«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Үндінің фильмдерін кезінде сүйіп көруші едік. Аудандағы жалғыз кинотеатрға үндінің киносы беріледі деген күні адам сыймай қалатын. Рас, «Кезбе», «Биле, биле», «Кек пен заң» секілді фильмдерге сол замандағы жастар еліктеп өсті. Өйткені фильмдердің тәрбиесі мықты, айтар ойы терең еді. Біз де сол киноларды көруге ынтық болдық, өз арамызда әңгіме еттік. Бірақ үндінің киносына, салт-дәстүріне табынып кеткен жоқпыз.
Бір кездері Кеңес Одағын жаулап алған сол үнді фильмдері араға біраз үзіліс салып, жасты да, кәріні де өзіне телміртетін болды. Бұл жолы ұзын-сонар сериалдарымен. Отбасылық проблемадан айналшықтап шықпайтын сол сериалдар қазақтың сана-сезімін, көзқарасын өзгертіп жатқанын әсте сезбей отырмыз. Кешкі уақыттан бастау алатын үнді сериалдарын көрмейтін қазақ отбасы кемде-кем шығар. Бес жасар баладан сол сериалдың кешегі бөлімінің не болғанын сұрасаңыз батырлар жырын айтқандай кейіпкерлердің бірін шатастырмай қаз-қалпында сізге жеткізіп береді. Ең сорақысы әсірсе, қыз балалар ойын арасында ұзын шүберектерді денесіне орап, шекесіне қызыл бояуды жағатынды шығарды. Мұндайды өз көзім талай үйден көрдім. Жақында ауылға кемпір-шалдың жағдайын сұрауға барып қайтып едім. Қара шаңырақта отырған інімнің жеті жасар қызы мен бес жасар баласының ойынына басымды шайқап қайттым. Қайсар інім сиырды қорасына байлағалы жатыр еді, анау жүрмей ығырып шығарды. Содан шыбықпен малдың арқасынан бір екі періп қалып еді, анадай жерде ойнап жүрген қызы мен ұлы жетіп келіп сиырды ұрмашы, ұрмашы деп шырылдап жыламасы бар ма. Мына көріністі көріп Аягөзден неге жылағанын сұрап едім «сиырды ұруға болмайды, ол киелі, қасиетті жануар. Оған былай тағзым жасау керек» деп екі қолын теңестіріп еңкейе кетті. Жеті жасар қыздың мына қылығына амалсыз жағамды ұстадым. Ал інім болса жайбарақат «бұлар сиырдың мойнына түрлі-түсті гүлдерді тағып ойнайды кейде» деп мәз болып тұр. Кейіннен білсем олар ауылдағы сиырларын Ича, Вир деп атайды екен.
Міне, үнді сериалының біздің бүлдіршіндерге беріп жатқан тәрбиесі. Біз, ересектер мейлі, ненің ақ ненің қара екенін ажыратып, ұлттардың салт-дәстүрін, наным-сенімін айыра аламыз. Ал бала ше? Олар көргенін қайталайды емес пе? Бүгінгі бүлдіршін ертеңгі жастар болашақта қазақтың дәстүрін ұмытып төрт қолды мүсінге табынып, сиырды пір тұтып жүрсе бұл қасіретке кімді кінәлаймыз, ағайын!
Жақсылық Айтуғанов,
Оңтүстік Қазақстан облысы