Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Отбасыммен Алматы қаласының орталығындағы үш бөлмелі пәтерде өмір сүріп жатқанымызға он жылдан асып қалды. Бірақ, көршіге жарымай-ақ қойдым. «Алыстағы ағайыннан жанындағы көршің артық» деуші еді. Алайда менің көршілерім адамдармен қалай араласуды, қалай сыйласуды білмейді. Қарама-қарсы пәтерде тұратын көршімнің бойжеткен қызы мен ержеткен ұлдары бар. Таңның атысымен музыканы бақыртып қойып, жұртқа не ұйқы, не тыныштық бермейді. Кеш батқан соң тағы да осы көрініс. Өз іштерінде де жиі ұрыс-керіс болып, дауыстары бүкіл подъезге естіледі. Балалардың өздеріне және ата-анасына бірнеше рет бесіктегі сәбиімнің бар екенін айтып, музыканың даусын бәсең қойсын деп ескерттім, бірақ, өтініміше сөзіме құлақ асар емес. Көрген жерде әйтеуір амандасып өтетін анасы: «музыканы сенің үйіңе барып қойып жатқан жоқ, бізде не шаруаң бар?» деп өзіме зекіп тастады. Ол аз болғандай төменгі қабаттағы көршім сағат сайын есігімді қағып, мың түрлі зат сұрайды. «Ананы бере тұр, мынаны бере тұр» деп мазамызды алады. Жарайды көрші ғой деп сұрағандарын беруге тырысамын. Сонда да кейде шектен шығып, түннің ортасында есікті қағып тұрады. Олармен бажылдасып, бет жыртысып, өзге көршілердің тыныштығын бұзғым келмейді. Бірақ, қос көршім жұмсақтау айтылған сөздің қадірін түсінбей, басымызға шығып алды. Құдай қосқан көршілеріммен қарым-қатынасты жақсарту үшін не істесем болады?
Сағила Бердіқұлова,
Алматы қаласының тұрғыны.
Психологтан кеңес:
Үйіңізге қонаққа шақырыңыз
Көршісімен қоян- қолтық, тонның ішкі бауындай араласатын, шәй сұраса май қосып беретін, кең пейілді, дархан жүректі қазақпыз ғой. Бүгінде көршілерімен араласпақ түгілі амандаспайтын, бір-бірін танымайтын адамдар көп. Тіл табыса алмай соттасып жатқандары да баршылық. Көршімен тату тұрмау бұл біздің халыққа тән қасиет емес. Сіздің көршілеріңіздің кері әрекетіне қарамастан олармен ұрысуды қаламағаныңыз өте дұрыс шешім. Өйткені ұрыс бар жерде береке болмайды. Екі көршіңізбен де қарым-қатынасты бұрынғыдан да күшейте түсіңіз. Үйіңізге қонаққа шақырып, жақынырақ әңгімелесіңіз. Әңгіменің қызған тұсында музыканың дауысын бәсеңдетуді сөз арасында айтып қойыңыз. Аздап алдауды да үйреніңіз. Олардың үйлеріне арыз айта бармай әңгіме-дүкен құруға, қуанышыңызды бөлісуге жиі бас сұғып тұрыңыз. Есіңізде болсын, айғай-шумен немесе араға біреулерді салып мәселеңізді шеше алмайсыз. Себебі көршіңізбен күн сайын бет көрісіп, кейбір мәселелерді бірге шешуіңіз мүмкін. Сол себепті көршілерінің қандай болса да олармен жақсы қарым-қатынас жасаудың, сыйласудың кілтін тілін таба біліңіз.
Лаура Баймаханова, психолог