Қазақстанда көпұлттылық мақтаныш па?

Oinet.kz 24-04-2019 2868

2018042705043630-640x354.jpg

Қазақстан – унитарлы, зайырлы мемлекет. Оған ешкімнің дауы жоқ. Сондай-ақ әлем елдері танып келе жатқан жас Қазақстанды көпшілік көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекет ретінде де танып келеді. 

Әлемде бір ғана ұлттан немесе бір ғана дін өкілдерінен тұратын мемлекет жоқ. Қай елді алып қарасаңыз да мемлекет құраушы ұлттан бөлек көптеген халықтар өмір сүреді. Сөйте тұра олар өздерін көпұлтты мемлекет екендігін қайта-қайта жариялай беруге құмар емес.  Ресми мәліметтер бойынша 2014 жылы  Қазақстанда халық саны 17 миллион 207 мың адамға жеткен. Оның 11 миллионы қазақтар. Бұл жалпы жұрттың 65,2 пайызын құрайды. Бұдан соңғы ең ірі халық – орыстар-- 21,8 пайыз,  өзбектер – 3, украиндар – 1,8, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немістер – 1,1 пайыздай. Қазақты қосқанда осы азды-көпті он халық – бүкіл республика жұртының 96,7 пайызын құрайды. Сонда қалған 130 ұлт пен «ұлыстың» үлесі – 3,3 пайыз ғана болып шықпақ. Бұлардың ішінде саусақпен санарлық қана, тіпті, екі-үш-ақ кісіден тұратын «ұлттар» мен «ұлыстар» бар. Мәселен 5 чукча, 4 нивх, 3 нганасан, 2 юкагир, 1 айн деген сияқты. 

Қазақтың қабырғалы жазушысы Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақсыз Қазақстан»  атты мақаласында: «Қазақтың есептен шығарылуының, бұрын болмаған мемлекетінің қазір де елесі жоғының ең айқын мысалы – «Бір жүз қырық ұлт» теориясы. Мән-мағынасы: қазақ – атаулы республика шегіндегі жеке-дара жұрт емес, осы елде «шат-шадыман тұрмыс кешіп, ынтымағы жарасқан» 140 халықтың қатарындағы қауым деген ұстаным. Қазақ – өз ата-жұртында мемлекет құрушы, жетекші халық емес, көптің бірі деген сөз. Әлбетте, Қазақстан азаматы саналатын адам атаулы ұлтына, нәсіліне қарамастан, тең құқықты. Және бұл теңдік қазаққа да тиесілі. Азаматтық тұрғыда кісінің кісіден артықшылығы жоқ. Бірақ бұл арадағы кілтипан – байырғы жұрттың ұлттық статусы туралы. Сен – жер иесісің, әрі басқалармен салыстырғанда, өлшеусіз көпсің. Алайда ата-баба мекенінде тұрғаның есеп емес, ал көптігің – елеусіз жағдай екен. Елеусіз ғана емес, қажетсіз, тіпті қатерлі кілтипан. Егемен өкіметімнің ұғымынша, қазақ өзінің өгей отанында көпшілік болмауға тиіс»,- дейді.

Әлдебіреулерді алалап, бөле-жарудан аулақпыз, әйткенмен Қазақстанда тұратын онсыз да аз халықты ұлт-ұлтқа, ұлыс-ұлысқа жіліктеуден, көпұлтты екенімізді мақтан етуден ұтарымыз қайсы, ұтыларымыз қайсы? Бұған сіз не дейсіз?

 

Марат Уатқан, қоғам қайраткері, тарихшы:

«Қазақ мемлекет құрушы ұлт»

-Біз - унитарлық, яғни бір ұлтты мемлекетпіз. Өзінің дербес мемлекеті бар халық қана ұлт аталады. Бүгінгі жайнаған Қазақстан Республикасының бастауы - Қазақ хандығы. Қазақ хандығы 1456 жылы Жәнібек пен Керей хандардың бастамасымен, тарихи нақты емес деректер бойынша, 46 тайпаның бірлесуі арқылы Ақордадан бөлініп шығу арқылы өмірге келді.  Ал қазақ атауы - мемлекеттік құрылымның атауы түрінде дүниеге келгендіктен, және біріншілік принципі бойынша, тайпалар бірлестігінің мүшелері қазақ аталып, мемлекет құрушы ұлт болып қалыптасты. Сол себепті, бүгінгі Қазақстан бірұлтты (унитарлық) мемлекет. Ол даусыз. Ал, елімізде тұратын басқа да этникалық топтар - қазақ ұлтының құрамдас бөлігі есептелетіні болмаса, дербес ұлтқа есептелмейді. Бұл тұрғыдан қарағанда, ұлт атауы өзінің мемлекеттік құқықтық мәнінде дұрыс қолданылмай жүр.


Серік Қалымбетов, республикалық көгалдағы хоккей федерациясының вице-президенті:

«Жоқ жерден жаңалық ашып алдық»

-Ресми мәліметтерге келсек, бізде 130 астам ұлт өкілдері бар деп жатады. Осы орайда, негізі мемлекеттік саясатқа ұлт өкілдерін ұлғайтып көрсету бүгінгі ұлттық саясаттың олқылығы мен кем-кетігін жуып-шаюдың амалы. Айталық  ана тілін қатаң қолға алу үшін, басқа ұлт өкілдерінің ерекшеліктерін ескеру дегендей ақталу тәсілдері қолданылуда. Жалпы еліміздегі  Қазақстан халқы Ассамблеясының түкке керегі жоқ деп есептеймін. Мұндай ұйым әлемде бірде бір интернационал  мемлекетте жоқ. Ал біз жоқ жерден жаңалық ашып ассамбеля құрып алдық. Бұл жалтақ биліктің амалы. Ұлттардың санын көбейтіп, оларды өзгеге тату-тәтті етіп көрсету ертеңгі күні қазақтың өзінің түбіне жетуі бек мүмкін. Сондықтан қаптаған ұлттардың ішінен өз дәрежемізді жоғалтпай, тектілігімізді, ұлттығымызды сақтап қалуымыз қажет. 


Нұрлан Жазылбеков, Мәжіліс депутаты:

«Бірінші мақсат—қазақтың санын көбейту»

-Қай ұлт болсын олардың iсiне қарап баға беруге болады. Қазақстан көп ұлтты мемлекет,  біздің байлығымыз да, осал тұсымыз да осы. Сондықтан ұлт мәселесiн қозғағанда сақтықпен сөйлеп, шешім қабылдағанымыз дұрыс.  Қазақстанда халықтың басым бөлігін қазақ халқы құрағанымен өзге мелекеттермен салыстырғанда өз жұртымыздың саны  аз.  Сондықтан біздің алға қойған бірінші мақсатымыз --қазақтың санын көбейту.  Көпұлттылықтан біз жапа шегіп отырған жоқпыз. Қайта біздегі ұлттардың аралығындағы татулық дүниежүзіне үлгі болып отыр.    Ауызбiршiлiк, татулық жайлаған мемлекет ешқашан жойылмақ емес. 


Қуандық Шамахайұлы, журналист:

«Шала бүлініп жүрміз»

            -Жасанды түрде көп ұлт деп оның санын жүзден асыру унитарлық мемлекет үшін дұрыс нәрсе емес. Өзі бекіткен, халық мойындаған Конституцияны бұзу билікке не үшін қажет болғанын түсінбеймін. Онымен қоймай елде тұратын аз ғана диаспора өкілдерінің тілдерін дамытамыз деп шала бүлінгеніміз қай сасқанымыз? Үкімет бюджетінен арнайы қаржы бөліп, корей, герман тілдерінде газет, журнал шығарамыз, радиохабар таратамыз, театр ұстаймыз. Бұл да дұрыс емес. Сол жерлестеріміз өз тілдерін өздері білгілері де келіп отырған жоқ. Ресми ақпаратты қазақ немесе орыс тілінде еркін алып отыр. Саясатқа, бизнеске еш кедергісіз араласа алады. Олай болса, неге текке қаржы шашамыз? Ал, енді елде тұратын 10 қалмақтың басын қосып, оларға мәдени орталық ашып берудің, бір-екі ұлты басқаларды тізімге қосып, ұлттың санын жасанды түрде өсіру далбаса тірлік. Қазір бір ғана ұлттан тұратын ел әлемде жоқ. Бірақ, дәл біз секілді шала бүлініп жүрген ешкімді көрмейсің. Біздің бұлай етуіміздің, Қазақстан Халқы Ассамблеясын құруымыз сол аз ұлт өкілдерін шетету емес пе? "Сен қазақ емессің, бөтенсің" деп көзге шұқудан айырмашылығы бар ма? Керісінше, оларды өйтіп бөлшектегенше, "біздің жерлесімізсің, көршімсің, отандасымсың" деп бауырымызға тартып, мемлекеттік тілді меңгеруіне, олардың ел азаматы ретінде өсулеріне, қазақ мемлекетінің дамуына бар ммүкіндіктерін пайдалануларына қолдау көрсеткен абзал ғой. Ал, біздегі ұлт диаспорасын шындап санасақ, онға да жетпейді.

Мұрағаттан, 14.05.2015 ж

Қытаймен тұрмыс құрған қазақ қыздары көбеюде
Бұл «Құнанбайға» қазақ қанағат ете алмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу