйбең тірлік, қайғы мен қасірет, қуаныш пен шаттық олардың психологиясына әртүрлі әсер етеді. Психологтар бұл ерекшеліктер жайлы не дейді? Мысалы ерлер балалық шағынан бастап достасады. Әйелдер орта жастан асқаннан кейін ғана дос ұстайды екен. Адамның психологиялық жағдайына отбасындағы биліктің кімнің қолында болуы да үлкен әсер етеді екен. Психологтардың айтуынша, оқушы кезінде ұл балалар қыз балаға қарағанда билеп-төстеуге әуес келеді. Ал жас ұлғайған сайын ерлер кері шегінеді де, үйленген соң әйелдер табиғи билеушіге айналады. Бір ауылдасымыз «Мен де еркекпін ғой» деп, қаһарлы әйелінің рұқсатынсыз қорадан бір ешкісін сатыпты. Әйелі естіп, ұрыс шығарған соң, саудасын бұзып, ешкіні үйіне әкеліп, қайта қорасына қосыпты. Кейін кешкі аусымға жұмысқа барып «Бір ешкіге билігім жетпесе, еркек болып жүргенде неттім» деп, өзіне қол салып, қайтыс болыпты…

Мәскеу циркінің директоры, марқұм Юрий Никулин «Белый попугай» деген бағдарлама жүргізетін. Сол бағдарламалардың бірінде «Неге әйелдер ерлерден ұзақ жасайды? Себебі –  әйелдердің әйелі жоқ» деген анекдот айтқан болатын. Ия, әйел о заманда Адам Атаны азғырып, жаннаттан шығарды. Бірақ біз оларсыз жасай алмаймыз. Әйелдер –  өміріміздің мәні мен сәні. Ұзақ өмір сүрмесек те, сол әдемілермен бірге болайық. Бұл – барша ерлердің таңдауы болса керек.  

Бала берсең, сана бер. Сана бермесең ала бер...
Бауыржан Момышұлы туған Жуалыда...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу