Бұл «Құнанбайға» қазақ қанағат ете алмайды
«Құнанбай сағыныштан түсірілген фильм. Қайраткер Досхан Жолжақсынов бүгінде ұлттық фильм түсіруде көшбасшы болып тұр» деді «Қазақфильмнің» бас редакторы Дидар Амантай астаналық тілшілерге. Осы киноны әуенмен әрлеген композитор Төлеген Мұхамеджанов Досхан Жолжақсыновтың Құнанбайды түсіру үшін өте көп жылдар ізденгеніне назар аудартты. Ал, «Абай бермеген асты Құнанбайға өзі бергенін» Д. Жолжақсыновтың өзі қалжыңға сүйесе де айтып қалды.
Сөз жоқ, киноның тілі керемет.Жазушы, кинодраматург марқұм Таласбек Әсемқұловтың қолтаңбасы бірден байқалып, шұрайлы тілі жаныңды баурап алады. Әр сөздің астарынан ұлттық сана, тәрбие, қазақи болмысты жазбай танисың. Қайта қайта тыңдай бергің келеді. Енді таптырмайтын, жоғалтып алған асылың, сағынышың секілді.
Қоюшы-режиссер Құнанбай бейнесін сомдаған кезде М.Әуезовтың «Абай жолы» романы тұғыр болғанымен, «біз өзіміз жинаған деректермен пендеуи Құнанбайды көрсеткіміз келді» деді. Кинода бала Құнанбай, жігіт Құнанбай, «Ескі там» мектебін аштырған ағартушы Құнанбай немесе бұл жалғанның бітпейтін даулы тірлігінен жерінген қажы Құнанбайды көрмейсіз. Құнанбайдың Абайды өсірген әкелік қыры да байқалмайды.Көркем фильм Құнанбай өмірінің бір кезеңін ғана бейнелейді. Сол аралықтан пенде Құнанбайды іздеген боласыз. Алайда, Құдайдай жалғыз Құнанбайдың ізінде жүріп, күллі қазақтың болмысын көресіз. Фильмнің ерекше идеясы, жаңалығы осы болса керек.
– Бұл елді қалай билемек керек? Аталарымның барлығы би болған. Міне өзім де тізгін ұстап отырмын. Бірақ, осы қазақтың жұмбағын шеше алатын емеспін. Сәждеге басы тимеген асау ел. Жеңе алмаған жауы, бітілмеген дауы қалмаған ел. Енді міне, алапаты қашқан, базары тарқаған. Буыннан алған дерт ақыр соңында қолға қиянат болушы еді. Бос ұстасаң қамшының сабағындай қолыңды кеседі, бетімен кетсе, күшке салсаң, басыңа шығарасың. Не жөн сөзге, не тізеге көнбейтін бұл елге енді тәңірдің тезі керек секілді,–деп сұлтан Құнанбай Зере шешесіне мұңын шағады. Анасының жауабы да қандай сенімді: –Мен қайдан білемін, қалқам? Бұл қазақ –тізгін ұстағанға қарап салтын түзейтін ел. Жүріс тұрысыңнан халқың мін таппайтын болсын, әділетіңді көріп, дұшпаныңның өзі сыртыңнан қайран қалып, сүйініп тұрсын. Осындай үлгі болсаң, сөзің де өтімді болады. Менің бар білетінім осы. Біреудің нақақ қанын арқалама, қарағым!
Фильм желісі Зеренің осы ойымен жалғасқандай. Құнанбайдың жүріс тұрысына мін тақтырмайды.
Фильм басында қайын ата мен келін яғни, Қодар мен Қамқа арасындағы жыныстық қарым-қатынастың болғаны дәлелденіп, мойындалады. Билердің шариғат жолымен кескен жазасына Құнанбай еріксіз келісімін береді. Құнанбайдың әділдігі мен шешендік қыры құн дауында көрсетіліп, фильмде дала заңы баяндалады. Бұдан бөлек орыс заңына бағынып, барымташыларды солдаттарға ұстатып жіберген Құнанбай да бұл тірлігін Алланың алдындағы адалдығымен ақтап алады. Алайда, шариғат жолын, дала заңын, орыс заңын бәрін бірдей тең ұстауға тырысса да Құнанбай елге жақпай, Омбыдағы «мырзақамаққа» айдалып, қылмыстық іске жығылады. Тергеу кезінде Кенесары көтерілісіне қатынасы, көзқарасы және отаршыл қатын патшаға назы айтылады. Фильмнің осы сәтінде орысқа бодан қазақтың мүшкіл қалі, ел ішіндегі ырың-жырыңы, бітпейтін дауы, ауызбіршілігінің жоқтығы, арыз тасудан шаршамаған жұрттың аянышты кейіпі анық көрініп, жаныңды ауыртады. Құнанбайдың да амалсыз ұстанған «көп векторлы» саясатын түсінгендей боласың. Бірлігі жоқ елдің тірлігінен береке кететінін аңғарасың. Отаршыл империяның екі жүзділігі мен озбырлығына көзіңді анық жеткізесің. «Құнанбай» фильмінің қазақ киносында бұған дейін көрсетіле бермеген басты идеялық жаңалығы мен мазмұндық құндылығы осы болса керек.
Қоюшы-режиссер фильмде ұлттық ғұрып, салт-дәстүрді мейлінше көп және жан-жақты көрсетуге күш салғандай. Оның біразы сәтті шыққанымен кейбірі көңілге сан сауал тастайды. Сондай көріністің бірі «бұйда шешуге» қатысты. Осыған қатысты астаналық журналистердің сұрағына Досхан Жолжақсынов «бұл өзі Сағынайдың асында болған оқиға екен. Сол заманның бір суретшісі де (Н.Хлудов -ред)анадан жаңа туғандай ғып салған. Сол себепті қостым» деп жауап берді. Дегенмен, қарапайым көрермен ретіндегі ойымызды айтсақ, келіншек әлде қыздың беліне дейін тыр жалаңаш шешініп тастап, ашық омырауын жарқыратып, екі қолын артына байлатып, тісімен бұйда жіптің түйінін шешкені фильмдегі өзге оқиға желісіне үйлеспейтіндей. Біз әрине, бұрынғы қазақтың тойында тәнін жалаңаштап тісімен бұйда шешу бәйгесі болған немесе болмаған деп шешімді сөз айта алмаймыз. Бірақ, «Құнанбай» киносын қарар болсаңыз, ондағы елдің аузынан Алла түспейді, имам, абырой туралы көп айтылады. Жалаң бас жүрген әйел затын көрмейсіз.
Жұрт Қодар мен Қамқаның арасындағы жыныстық қатынас туралы хабарды шошына қабылдайды. Осындай иманы берік ауылдың адамдары бұйданы тісімен шешкен жалаңаш әйелдің тірлігіне айнала қоршап, күрес көргендей қызықтап қана қарап тұрады. Сонда қалай? Мүмкін қазақта осындай сорақы ойын кең етек алып, соның әсерінен қайын ата өзінің туған келінімен ойнас жасайтын жағдайға жеткен бе? Фильмде мұндай қайшылық пен салдардың төркінін ашу немесе түсіндіру байқалмайды. Қайын ата мен келіннің жыныстық қарым қатынасы қатаң жазаланады да, жалаңаш «шоуға» шапан жабылады.
Фильмде Құнанбайдың шешесі Зеренің болмысы жақсы ашылған. Тергеуге айдалып бара жатқан ұлының алдына жайдақ атпен шауып шыққан Зереге:
–Көрсетіліммен кетіп бара жатырмын,– дейді Құнанбай. – Құдайға шүкір, Алланың алдында арың таза екен,–дейді Зере. Бір ауыз сөз ғана, сол заманның, бала мен ананың тұлғалық келбетін анық ашып тұр.
Ана мен келін арасындағы сыйластықта фильм желісіне кірістірілген екен. Ұлжанның рөлін ойнаған Қарагөз Сүлейменова «Досханның әйелі болғандықтан осы рөлге мені алды, көрсетіп қалу үшін осы көріністі қойды деген сөз шықпауы керек. Өнерді таптаурын жолға түсіруге болмайды» деді тілшілерге. Қамақтағы Құнабайдың жағдайына қайғырған Зеренің көңілін аулаған Ұлжан ән салып береді. Ұлжанның әдемі дауысынан, ененің қабағына қараған бейнесінен өзге қасиеті фильмде байқалмайды. Абайдың да балалық ойы, таным-түсінігі жайында дерек аз.
Оқиға желілері қысқа қайырылып, арасына танымдық ұлттық-салт дәстүр көріністері көптеу еніп кеткеннен кейін бе, әйтеуір, көрермен көңіл шөлі «Құнанбайға» қанбағандай екі ұдай күй кешті. Дегенмен, Құнбайдың тұлғасы мен Құнанбайдың қайшылыққа толы қоғамын кино тілінде сөйлетуге, сол арқылы өткеннен сабақ аулға жетелейтін ұлтқа қажетті сүбелі еңбектің басы басталды. Құнанбай тұлғасы әлі де бірнеше киноға сұранып-ақ тұр.Бір «Құнанбайға», бұл «Құнанбайға» бүгінгі қазақ қанағат ете алмайтындай.
Руслан Ербота
Мұрағаттан, 21.05.2015