Бауыржан Момышұлы туған Жуалыда...
Жамбыл облысы Жуалы ауданынының Нұрлыкент ауылында «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында «Бурное соляр» компаниясы Орталық Азияда теңдесі жоқ қуаттылығы 50 мегаватты құрайтын күн электр стансасын салды.
Бұл облыста Индустрияландыру картасына енгізілген тоғыз жобаның бірі саналады. Жалпы құны 23,5 миллиард теңгені құрайтын жобаның алғашқы кезеңі іске қосылды. Нысанның құрылысына Еуропа мамандары мен 250-ден астам құрылысшы қатысты. Инвесторлар жобаның екінші кезеңінде тағы бір күн электр стансасын салу жоспарланып отыр.
Күннен электр қуатын өндіретін стансаның Жуалы ауданында салынуы тегін емес. Мамандар Нұрлыкентке бекер таңдау жасамаған екен. Олардың айтуынша, аталған ауылға күн жақсы түседі әрі үнемі самал есіп тұрады. Самал жел энергия өндіретін панельдердің қатты қызып кетуіне жол бермейтін көрінеді.
Нысанға кеткен қаржының үштен бірін инвесторлардың өздері құйған. Қалған қаржы 12 жылға несиеге алынған. Күн стансасы сәтін салса, биыл жыл соңында толық қуатында жұмыс істейтін болады. Күннен алынған электр энергиясы газбен, көмірмен алынатын энергияға қарағанда әлдеқайда арзан түседі. Ал арзан жолмен алынған энергияның тұтынушысына да арзан болып баратынына күмән жоқ. Яғни бұл жобаның тек экономикалық қана емес әлеуметтік те маңызы бар деген сөз. Мамандар жобаға кеткен шығын бірнеше жылда толығымен ақталады деп отыр.
Жалпы, Жуалы ауыл шаруашылығына бейімделген аудан саналады. Одақ кезінде ауыл шаруашылығымен атағы дүркіреген. Жуалының ақ картобын айтсаңызшы. Кешегі қиын-қыстау жылдарында ауданда картоп егу күрт төмендеп кеткенімен, қазір диқандар ата кәсібіне айналған картоп егуді қайта қолға алып жатыр. Биыл ақ түйнек 2150 гектарға егілді. Орташа өнім гектарына 220-250 центнерді құрады. Егіліп жатқан элиталы сорт, әрі агртехникалық шаралар да өз деңгейінде жүргізілуде. Осының нәтижесінде өнімділік те жоғары. Ал өнімділіктің жоғары болуы бағаны арзандатуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде аудан диқандары облысты былай қойғанда Алматы мен Астана қалаларында өткен жәрмеңкелерде картоптың әр келісін 42-45 теңгеден саудалап жатыр.
-- Соңғы жылдары картоп алқаптары бірнеше ондаған гектарға артты. Былтыр ол 2100-ден астам гектарға жетсе, ал биыл егілгені – 2150 гектар. Картоп өсіруге қажетті техника жеткілікті. Сапалы тұқыммен қамтамасыз ету де дұрыс жолға қойылған. «Зылиха» шаруа қожалығы жыл сайын Қарағанды облысынан элиталы картоп тұқымын әкеліп, әр гектардан жоғары өнім жинауға күш салып келеді. Ауданның күнгей бөлігіндегі диқандардың бас ауруына айналған ағын су проблемасы шешімін тапты. Осы алқаптарды суландыратын Көксай арнасының құрылысына былтыр Үкіметтен 5,3 миллиард теңге бөлініп, канал толығымен іске қосылды. Аудан шаруашылықтарының бүгінгі беталысы жаман емес. Бірі диқаншылыққа бет бұрса, енді бірі асыл тұқымды мал өсіру бағытын таңдап отыр. Мұның бәрі Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында қол жеткен табыстар,--дейді Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев.
Аудан әкімінің айтуынша, кейінгі кезде сүт өңдеумен айналысатын кәсіпорындар көбейген. Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылындағы «СМТС» ЖШС және «Зағира Мешелова» жеке кәсіпорны жергілікті тұрғындардан сүт қабылдап, одан алуан өнімдер шығаруда. «Гамбург» ЖШС сүттен кілегей өндіріп жатыр. «СМТС» ЖШС сүт өнімдерімен қатар, алкогольсіз сусындардың алуан түрлерін және шұжық шығарады. Кезінде сары майымен, кілегейімен бүкіл Одаққа танылған Бурный ірімшік зауыты инвесторлардың арқасында қайта іске қосылып, өндіріс қарқынын арттыруда. Өткен жылы 4-5 тоннамен шектелген кәсіпорын бүгінде өндіріс қуатын 10 есеге дейін арттырып, тұрғындардан күнделікті 40-50 тоннаға дейін сүт қабылдап, өңдеуде.
Әрине, ауданда шаруашылықтар мен кәсіпорындардың тасы өрге домалап жатса, бұл жергілікті халыққа да, қазынаға да тиімді. Сондықтан атқамінерлердің басты міндеті кәсіпкерлікке кедергі келтіретін жәйттарды жою, өз кәсібін дөңгелеткісі келгендерге қолдау көрсету. Бүгінде аудан әкімдерінің жұмысын көрсететін басты барометр осы емес пе?
--Өз кәсібін дөңгелеткісі келгендерге көбіне қаржы тапшылығы қиындық тудыруда,--дейді Б.Құлакеев.-- Екінші деңгейдегі банктер кепілсіз несие бермейді. Ал капиталсыз кәсіпті жүргізу мүмкін емес. Дегенмен, біз де қол қусырып отырғанымыз жоқ. Аудан әкімдігі тарапынан өз ісін ашамын дегендерге бизнес-жоспар жасауына және жер алуына қолдау көрсетілуде.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде біраз уақыттан бері тоқтап тұрған ірі кәсіпорынның бірі – «Арна Астық» ЖШС-ін «Агро азық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС басқаруға алыпты. Серіктестік үш қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, былтырдан бері жаңа астықты қабылдауда. Тағы бір қойма күрделі жөндеуден өткізіліп, мақта, мақсары және күнбағыс майларын шығаратын құрал-жабдықтар орнатылуда және жем тартатын цех іске қосылған.
Айтқандай, Жуалыда газ тарту жұмыстары да қолға алынды. Соңғы жылдары аудандағы оншақты елді мекенге көгілдір отын кіргізілді. «Алдағы уақытта аудан халқы түгелдей газдың қызығын көретін болады» дейді аудан тізгінін ұстап отырған іскер басшы Батырбек Құлакеев.
Мұрағаттан, 2015 ж