Шархан Қазығұл: «Оқудан да құладым, шұңқырға да құладым»

Oinet.kz 24-05-2019 1423

20180727010111434_big.jpg

Шархан Қазығұл, Мәдениет қайраткері, журналист:

             Менің журналистік тағдырыма әсер еткен жеке адамнан гөрі біздің үйдің қасына орналасқан пошта бөлімшесі болды. Бес жасымнан бастап осы поштаның ішінде жүрдім. Анамның жақын ағасы Демеуғазы деген кісі осында меңгеруші болып істейтін. Таңертеңгісін поштаға газет тиеген машина келеді. Кіл сары қапшыққа салынған газеттерді поштаға түсіре бастайды. Сол кезде газеттің ерекше бір спецификалық исі бар еді. Сол иіс әлі мұрнымнан кетпейді. Журналистикаға махабабатым осы иістен басталды деуге болады. Бара бара әркімнен сұрап жүріп, газеттің атауларын оқитын дәрежеге жеттім. Мектепке бармай тұрып осылайша әріптерді таныдым. Үшінші сыныптан бастап аудандық, облыстық газеттерге қысқа хабарлар жаза бастадым. Бір жылда «қысқа хабардың хас шебері» атандым.  «Шанышқы» деген сатиралық қабырға газетін шығарғанымды да ұмытпаймын. Маған ойымды жүзеге асыруға сол кездегі біздің мектептің ең жас мұғалімі Құдайберген Сұлтанбаев аға көп көмек көрсетіп еді. 

             Балалық шағым өткен Арал қаласы ол кезде керемет еді. Теңіздің толқыны қала шетіндегі мейрамхананың қабырғамен тұтас терезелеріне ұрып жататын. Теңізден шықпайтынбыз.  Шаһарда 15 кітапхана болатын, трибуналы үлкен стадион бар еді. Футбол, баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерін былай қойғанда мотобол, допты хоккейден қалалық жарыстар жүйелі өтетін. Қалалық пионерлер үйінде неше түрлі үйірмелер жұмыс істейтін. Осының бәрі менің қалыптасуыма ерекше әсер етті.  Стол теннисі, баскетбол, волейбол, коньки сияқты спорт түрлерімен көп айналыстым. Бірақ, бәрібір футбол десе ішкен асымды жерге қоятынмын. 

           1970 жылы әлем чемпионатының ең бірінші матчы КСРО мен Мексика құрамалары арасында өтті. Сол ойынды түнде теледидардан көрсетті. Бірақ техникалық себептерге байланысты дауысы шықпай қалды. Сол матчты көріп отырып мен біздің үйге футбол көруге жиналған барлық көрші балаларға комментарий жасағаным бар. Николай Озеровке қатты еліктейтінмін. Спорт комментаторы болсам деп те армандадым. Кейіннен Генрих Боровик, Валентин Зорин, Александр Бовиндерді көргеннен кейін бұл арманымнан тез жеріп кеттім. Алты жасымнан бастап қырық сегізіме дейін футбол ойнадым. Қазірде де жылына бір–екі рет ойнаймын. Техника бар, бірақ ең басты нәрсе – жылдамдық жоқ. Футболдағы жылдамдығымның жоқтығы байқалғанда мына өмірде бәрі де өткінші екенін ерекше сезінемін. 

            Алтыншы сыныптан бастап үш ай каникулда хат тасушы болып жұмыс істедім. Бір жазда 240 сом табатынмын. Күзде оқуға баратын кезде бір жылғы киімімді сатып алып, шырттай болып шыға келетінмін. Аралда Космонавтар көшесінде Куликова деген әйел тұрды. Қызы Ленинградта оқитын. Бір күні қызынан хат келіпті. Әлгі әйел үйіне кіргізіп, бір стакан шай мен бәліш берді.  Сонда бәліш деген жарықтықты бірінші рет жегенмін. Аралдың балалары үшін өте таңсық ас. Екінші хат келгенде тағы да әлгіндей бәлішке тойғызды. «Дәніккен қарсақ құйрығымен ін қазады» деген. Енді Куликованың қызынан күнде хат келсе екен деп тұратынды шығардым. Қайран, балалық-ай!

            Атам өте тік кісі еді. Мені бірінші сыныпқа өзі ертіп барды. Біздің мектепте ерлі-зайыпты Әбен және Мария Рысмахановтар бастауыш екі сыныпты қатар оқытатын. Бірі «а» сыныбын, бірі «б» сыныбын. Біздің кезімізде «ә» сыныбы болмағандығы да қазір еске түсіп отыр. Сонан мені Мария апайға жазып қойыпты. Атам мені жетектеп алды да Әбен ағайдың сыныбына әкелді. Сосын ағайға айтты: «Әй, Әбен, келін жақсы адам ғой, таласым жоқ, бірақ менің баламды еркек адам оқытуы тиіс». Осымен барлық мәселе шешілді. Обалы не, Әбен ағай мені жанын салып оқытты. Атамды қатты сыйлайтын. Алдында қызарғысы келмеген болуы керек.

             Мектеп бітірген 1973 жылы журфакқа қабылдау емтихандарын тапсырған кезімде әкем Аралдан Алматыға келіп, «Ремизовка» демалыс орнында бір жағы демалып, бір жағы маған жанкүйер болып жатты. Емтихан тапсырған сайын әкеме барып жағдайымды баяндап кетемін. Сөйтіп жүргенде ағылшын тілінен «құладым». Әкеме барайын десем қорқамын. Бармасам, тағы болмайды, Күтіп отыр. Жас коммунарлар көшесінен қозғалатын №68 автобус маршрутының ең соңғы рейсіне ақыры отырдым. Ол кезде қазіргі әл-Фараби даңғылы кәдімгі иленіп жататын қара жол болатын, сонымен келіп тауға көтерілесің. Автобус терезесінен қарасам, әкем бір жотаның басында көзін тігіп қарап тұр екен. Әкемді көріп көңілім құлазып кетті. Автобустан жылап түстім. Көзімді екі қолыммен басып ботадай боздап келе жатқанымда бір шұңқырға құлап түспесім бар ма?! Әкем жетіп келіп сұрап жатыр: «Балам, не болды, құлап қалдың ба?». Құдықтың ішінен тіл қатқаным есімде: «Иә, папа, оқудан да құлап қалдым, шұңқырға да құлап қалдым!». Осы бір күлкілі оқиға мені әкемнің ашуынан құтқарып қалды.

Мұрағаттан, 21.05.2015 ж

Бұл «Құнанбайға» қазақ қанағат ете алмайды
Меруерт Түсіпбаева: «Келін құл емес, бір үйдің өбектеп отырған қызы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу