Қытаймен тұрмыс құрған қазақ қыздары көбеюде
Бүгінде қазақ қыздары түркі тілдес, мұсылман жігіттерін былай қойып, діні, ділі, нәсілі де бөлек ер-азаматтардың етегінен ұстауы жиілеп кетті. Менің таңырқайтыным бұл құбылысқа біздер «Ой, масқара, ұят!» деудің орнына, «жүрек қалауы болса кете берсін» деген сыңаржақ пікір айтуда. Менің байқағаным Қазақстанда соңғы жылдары қытай жұмыскерлерімен тұрмыс құрған қазақ қыздарының саны арта түскен. Түркия елінің азаматтарына да жармасушылар көп. Тұрмысы нашар, үлде мен бүлдені аңсаған кейбір қыздарымыз қалтасы қалың шетелдікке ата-ана, ағайын-туыстың қарсылығына қарамастан тұрмысқа шығуды еш әбестік санамайды. Бейресми дерек бойынша 2013 жылдың өзінде 8 мың қазақ қызы шетелдіктерге күйеуге шығыпты.
Жаттың құшағында кеткен қаракөз қыздарымыздың тағдырларына үңілсеңіз сан қилы. Дүниенің түпкір-түкпірінде өзге ұлттың ұрпақтарын көбейтіп отырған қыздарымыздың бақыттан басы айналып жүргендері некен саяқ. Өйткені ғаламтордан, басылым беттерінен шетелдік күйеуінен азап шегіп, зорлық көріпті, ажырасып кетіпті дегенді жиі оқимыз. Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Бақытын жаттан іздеген қазақ қыздарының сезіміне, шешіміне шектеу қоя алмаймыз. Алайда аралас некеден дүниеге келген жиендердің қазақ жұртшылығы үшін емешегі езілмесі анық. Тіпті, қазақ тілін, салтын, мәдениетінен мақұрым болмай ма? Ал Ресей, АҚШ, Франция, Мексика, Австралия, Қытай секілді елдерге келін болған қыздың ертеңгі күні өз дінінен, тілінен айнымасына кім кепіл?!
Жақында Израиль елі қытайлықтардың еврей қыз-келіншектеріне үйленуіне, сөз байласуына тыйым салыпты. Яғни билік Израиль компаниялары қытай жұмысшыларымен келісімге келгенде, қытайлықтардың жергілікті еврей қыздарымен үйленуіне рұқсат етпейтінін, өйтпегенде олардың елден қуылатынын ресми түрде мәлімдеді. Өз қыздарын өзгеге қимайтын еврейлер ғана емес. Жапондықтар өзге ұлт өкілдеріне қыздарын бермейді, ата-баба салтынан, заңнан аттаған, өзге ұлт өкілінің етегінен ұстаған қызды елден аластату қағидасы оларда бағзыдан бар. Шетелдіктерге жар болған қыздарымыздың проблемасы біздің елде де соңғы кездері көтеріліп жүр. Алайда демократиялы мемлекет болғасын «қалыңдық экспортын» азайтатын оңтайлы шешім әлі айтылмады.
Қыз баланы сыйлап, төріне шығарудан басқалар үлгі аларлықтай ел едік. Енді бізге өз елінің қыздарын сыйлауда Израиль, Жапония секілді мемлекеттерден үлгі алу керек секілді. Күннен күнге шетел асып жатқан қалыңдықтарды азайтып, қаны таза қара домалақ қазақтың балаларын көбейту үшін бізге де шетелдіктерге тұрмысқа шығуды заңмен шектеу қажет шығар.
Сүлеймен Қарабасов, Шымкент қаласы
Мұрағаттан, 14.05.2015 ж