Қазаққа алғыс айтатын күн... Мұны арнайы мереке етіп бекіткен дұрыс па?
Қазақстанды уақтысында тарихшылар «халықтардың лабораториясы» деп атады. Бұл сөз тегін айтылмаған. Өйткені Қазақстан Кеңес үкіметінің, одан әргі Патшалық Ресейдің солақай саясатын жүзеге асыратын орынға айналды. ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне ішкі Ресейден көптеген шаруалар күштеп қоныстандырылды. Өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бастап Кеңес үкіметі көптеген ұлттар мен ұлыстарды түрлі себептермен ұлан-ғайыр қазақ жеріне жаппай көшірді. Мәселен 1936 жылы Украина мен Польша шекарасынан бір ғана Қарағанды облысына мыңдаған немістер мен поляктар жер аударылды. Ал 1937 жылы елімге кәрістерді әкеліп қоныстандырды. Жаппай жер аудару соғыс жылдары да тоқтаған жоқ. 1943-1944 жылдары қарашайларды, қалмақтарды, шешендерді, ұңғыштарды, еврейлерді, Қырымда тұратын татарларды, гректерді, армяндарды, болгарларды құтты мекенін айырып, қазақ жеріне күштеп көшірді. Бір сөзбен айтқанда «сатқын», «халық жаулары» саналған көптеген ұлт өкілдері кең байтақ қазақ жерінен пана тапты.
Отанынан жыраққа кеткендердің бөтен елде қалай, қайтіп өмір сүретіндеріне билік басын ауыртпады. Бір-екі түйіншегімен далада қалған татар, кәріс, шешендерді қазақтар далада қалдырған жоқ. Керісінше ашаршылық, соғыстан азып-тозып отырған халқымыз аядай баспаналарына өзге ұлттарды кіргізіп, бір үзім нанын бөліп беріп отырды. Әрбір қазақтың отбасы осылайша жер аударылғандарды қаңғыртып жібермей жүрегінің кеңдігіне, көңілінің дархандығына сыйғыза білді. Ежелден қонақжайлылығымен, бауырмалдығымен атағы шыққан қазақтартағдыр талайымен қиын жағдайға тап болған халықтардың алғысына бөленді. Бертінде сталиндік режимнің салқыны басылған соң жер аударылған халықтардың біразы өз отандарына оралды. Алайда көпшілігі қазақ жерін жерсініп, халқымызға сіңісіп кетті.
Қазір Тәуелсіз Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елімізде тұратын көптеген ұлттар қазақ халқының дархандығы үшін, қиын кездерде қол ұшын созған кең пейілдігі үшін алғыс айтады. Қазақстан сан ұлттардың құтты мекеніне, әлем мойындаған татулық пен тыныштықтың ордасына айналды. Осы ынтымақтың көрінісі ретінде ұлттардың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін енгізу туралы жақында Елбасының өзі көпшілікке ұсыныс тастады. Яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының "Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр" тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Назарбаев осындай пікір білдірді.
-Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан, әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды - киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, жұмыс істей бастады және бізге өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым , - деді Президент жиында. -- Аталмыш мерекені Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде - 1 наурызда немесе басқа уақытты қойса да болады. Бастысы - барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді, - деді сөзінің соңын түйіндеген мемлекет басшысы.
Жиырмасыншы ғасырдың ортасында жер аударылғандардың ұрпақтары бүгінде бейбіт елде өмір сүріп отырғандығы үшін қазақ халқына алғыстары шексіз болар. Алайда осыны мереке етіп бекіту қаншалықты дұрыс?
Серікқазы Кәкібаланов, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры:
«Көктемде тойлансын»
-Мұндай мереке елімізге қажет-ақ. Себебі қазақ жеріне сұрапыл соғыстың алдында да кейінде кім келіп кім кетпеді. Соның ешқайсының ата-бабамыз көңілін қалдырып, шеттеткен жоқ. Керісінше бауырына басып, киім беріп, ас, тамағын бөліп берді. Мысалы соғыс жылдары менің әжем екі бала асырап алған. Оның бірі неміс болса, екіншісі ингуш еді. Міне, жалғыз менің әжем емес сол заманда қазақтың әрбір анасы, әрбір отағасы осылай жер аударылғандардың балаларын мейірімге бөлеп, өз немерелерінен кем етпей өсірген. Қазақтың дархандығының арқасында өзге ұлттар талабы қатал заманда аман қалып, ұрпақтары бүгінгі бейбіт өмірге жетті. Бұл саяси оқиғаға тарих деп қана қарамау қажет, бұл ұлтымыздың адамгершілігінің көрінісі. Сондықтан бұл мереке қазақтың осы бір мәрттігін, азаматтығын, мейірімділігін еске алып отыратын күн болар еді. Мейрам көктем мезгілінде тойланғаны дұрыс деп есептеймін.
Абдулла Бахадыр, теолог:
«Мерекенің берері көп»
-Сталиндік репрессия кезінде көп халық жер аударылып Қазақстанға қоныстандырылған еді. Қазақ халқының айрықша ерекшелігі де сонда, тар үйінің жартысына соларды қоныстандырып, өзі аш болса да қиын кезеңде нанын, суын бөлісті. Осыны естен шығармау үшін, өзгелердің мейірім мен қамқорлық сезімін ояту үшін бұл мерекені тойлауымыз қажет. Әлемде қазақтай қонақжай, қазақтай меймандос, қазақтай кеңпейіл ұлт кем. Сондықтан мен бұл бастаманы қолдаймын. Мәңгілік қазақ елі боламыз десек, өз тарихымызды ұмытпауымыз қажет және ерліктерімізді паш етіп, басқа мемлекеттерге осы мерекелер арқылы үлгі етсек деймін. Өз тағдырын қазақ елімен бірге жасаймыз дейтін басқа ұлт өкілдеріне де аталмыш мерекенің берері көп.
Алмат Исаділов, аудармашы, ақын:
«Бірлік күніне қосқан жөн»
-Қазақстан Республикасында ұлттарды жақындастыратын мерекелер баршылық. Мәселен 1 мамыр--Қазақстан халқының бірлігі күні. Дәл осы мерекеде елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдері мәз-мейрам болып, ұлттық тағамдарын әзірлеп, киімдерін киіп, Қазақстан секілді қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мекенде ғұмыр кешіп жатқандарына, ұлтымызға алғыстарын жаудырып жатады. Сондықтан ұлттардың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін арнайы күнге белгілеудің қажеті жоқ деп санаймын. Тек мұны Қазақстан халқының бірлігі күні аясында атап өткен жөн шығар. Яғни осы мерекенің бір атрибуты ретінде енгізуге болады.
Бастар Есқараев, Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы:
«Қазақ жерін қимайтындар көп»
-Елбасының бұл жаңалығы мені ойландырды. Расымен, өзі жемегенді қонағына жегізетін, төріне шығаратын қазақ кімді қабылдамады кең байтақ қазақ жеріне... осы күнге дейін қаншама ұлттар біздің елге қоныстанып, бүкіл ғұмырын кешіріп жатыр. Соңғы кездері біреулер өзінің елін аңсап кетіп жатса, біреулерінің "осы жерден өлігім шығады» деп, қазақ жерін, қазақ елін қимай жүргенін өзім талай көрдім. Елбасының ұсынысын толық қолдаймын! Күнделікті күйбең тірлікте бұған көңіл бере бермейтініміз рас. Бірақ, орынды және маңызды ой! Егер ұсыныс заң жүзінде қабылданып жатса, бұл қазақ халқы үшін де өзге ұлт өкілдері үшін де үлкен, маңызды мереке болайын деп тұр.
Дерек пен дәйек:
1946 жылы КСРО-да жалпы жер аударылғандар саны 2 463 940 адамға жетті (ал басқа деректерде 2 826 419 адам). Олардың 1 миллион 200 мыңы Қазақстаннан пана тапқан.